Дизентерия

  Аурулар

Бұл көбінесе жаз айларында болатын, ішектің жұқпалы ауруы. Оның негізгі белгісі — іш өту. Аурудың қоздырғышы микробтың ерекше бір түрі — шигелла. Қоздырғышты алғаш рет ауру адамның нәжісінен жапондық дәрігер Шига тапқанқандықтан, сол кісінің атымен атаған.

Аурудың қоздырғышы сумен, жуылмаған көкөніспен, жемістермен және лас қолдан жұғады. Шыбындар да аурудың қоздығышын таратушылар болып саналады. Дизентерия кезінде адамның іші жиі өтеді, кейде бұл жағдай тәулігіне қырық ретке дейін қайталануы мүмкін.

Тоқ ішектің қабынуынан оның шырышты қабығы зақымданады, бұл кезде сұйық нәжіске қан араласады. Дизентериямен ауырғанда адамның асқа тәбеті болмай, басы ауырады, әлсірейді, бұлшық еттері мен іші ауырады, дене қызуы көтеріледі. Бұрын дизентериядан адамдар өте көп өлген.

Ал қазіргі кезде бұл ауру ондай қауіпті емес, дер кезінде емделсе, адам жазылып кетеді. Сондықтан, аурудан сақтану үшін, жазғы уақыттарда таза қайнатылған су ішіп, ал көкөністер мен жеміс-жидектерді жуып жеу керек.

Дизентерия (іштен қанды жалқық өту) — өте ерте заманнан белгілі оның ауру қоздырғышы сыртқы ортаға төзімді, ылғалды топырақта бірнеше ай, ал суда 100 күндей, жеміс-жидекте, нанда 2 аптаға жуық тіршілік ете алады. Ал тікелей түскен ,күн сәулесінен, фенол мен хлорамин ертінділерінен, ыстықтан тез қырылады, Ауру жаз бен күз айларында көп тарайды, жылдың басқа мезгілдерінде де кездесе береді.

Дизентерияның ауру қоздырғышы ауру адамның үлкен дәретінен таралады. Ауру қоздырғышпен ластанған тамақты, суды пайдаланған сау адам (бала) ауыруы мүмкін. Тамақпен бірге асқазанға түскен ауру қоздырғыштар одан әрі аш ішек пен тоқ ішекке өтеді. Қарын сөлінің әсерінен біразы асқазанда, біразы аш ішекте қырылады, бірақ өздерінен улы заттар бөліп шығарады. Бұл улы заттар қанға өтеді. Өлмей тірі қалған ауру қоздырғыштар тоқ ішекке жетеді де өніп-өседі, оны зақымдайды. Қан құрамына өткен улы заттар нерв жүйесін зақымдап, оның қызметін бұзады.

Егер сау баланың қорғаныс күші мықты болса, онда оның ауырмауы мүмкін, ал баланың қорғаныс күші аз болса, ауырып қалады.

Ауру қоздырғыш бала организміне түскеннен сырқаттың алғашқы белгілері білінгенге дейін 12 сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді.

Көп жағдайда ауру бірден басталады. Баланың жағдайы күрт нашарлап, реңі бозғылт тартады, басы ауырады, лоқсып құсады, оқтын-оқтын іші бүріп ауырады. Уақыт өткен сайын іштің ауырғаны жиілей береді. Қызуы көтеріледі, тамаққа тәбеті шаппайды, жата бергісі келеді. Ал жас нәрестелер шырқырап жылап, мазасызданады. Көп ұзамай ауырған баланың іші өте бастайды, сонан соң қанды жалқық өтеді.

Бала әлсірей береді, ішінің ауырғаны да жиілейді, жаны күйзеліп, маңдайынан суық тер шығады. Еріндері кезеріп, тілі кеуіп, қатты шөлдейді, өңі боп-боз болып кетеді. Алғашқы күндері баланың нәжісіне қан араласса, кейінірек тек қанды жалқық өтеді, ара-арасында іші қатты бүріп ауырып, үлкен дәретке отырғысы келе береді, бірақ үлкен дәретке отыра алмай қиналады. Уақыт өткен сайын баланың денесі ауыр тартып, дел-сал болады.

