Тілме

  Аурулар

Тілме дегеніміз — терінің жұқпалы ауруы. Оның қоздырғышы ауру тарататын бактериялар — стрептококтар. Бұл бактериялар терінің кішкентай бір зақымданған жерінен тері тіндеріне енсе, сол жерде қабыну дамиды. Терінің қабынған жері әуелі қызыл, бірте-бірте қызыл-қошқыл түске боялады.

Тері жамылғысы ісініп, қатты ауырады, дене қызуы көтеріледі. Аурудың белгісі білінісімен-ақ дереу дәрігерге көріну керек. Себебі, ауру асқынып кетсе, ағзада қанға жұғу дамуы мүмкін. Қазіргі уақытта тілмеге қарсы қолданатын дәрі — антибиотиктер бар.

Тілме (рожа) — Тілменің ауру қоздырғышын — стрептококк деп атайды. Стрептококк сыртқы ортаға өте төзімді келеді. Ыстықта да, суықта да жақсы өседі. Ал хлорлы әк, хлорамин, лизол және тағы басқа дәрілерден тез қырылады. Тілме қызамықпен, баспамен, стрептодермиямен ауырған балалардан да жұғуы мүмкін. Көбінесе бұл сырқатпен жаздың соңғы айлары мен күзде жиі ауырады. Тілмемен балалардан гөрі ересек адамдар, әсіресе әйелдер жиі ауырады.

Ауруды дер кезінде емдемесе, асқынып немесе созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін.

Тілме көбінесе аяқ-қолда, бетте жиі кездеседі. Дененің бір жерінде аздаған жарақат болса, сол жарақатқа тілме ауруының қоздырғышы — стрептококк түсе, онда бұл микробтар өсіп-өне отырып, өзінен улы заттар бөле бастайды. Егер баланың қорғаныс күші мықты, денсаулығы жақсы болса, онда бұл ауру қоздырғыштар өз әрекеттерін жасай алмайды және тез арада қырылып қалады.

Микроб адам денесіне түсіп, аурудың бірінші белгілері білінгенге дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді, кейде бұл кезең 10—12 күнге дейін созылады.

Кейбіреуі бірнеше сағаттан соң, ал екінші біреуі 1—2 күннен соң, ал үшінші біреуі 5—6 күннен кейін неге ауырады? — деген сұрақ туады. Оның себебі — ауру қоздырғыш стрептококктың денеге көп не аз түсуіне, сондай-ақ түскен ауру қоздырғыштың және одан бөлінетін улы заттардың қасиетіне, баланың денсаулығына байланысты.

Ауру баланың алғашқы кезде денесі тітіркеніп, мазасы кетеді, аздап басы ауырып, тамаққа зауқы болмайды. Ал кейбір баланың жүрегі айнып, лоқсиды, кейде құсады. Көп уақыт өтпей-ақ баланың ыстығы көтеріліп, қалтырап-дірілдейді, жағдайы күрт өзгереді. Құсады, денесі ауыр тартады, боп- боз болып түсі бұзылады.

Бірнеше сағаттан соң жарақаттанған жердің терісі қызарып ісіне бастайды, тырсылдап, қышиды, кейде сыздап ауырады. Жарақаттанған жердің терісінің қызылы өте ашық, шеттері тегіс болмай иректеліп, сау жерінен анық бөлектеніп тұрады. Ісіңкірейді, қолмен сипағанда ыстықтау екені сезіледі, ауырыңқырайды. Ал сырқаттың ауыр түрі кезінде ісінген жердің үстінде қанды іріңі бар жара пайда болады.

Лимфа бездері, әсіресе қолтық асты, мойын, шаттағы да басқа бездер ісініп, ауырады. Күннен-күнге науқастың денесі ауыр тартады. Тамаққа тәбеті болмайды, ойынға зауқы соқпайды. Тамақ ішпегендіктен үлкен дәреті де бірнеше күнге дейін жүрмей қалады. Денесінің қызуы 5—10 күн бойы қайтпайды. Бала ауруханада дәрігерлік көмекті жеткілікті дәрежеде қабылдауға тиіс.

Бұл ауруға антибиотиктер (мысалы, пенициллин, ампициллин, оксациллин, метициллин, стрептомицин және т. б.) С, В тобындағы РР және тағы да басқа витаминдер беріледі, физиотерапия қолданылады. Егер баланың жағдайы нашар болса, аспа уколмен қан тамырына сұйық дәрілер жіберіліп, гормональды дәрілер беріледі.

Науқас бала дер кезінде дәрігерге көрініп уақтылы толық көлемде ем қабылдаса, 5—15 күн аралығында денесінің қызуы қайтып, терідегі тілменің ісігі, қызуы, қызарғаны қайта бастайды. Ауру созылмалы түрге айналған жағдайда пенициллинмен қатар эритромициннің, левомицетиннің, олеандомициннің, ампициллиннің, метициллиннің, оксациллиннің, тетрациклиннің және басқа антибиотиктердің бірін қосып пайдаланған дұрыс. Егер созылмалы түрі жиі қайталанатын болса, онда үзбей бициллин салғызу керек.

Сонымен қатар баланың таза ауада дене шынықтырумен, гимнастикамен шұғылданып, дене еңбегімен айналысқаны дұрыс. Организмнің қорғаныс күшін арттыруға барлық жағдай жасау керек. Ол үшін баланың көңіл-күйі көтеріңкі, ұйқысы қанық болуы тиіс, күн сайын спортпен шұғылданып, тамақты уақтылы ішуі, дененің ауруға төзімділігін арттыруы қажет. Сондай-ақ баланың жеке басының гигиеналық тазалығына, терісінің зақымданбауына, аш жүрмеуіне ерекше көңіл бөлінеді.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Өкпенің қабынуы сипаттамасы және негізгі белгілері.

Тонзиллит ауруының негізгі белгілері себебі мен салдары.

Теміреткі дегеніміз не?

Бүйректің қабынуының сипаттамасы және белгілері.

Пікір қалдырыңыз