Ұйқыға байланысты аурулар

  Аурулар

Ұйқысырау

Жалпы адамдардың ұғымында ұйқысырайтын (лунатик) адамдарды, олар түнде үйдің төбесіне шығып кетеді немесе жарға өрмелейді, бірақ олар сол кезде құламайды деп есептейді. Бірақ, шындығында олай емес. Ұйқысырау жүйке жүйесінің бұзылуынан болады.

Сондықтан ондай адамдар шынымен де түнде төсектен тұрып алып, бір нәрсені былдырлап сөйлеуі немесе бөлменің ішінде өзінен-өзі жүруі, бөлменің терезесін ашып немесе жабуы мүмкін. Содан кейін олар қайтадан төсегіне келіп жатып қалады. Таңертең тұрғаннан кейін оның түндегі істеген істерін айтсаң, ол ешнәрсені білмейді және істеген ісін мойнына алмайды.

Бұрынғы кезде түнде ұйқысырайтын адамдарды айдың толған кезінде оның бетіне айдың жарығы түсуімен байланыстырған. Лунатизмге ұшыраған адам ешқандай айдың жарығы болмаған кезде де ұйқысырайды. Бұл адамның жүйке жұмысының бұзылуы, әсіресе мұндай жағдай жас өспірімдердің жыныстық жағынан жетілу кезеңінде жиі байқалады.

Кейін ондай ұйқысырау өзіне-өзі кетіп қалады. Ересек адамдардың арасында ұйқысырау ішімдікті көп ішетін адамдар мен жүйкесі жұқарған адамдардың арасында көп кездеседі. Ұйқысырайтын адамдарды емдеуге негізінен невропатолог-дәрігер немесе психиатр көмек бере алады.

Ұйқысыздық

Ересек адамдардың көпшілігі түнде жаман ұйықтаймыз дегенді көп айтады. Олар түнде көпке дейін ұйықтай алмай жатады, кейде ұйықтау үшін ұйқы келтіретін дәрі ішіп барып әрең ұйықтайды. Мұндай ұйқы кезінде адам сәл дыбыстан оянып кетіп, шала ұйықтайды. Ондай адам таңертең тұрғанда басы ауырып, ұйқысы қанбай, шаршап оянады.

Ал адам жақсы ұйықтағанда, ағза толықтай демалып, ертеңгісін сергек тұрады. Кейбір қарт адамдарда әдетте құс ұйқы болып, ұйқысы азая береді. Мұндай адамдарға бара-бара ұйқы келтіретін дәрі де көмектеспейтін болады. Ұйқының бұзылу себептері әр түрлі. Көп жағдайда ұйқының қашуына орталық жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы әсер етеді.

Жас балаларда ұйқысыздық өте сирек болады. Олар кейде бір нәрсеге қатты мазасызданғанда байқалуы мүмкін. Мысалы, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалар, бірінші қыркүйектің алдында аз ұйықтауы мүмкін. Жоғарғы сынып оқушылары мен студенттердің жауапты емтиханның алдында ұйқылары қашады. Кейде балалар ұйықтардың алдында қызық оқиғалы фильмдер көрсе немесе мөлшерден тым артық тамақ ішсе де көпке дейін ұйықтай алмай жатады. Сондықтан, ұйқы дұрыс болу үшін тамақтану мен демалудың күн тәртібін сақтаған жөн.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Психикалық аурулардың дамуының негізгі себептері.

Адам не үшін түс көреді.

Адам не үшін талып қалады және талу кезінде көрсетілетін көмек.

Ұйқы туралы не білесіз?

Пікір қалдырыңыз