Аурудың жеңіл түрі кезінде бала онша қиналмайды. Денесінің қызуы сәл ғана көтерілуі, кей жағдайда тіпті көтерілмеуі мүмкін. Бірақ іші бүріп ауырады, ұйқысы бұзылады. Іші күніне 4—6 реттей өтіп, нәжісіне жалқық, кейде аздаған қан араласуы мүмкін. Науқас бала дер кезінде емделсе, 5—6 күн ішінде жазылып кетеді.

Дизентерияның ауыр түрі кезінде баланың жағдайы қатты нашарлайды, әлсіреп орнынан тұра алмайды. Басы айналып, жиі құсады. Қан қысымы төмендейді. Температурасы қатты төмендеп, аяқ- қолы суынады, ерні, мұрны, саусақтары көгереді. Іші кеуіп, дем алысы нашарлайды. Еттері тартылып, көзі аларып есінен танады.

Егер дер кезінде дәрігерлік толық көмек көрсетілмесе, бала өліп кетуі мүмкін. Мұндайда ауырған баланы тездетіп жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханаға жатқызады да, оған жедел түрде дәрігерлік көмек көрсетіледі. Ауырған баланың үйі 7 күн бойына дәрігерлік бақылауға алынады. Науқас баланың ұстаған заттарын, ыдыс аяқтарын, көрпе-төсектерін, киім- кешегін, бөлмесін дезинфекциялайды.

Емшектен ерте шығарған, мешелмен, экссудативті диатезбен және суық тиіп көп ауырған, жүдеп-жадыған (гипотрофия) балалар дизентерияға бейім келеді. Өйткені мұндай балалардың ауруға қарсы тұру қабілеті төмен болады.

Дизентерияны «лас қолдың ауруы» деп тегін атамаған. Сондықтан одан қорғану үшін тазалықты қатаң сақтау керек. Жеміс-жидектерді, көкөністерді балаға берер алдында ағын сумен немесе қайнаған сумен жақсылап жуған дұрыс. Сүтті міндетті түрде пісіріп беру керек. Нанды магазиннен арнайы дорбаға салып немесе орап әкелген жөн.

Жас нәрестелердің емізігін қайнатып, жуып, беті жабық ыдыста сақтау керек. Ойыншықтарды сабындап ағын суға немесе қайнаған суға жуу қажет.Бөлмені, еденді жуып, оның таза болуын қадағалаған жөн. Сырт киіммен жас бала жатқан бөлмеге кіруге болмайды.

Тамақтанар алдында, дәретханадан, даладан келгенде міндетті түрде қолды сабындап жууға, таза, ұқыпты болуға баланы жастайынан үйреткен жөн.

Тамақтың бетін ешқашан ашық қалдырмау керек. Тамақ ішіліп болысымен ыдыс-аяқты жуып, дастарқанды жинап алған дұрыс. Оларға шыбын- шіркейдің қонуына жол бермеу керек.

Асқазан-ішек ауруларын тарататын негізінен шыбын-шіркей. Сондықтан олармен үзілді-кесілді күрес жүргізу қажет. Аула қора-қопсы таза болуға тиіс. Ауылды жерлерде мал қораны үйден қашықтау орналастыру керек.

Жазда терезеге тор немесе дәке тұтып қойған жөн.

Су алатын жердің айналасының ластанбауын, оның төңірегіне мал бармауын қадағалау, егер су құдықтан алынатын болса, онда су алатын шелек ортақ болуы керек, ал құдықтың беті үнемі жабулы тұруға тиіс. Суды қайнатып ішкен жөн.

Кейбір балалардың өне бойы қолын аузына салатыны, ал кейбіреулерінің тырнақтарын кеміретіндері бар. Әрине, мұндай теріс қылыққа да жол бермеген жөн. Баланың тырнағын өсірмей алып тастап отыру керек, өйткені тырнақ астына микробтар көп жиналады.

Егер баланы жастайынан тазалыққа, жеке басының гигиенасын сақтауға бейім етіп өсірсеңіз, оның дизентериямен де, басқа да жұқпалы аурулармен ауырмайтыны сөзсіз.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Іш сүзегі негізгі айқын белгілері мен онымен күрес жолдары.

Сіреспе (столбняк) ауруының айқын белгілері мен сипаттамасы.

Полиомиелит ауруының негізгі белгілері қандай?

Тонзиллит ауруының негізгі белгілері себебі мен салдары.

Пікір қалдырыңыз