Туберкулез

  Аурулар

Туберкулез немесе құрт ауруы — өте жиі кездесетін жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы — көзге көрінбейтін өте кішкентай “кох таяқшасы”. Оны 1882 жылы неміс микробиологы Р.Кох ашқан, қоздырғыш соның атымен аталады. Жұқпалы ауруды тарататын — науқас адам, ол микробтары бар қақырық тастайды.

Сау адамға, туберкулезбен ауырған адам жөтеліп, түкірген қақырықтың ұсақ сұйық тамшылары арқылы немесе кепкен түйіршіктерін ауамен бірге жұтқанда жұғады. Туберкулез көбінесе өкпені зақымдайды. Аурудың ортақ белгісі — дене қызуының көтерілуі, түнге қарай дененің көп терлеуі, ұйқының және тәбеттің нашарлауы, жүдеу, ашуланшақ болу, бұған қоса, құрғақ немесе қақырық түсетін жөтел дамиды.

Адам әлсіреп, қолайлы жағдай туса, сол жерде каберна (қуыс) пайда болады. Осы қуыста туберкулез таяқшалары дамып, кеңірдек арқылы өкпенің бөліктерін зақымдайды. Мұндай науқастардың қақырығына қан араласуы мүмкін.

Туберкулез таяқшалары өкпеден басқа буындарды, сүйектерді, теріні, бүйректі және лимфа түйіндерін зақымдайды. Адам туберкулезді жануарлардан да (сиыр, тауық) жұқтырады. Ауру адамға олардың етін, жұмыртқасын жеп, сүтін ішкеннен жұғады. Бұрынғы кезде туберкулезден адам өте көп өлген.

Қазіргі кезде ауруды емдеудің терапиялық және хирургиялық әдістері табылды. Бұл ауруды емдеуді арнайы емханаларда жүргізеді. Сондай-ақ, арнайы санаторийлерде емделу де өте тиімді. Туберкулезге қарсы арнайы егу (БЦЖ) жүргізіледі, ол сәби туғаннан кейін 3—5 күннен кейін егіледі.

Туберкулез — бұл сырқат XIX ғасырда ел арасына көп тараған еді. Халқымыздың әл-ауқаты мен мәдени-тұрмыс жағдайларының жақсарып, медицинаның дамуына байланысты бұл сырқатпен ауыратындар саны қазір азайып келеді.

Туберкулезден сақтандырудың ең бір тиімді түрі — бұл ауруға қарсы егу болып табылады. Нәресте туғаннан кейін дәрігер баланың денсаулығын, мерзіміне жетіп туған-тумағанын, салмағын анықтап алған соң бәрі дұрыс болса, 5—8 күн ішінде туберкулезге қарсы вакцина егеді. Егілген жер 2—3 аптадан соң қызарып, бөртеді де, 2 айдай қабыршақтанып жүреді. Сөйтіп балада бұл ауруды қабылдамайтын иммунитет пайда болады. Ол 6—7 жылдай сақталады. Сондықтан дені сау балалар 7, 12, 17 жасқа келгенде қайталап егіледі.

Туберкулезге қарсы егу нәтижесінде бұл аурумен балалар өте сирек ауыратын болды. Бұл — зор жетістік. Ал егер бала ауыра қалғандай болса, сырқат жеңіл басталып, тез жазылып кетеді. Дегенмен, жанұяда туберкулезбен ауырған адам болса, онда арнайы сақтандыру шаралары жүргізіледі.

Туберкулездің ауру қоздырғыш микробы өсіп- өнгіш, сыртқы ортаға өте төзімді әрі жұққыш келгенімен, күн сәулесі мен ыстықта тез қырылып қалады. Сау балаларға ауру сырқат адамдардан және ауру малдан жұғады. Жұғу жолдары да әр түрлі. Туберкулез ауа арқылы, түкірік, қақырық, сілекей, ауырған малдың шикі сүті және еті, ауру малды баққан адамның киімі, ұстаған заттары арқылы жұғады. Сондай-ақ ол науқастың ыдыс-аяғынан да, киім-кешегінен де, төсек-орнынан да жұғады. Емшектегі балаға ауру анасының сүтімен беріледі.

Осындай жұғу жолдарының біріне тап болған бала туберкулезге қарсы егілмеген, организмі шынықпаған әлсіз, суыққа төзімсіз, мешел, ревматизммен ауырған болса, тез сырқаттанады. Туберкулезбен баланың кез келген органы ауырады.

Басқа органдардың туберкулезіне қарағанда балаларда лимфа бездерінің, өкпенің туберкулездері жиі кездеседі. Лимфа бездерінің туберкулезі кезінде бұл бездер ісініп, қабынады да, үлкейіп біріне-бірі қосылып кетеді. Туберкулезге, әсіресе тамақ, өңеш, өкпе түбіндегі лимфа бездері жиі ұшырайды.

Ауру бастапқы кезде білінбей басталады. Бірақ біртіндеп ауру қоздырғыш өсіп-өне бастайды да, улы заттар бөліп шығарып, бүкіл организмді улайды. Осы кезде баланың мазасы кетеді, денесі делсал болып, тамаққа тәбеті шаппайды, ұйқысы бұзылады. Еш нәрсеге алданбай жылай береді, тіпті манаурап ұйықтай беретіндері де болады.

