Сары ауру

  Аурулар

Адам ағзасындағы тіндер мен оның терісінде өттің бояғыш заттары — билирубиннің қанға жинақталуын сары ауру деп атайды. Бұл кезде тері, көздің шырышты қабығы және қан плазмасы сары түске боялады.

Билирубин қанға бауырдың және өт жолдарының кейбір ауруларының асқынуынан түседі. Көбінесе сары ауру бауырдың вирусты қабынуы — вирусты гепатиттің салдарынан дамиды.

Сары ауру негізінен өт жолдарын өттегі тастар толықтай бітеп тастағанда пайда болады. Егер ағза қатты уланса, онда бауырдың клеткалары өз тіршілігін жояды да, соның нәтижесінде де сары ауру дамиды.

Ұрық гемоглобині ыдырап, оның орнына қалыпты гемоглобин түзілгенде, қысқаша мерзімдегі сары ауру жаңа туған жас сәбилерде де болады. Өйткені эритроциттердің ыдырауынан қан құрамындағы билирубин босап шығады.

Дені сау адамдардың қанының құрамында да өте аз мөлшерде билирубин болады. Бауыр, өт жолдарының қабынуы кезінде билирубиннің мөлшері қан құрамында мөлшерден тыс көбейіп кетеді. Вирусты гепатит кезінде науқастың дене қызуы көтеріліп, тамаққа тәбеті болмайды, адам әлсізденеді, жүрегі лоқсып, құса береді.

Сары ауру анықталған жағдайда науқас адам тек ауруханада емделеді. Емделіп шыққаннан кейін де ұзақ уақыт диета ұстауы керек. Вирусты гепатит — өте жұқпалы ауру, сондықтан ондай аурумен ауырған адамды сау адамдардан оқшаулау қажет.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Мысқыл (свинка) немесе шірінше ауруының негізгі белгілері.

Өкпенің қабынуы сипаттамасы және негізгі белгілері.

Базедов ауруының сипаттамсы және негізгі белгілері.

Қызылша ауруы туралы мәліметпен танысыңыз.

Пікір қалдырыңыз