Бүйрек және бүйрек астауының ауруы

  Аурулар

Бүйрек және бүйрек астауының созылмалы қабынуы дер кезінде емделмеген жағдайда ол созылмалы болып кетеді. Бұл — баладенсаулығы үшін өте қауіпті. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүйректің организмде атқаратын қызметі орасан зор. Қабыну салдарынан бүйректің қызметі бұзылады, сөйтіп бүкіл организмде болып жататын процестер өзгереді. Бүйректің созылмалы ауруына көбінесе жас кезінде мешелмен (рахит), қызамықпен, қызылшамен, көкжөтелмен және тағы да басқа дерттермен ауырған балалар жиі ұшырайды.

Бұл ауруға ұшыраған баланың өңі бозғылт, көңіл күйі төмен болады, әлсіз әрі шаршағыш келеді. Тез ашуланады, тамаққа да тәбеті болмайды. Кейбір кездері бүйірі шаншып, іші ауырады, кіші дәретке жиі-жиі отыра береді. Кешке, түнде денесінің қызуы көтеріліп, жүрегі айниды, құсады. Басы ауырғыш келеді, көзінің алды ісініп, көгереді. Зәріне ақ және қызыл қан түйіршіктері араласады, зәрдің түсі қызғылт тартады.

Әрине, бұл аурумен науқастанған баланы айлап, жылдап емдеу керек. Ол үшін науқас баланың да, оның әке-шешесінің де төзімділігі қажет. Бүйрегінің созылмалы қабынуы бар балалар диспансерлік есепке алынып, жылына бірнеше рет дәрігерлік бақылаудан өткізіледі. Қанының, зәрінің, үлкен дәретінің де анализі алынады.

Бүйректің созылмалы қабынуы кезінде бала қатты әлсірейді. Оның қорғаныс күші нашарлап, микробтарға қарсы күресу қабілеті төмендейді. Бұл жағдайда микробтар өсіп-өніп көбейеді де, қан арқылы басқа органдарға, сонымен қатар бүйрекке де жетеді.

Ауру бүйрек нашарлап, қан айналысы мен зәр шығару қызметі де өзінің ролін бұрынғыдай атқара алмай тұрған кезде микробтар мейлінше көп шоғырланады да, одан бетер өсіп-өне бастайды. Бұл аурудың асқынуына жол береді. Дәрігердің бала тісінің жегісін, баспасын, тағы басқа ауруларын тездетіп емдету керектігін мұқият ескертіп отыратын себебі де сондықтан.

Бұл ауруға қарсы көп жағдайда дәрілік өсімдіктерден жасалған тұнбаларды ішудің пайдасы мол. Халық медицинасында бүйрек қабынуына қарсы мынадай өсімдіктер кеңінен қолданылады. Мысалы: қара алқа шөбін жүгерінің аналық қауызымен, қызылтаспамен, қырық буынмен және бояғыш ойрашөппен қосып қайнатып ішкізуге болады.

Зирек тамырын суға қайнатып беру керек. Көктеректің көктемде өспей қалған бүрлері мен еркек сырғагүл бүрлерін, олардың желімдерін өте шайырланып тұрған кезінде пайдаланса, қуықтың қабынуын жазуға септігі мол.

Бүйрек қабынғанда ондағы қан тамырларының қызметі нашарлайды, сөйтіп бұл органға белгілі мөлшерде қоректік заттардың келуі қиындайды, осының салдарынан бүйрек ренинді көп бөле бастайды. Көп бөлінген ренин қан қысымын арттырады. Ал қан қысымының артуы басқа органдардың қызметін бұзады.

Баланың басы ауырып, көңіл күйі нашарлайды. Селқос жүреді. Күннен-күнге басының ауырғаны күшейе түседі, жүрегі айнып, лоқсиды, кейде құсады, тамаққа тәбеті болмайды. Жолдастарымен көп араласпайды. Сабақ оқуға қабілеті төмендеп, басының қатты ауырғанын айтып, жатып қалатын кездері жиі кездеседі.

Бұл қан қысымының жоғарылай бастағанының белгісі. Қан қысымын реттейтін дәрілер ішкенімен де, олардың пәлендей әсері болмайды. Сондықтан да қан қысымының көтерілуіне себеп болып отырған бүйрек ауруын дұрыстап емдету қажет. Баланың үйдегі күтімінің дұрыс болуын ата-анасы қадағалап отыруы керек.

Науқас баланың көңіл күйінің әрқашан көтеріңкі, сергек жүруіне күш салып, оны ешкім жәбірлемеуге көңіл бөлінгені дұрыс. Жеке бас гигиенасының сақталуын қадағалап, бөлмесінің таза болуына, күн сайын дымқыл шүберекпен сүртіліп отыруына назар аудару керек. Сондай-ақ науқас бала жататын бөлмеге күн сәулесінің молырақ түсуін ескерген және ауасын мезгіл-мезгіл тазартып отырған жөн.

Сырқаттанған баланың таза ауада молырақ жүргені және дене шынықтырумен, жаттығулармен (гимнастикамен) шұғылданғаны да пайдалы. Әрине, жеңіл дене еңбегімен айналысқаны да жақсы.

Ал ауыр жұмыспен шұғылдану және спорт жарыстарына қатысу — ауруды асқындырып жібереді. Аурудан толық айыққанша спорт жарыстарына, ауыр жұмыс істеуге тыйым салынады. Бүйрегі ауырғандар диспансерлік есепте тұрады, оларға белгілі уақытқа дейін вакцина егілмейді, бірақ мектептегі дене шынықтыру мен қол еңбегінің жеңіл түрімен айналысуына рұқсат беріледі. Физкультура мұғалімдері бүйрегі ауыратын оқушыларға арнап дене шынықтыру мен жаттығулардың науқас балаларға қиын тимейтін түрлерін таңдап алулары қажет.

Кейбір оқушылардың: «Менің бүйрегім ауырады, дәрігердің бақылауында диспансерлік есепте тұрамын, маған дене шынықтырумен айналысуға болмайды» деп сылтаурататындары бар. Кез келген науқас оқушы дене шынықтырумен, қол еңбегімен айналысуы тиіс. Бұл науқастан тезірек айығуға, көңіл күйдің көтеріңкі, дененің ширақ болуына және басқа аурулармен ауырмауына мүмкіндік жасайды.

Организмнің қорғаныс күшін молайту мақсатымен санаторийлерге, курорттарға баруға болады. Кейбір ата-аналардың баласы ауруханадан шығар-шықпастан курортқа жолдама алдық, курорт қағазын толтырып беріңіз, деп маза бермейтіндері кездеседі. Сондықтан әрбір ата-ананың ауруханадан жазылып шыққан баланың үйде 5—6 ай бойы жақсылап күтінуі керектігін білгені артық емес.

Бүйрек пен несеп жолдарының тасы және созлмалы бүйрек аурулары.

Несеп мүшелерінің аурулары жайлы біз не білеміз.

Бүйрек және Бүйрек үсті безі туралы ақпарат.

Бүйректің қабынуының сипаттамасы және белгілері.

Пікір қалдырыңыз