Кейбір балалар не болса соған тез өкпелейді, ашуланады, мінез-құлықтары өзгереді. Мектеп жасындағы балалардың оқуға ынтасы болмайды, бастары ауырып, сабақ үлгірімдері нашарлайды. Жағдайы нашарлап, тамақ, мойын, шүйде, қолтық, шат бездері ісініп, үлкейе бастайды.

Ауруды асқындырып алмас үшін балаға манту реакциясын жасайды. Манту реакциясы 1 жас пен 17 жасқа дейінгі аралықта жыл сайын бір рет жасалып отырады. Егер күдік туса, баланы тексеруден толық өткізіп, ауруды дер кезінде анықтаған, сөйтіп жедел түрде емдеген жөн.

Өкпе туберкулезі ересек балалар мен жасөспірімдер арасында кездеседі. Ал онымен нәрестелер мен сәбилер өте сирек ауырады, ауыра қалған күннің өзінде ол ішкі бездер туберкулезінің асқынуынан барып пайда болуы мүмкін.

Бұл ауру кезінде баланың ойынға зауқы соқпайды, тамаққа тәбеті шаппайды, шаршай береді. Құрғақ жөтел пайда болып, кешке қарай аздап температурасы көтеріледі. Мойын, тамақ, қолтық, шат және тағы басқа бездері ісініп үлкейеді, қатаяды. Ауру асқынып, кеуде көк етін де туберкулезге шалдықтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда баланың температурасы қатты көтеріліп, 39—40 градусқа жетеді, жөтелгенде кеудесі ауырады, дем алысы нашарлайды, ентігеді.

Сүйек-буын туберкулезі — білінбей басталады. Сырқаттанған бала көңілсіз жүреді, шаршағыш, не болса соған ашуланғыш келеді. Күннен-күнге денесі ауыр тартып, ұйқысы бұзылады, мазасы кетеді, еш нәрсеге зауқы болмайды. Жата бергісі келеді.Бұл ауру ұзақ емдеуді қажет ететін болғандықтан баланың да, оның әке-шешесінің де ұқыпты әрі төзімді болғандары жөн.

Ми қабығының туберкулезі — өте қауіпті, бірақ сирек кездеседі. Ауру көп жағдайда созылмалы түрде басталады, алғашқы кезде бала тұмауратады, тамаққа тәбеті болмайды. Оқтын оқтын температурасы аздап көтеріледі. Дерт меңдеген сайын баланың көңіл-күйі нашарлап, өзі әлсірей береді.

Мектеп жасына дейінгі балалар мазасы кетіп ыңқылдайды, беталды жылай береді. Еш нәрсені жақтырмай сұлық түсіп жатып алады. Ал сырқаттанған ересек балалар ашулана береді, болмашы нәрсеге өкпелейді. Басы ауырып, селқос жүреді. Жарықты, айқай-шуды жақтырмайды. Басын шалқайтып, аяғын бауырына тартып алып бүк түскен күйі ыңқылдай береді. Туберкулезбен балалардың басқа да органдары зақымданады, бірақ олар өте сирек кездеседі.

Бір кездері жазылмайтын кесел саналып келген туберкулез қазір медицина ғылымының дамуына байланысты қауіпті болмай қалды. Тек дер кезінде қаралып, емделген жөн. Науқас баланың ерекшелігіне, аурудың түріне, ауыр-жеңілдігіне қарай дәрігер емдеу тәсілі мен дәрілердің тиімділерін пайдаланады.

«Ас — адамның арқауы» дейді халық. Организмнің клеткалары мен тканьдері тіршілікке қажет қоректік заттарды күнделікті ішетін тамақтан алады. Дұрыс тамақтану — бүкіл организмнің әл-қуатын арттырып, оның ауруларға қарсы тұру қабілетін жақсартады.

Сондықтан да науқас баланың тамағына ерекше көңіл бөлген дұрыс. Ауру баланың ішетін асында белок, май, углевод, минералды тұздар мен витаминдер сау балалардың ішетін тамағындағыдан 20 проценттей артық болуы тиіс. Өйткені туберкулезбен ауырған бала организміне белоктар, витаминдер, углеводтар, майлар, минералды тұздар жетіспейді.

Тамақ сіңімді болуы үшін балаға оны белгілі бір сағаттарда күніне 5 рет береді. Тамақ құнарлылығымен қатар дәмді де болуға тиіс, сондай-ақ ас әзірлеуші мен күтуші адамның тазалығына көңіл бөліп отыру қажет. Баланың тамағы еттен, балықтан, күріштен, сүттен, жұмыртқадан, сұлыдан, қарақұмықтан және басқа да жармалардан жасалады, оларға өсімдік майлары, сары май, картоп, капуста қосылады. Балаға жеміс-жидекті барынша көп беру керек.

Ғылым жетістіктері нәтижесінде туберкулезді түбегейлі емдеп жазатын алуан түрлі дәрі-дәрмектер және оларды қолдану тәсілдері табылды. Соның нәтижесінде бұл аурудан құлан-таза жазылып кетуге мүмкіндік туды. Туберкулездің қай түрінде болса да дер кезінде дәрігерге көрініп, ауруды асқындырып алмауға тырысу керек. Ауру асқынып кетсе, емдеу ұзаққа созылады.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Оба індетінің себеп салдары және негізгі айқын белгілері.

Күйдіргі (сибирская язва) ауруының қалай анықтауға болады?

Қақырық неден пайда болады және одан құтылу жолы.

Жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы (спид).

Пікір қалдырыңыз