Көкжөтел

  Аурулар

Көкжөтел (коклюш) — әсіресе жас нәрестелер үшін өте қауіпті. Ауру қоздырғыш — көкжөтел таяқшалары. Олар сыртқы ортаға өте төзімсіз келеді. Сондықтан олар жел шешек, қызылша қоздырғыштары сияқты ауа арқылы тарай алмайды. Сырқат баламен бірге, бір бөлмеде болған балаларға ауру тез жұғады.

Көкжөтелге, әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар өте бейім келеді. Онымен көбінесе әлсіз, қорғаныс күші нашар балалар ауырады. Науқас бала сөйлегенде, күлгенде, жөтелгенде көкжөтел таяқшалары айналасындағы ауаға тарайды. Қорғаныс күші нашар балаға көкжөтелге қарсы егілмесе, ол осы ауамен дем алған кезде сырқат таяқшалары оның төменгі тыныс жолдарына түсіп, өніп-өсе бастайды да, өздерінен улы заттар бөліп шығарады.

Міне, осы улы заттар қан құрамына туседі. Ауырған бала алғаш аздап құрғақ жөтеледі, кейде мұрнынан су ағып, тыныс алуы нашарлайды. Сонан баланың жөтелі күннен-күнге үдеп, күшейе түседі. Науқас сәби әлсірейді, ұйқысы бұзылады, тамақ іше алмайды. Уақыт өте келе жөтелі күшейіп, дем ала алмай қиқылдап қалады. Бұлай жөтелген кезде тілі салбырап, сілекейі шұбырады, беті қып-қызыл болып домбығады, күре тамырлары адырайып, көзі қызарып кетеді.

Қиқылдап-шиқылдап бұлай ұзақ жөтелген кезде, әдетте, баланың еріндері, мұрнының айналасы, сонан соң бірте-бірте беті, тілі көгере бастайды. Аузынан шұбыра сілекей мен қақырық ағады, жөтелдің мұндай ұстамасы жиі-жиі қайталанып, баланы қатты қинайды Жөтелдің ұстамасы көбінесе кешке қарай, түнде жиі қайталайды.

Қиқылдап жөтеліп болған ауру бала қатты әлсірейді, сұлық түсіп жатып қалады, тамақ ішуден ойнаудан бас тартады. Мұрнының, еріндерінің айналасы боп-боз болып, маңдайынан мұздай тер шығады, ештеңені жақтырмайды. Көкжөтелге ұшыраған балаға тездетіп дәрігер шақырту керек.

Бұл ауру ұзақ емдеуді қажет ететін болғандықтан, баладан да, оның ата-анасынан да төзімділікті шыдамдылықты қажет етеді. Олардың дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындағандары жөн. Науқас бала таза ауада мейлінше көп болуға тиіс, Маусымның жылы мезгілінде бала күні бойы далада, таза ауада жүргені, ұйықтағаны жөн.

Ал таңертең, кешкісін мүмкіндігіне қарай өзен жағасында, бастау басында жүргені құба-құп. Қыстың күні ауру баланы жылы киіндіріп, емшектегі нәрестені жылы орап далаға шығарып тұрған абзал. Таза ауада бала аз жөтеледі, әрі жақсы ұйықтайды.

Көкжөтелмен ауырып жазылған бала онымен қайтып ауырмайды. Алайда сырқаттанып жазылған баланың қорғаныс күші қатты нашарлайды, өзі тым әлсіреп қалады. Сондықтан ондай балалар басқа ауруларға жиі ұшырап қалады.

Көкжөтелмен ауырып тұрған бала 6 ай бойына диспансерлік бақылауда болуға тиіс. Ауырған кезде науқас сәбимен бірге болған 7 жасқа дейінгі балалар 14 күн бойы балалар мекемесіне жіберілмейді, ал мектеп жасындағы жасөспірімдер осынша уақыт дәрігерлік бақылауда болады.

Көкжөтел — өте күрделі және баланың жанын қатты қинайтын ауру. Сондықтан да бұл аурудың алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Біздің елде көкжөтелге қарсы егу тәсілдері кең көлемде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде соңғы кезде балалар көкжөтелге тым сирек шалдығатын болды.

Бала көкжөтелге қарсы егілсе, ол ауруды қабылдамайды, өйткені бойында сырқатқа қарсы күшті иммунитет пайда болады. Сондықтан да әрбір ата-ана балаларына көкжөтелге қарсы дер кезінде еккізуге көңіл бөлгендері дұрыс.

Көкжөтел — көбінесе 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Бұл аурудың ең негізгі белгісі — жөтел. Адам ағзасында жөтел маңызды орын алады. Себебі, адам жөтелгенде, көмей мен кеңірдек тарамында (бронх) жиналған қақырық пен бөгде заттарды сыртқа шығарады.

Бірақ, балаларда қауіпті ауру тудыратын жөтел де кездеседі. Осындай ауруды — көкжөтел деп атайды. Ауру ұстама жөтел түрінде дамиды. Әуелі бала әлсін-әлсін жөтеледі. Бірте-бірте жөтелі күшейіп, жиі ұстағанда бала булығып қысылады, оның еріні және терісі көгеріп кетеді.

Аурудың қоздырғышы — бактерия — ауру адамның демі мен қақырығы арқылы тарайды. Ауру таратушы бактериялар көмейдің шырышты қабаты мен кеңірдекті тітіркендіретін улы зат бөліп шығарады.

Көкжөтелде ұстама жөтелдер өте көп қайталанады, кейде тәулігіне жүз ретке дейін қайталануы мүмкін. Ауру асқынып кетсе, бронхитке, өкпенің қабынуына айналады.

Көкжөтелмен ауырған баланы сау баладан бөлек ұстау керек. Ауру баланы қалалық көлікпен алып жүруге болмайды. Бала аурудан әбден айыққанша, дәрігердің бақылауында болады. Көкжөтелге қарсы вакцина егу баланы аурудан қорғайды, ал ауыра қалғанның өзінде жеңіл өтеді.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Өкпенің қабынуы сипаттамасы және негізгі белгілері.

Бронх демікпесінің (бронхиальная астма) сипаттамасы.

Тонзиллит ауруының негізгі белгілері себебі мен салдары.

Дизентерия ауруының сипаттамасы және себебі.

Пікір қалдырыңыз