Оба

  Аурулар

14-ші ғасырда бүкіл Еуропаны, Азия мен Солтүстік Американы оба індеті жайлап алғанда, сол кездегі жылнамаларда “оба індетінен өлген адамның санында шек жоқ, көшеде тау-тау үйіліп қалған өлген адамдарды көметін адамды табудың өзі қиын болды” деп жазды.

Еуропада сол оба індетінен 15 миллионнан астам адам өлді, бұл сол кезде құрлықта тіршілік еткен халықтың бестен бір бөлігі болатын. Оба — аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышын табиғатта түрлі кемірушілер таратады. Адамдарға кемірушілерден немесе бүргелерден жұғады.

Аурудың қоздырғышы — таяқшалы бактериялар. Оба таяқшасының пішіні жұмыртқа тәрізді, ұсақ, қозғалмайды, талшықтары болмайды. Ауру адамдарға жұғысымен тез тарайды. Обаның қоздырғыштары ең алдымен адамның лимфа түйіндері мен өкпесін зақымдайды. Лимфа түйіндері ісініп, тығыздалады, бұршақ дәніндей қызыл бөрткен (іші қанға толы) пайда болады.

Науқас адамның дене қызуы қатты көтеріліп, басы айналады. Аурудың қоздырғышы өкпені зақымдағанда, өкпенің қабынуы жедел дамып, онда ірің пайда болады. Мұндай белгілерге ауру асқынғанда қан құрамының бұзылуы қосылады да, адам өледі. Қазіргі кезде оба ауруын емдеуде түрлі антибиотиктер қолданылады. Қазір бұл ауру өркениетті дамыған елдерде қауіп төндірмейді.

Бірақ, оба ауруының ошағы кейбір Африка, Азия және Оңтүстік Америка елдерінде әлі де болса кездесіп қалады. Оба ауруын жұқтыру қаупі бар елдерге баратын жолаушыларға обаға қарсы вакцина егіліп, ал ол елден келушілерге арнайы бақылау жүргізіледі. Оба ауруы шыққан жерге міндетті түрде карантин жарияланады. Аурудың қоздырғышын 1894 жылы бір-біріне байланыссыз жапондық микробиолог С.Китазато мен француз бактериологы А.Йерсен тапқан.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Күйдіргі (сибирская язва) ауруының қалай анықтауға болады?

Инфекция дегеніміз не және оның сипаттамасы.

Шешек ауруы туралы қысқаша мәлімет.

Алапес бұл қандай ауру?

Пікір қалдырыңыз