Баланың өкпесінің қабынуы

  Балалар ауруы

Өкпенің қабынуы. Кеңірдек тармақтары өкпеге жеткен соң көптеген өте майда тармақтарға, одан әрі ұсақ түтіктерге, сонан соң өкпе көпіршіктеріне айналып кетеді. Бала дем алған кезде осы өкпе көпіршіктері ауаға толады да үлкейеді.

Адам баласында қос өкпе болады, оның бірі кеуденің оң жағына, екіншісі сол жағына орналасқан. Екі өкпенің де сыртын жұқа мөлдір қабық жауып тұрады. Ол кеуде қуысының ішкі жағын қымтап жауып тұратындықтан өкпе мен кеуде аралығында қуыс пайда болады.

Бұл қуыс демді ішке алғанда өкпенің кеңеюіне мүмкіндік береді. Қабырғааралық бұлшық еттер жиырылып, көк еттің жоғары көтерілуі нәтижесінде дем сыртқа шығады да, дем алғанда өкпе қайтадан ауаға толып торсиып тұрады. Ересек адам минутына 16—17 рет дем алса, балалар жас шамасына қарай әр түрлі жиілікте дем алады.

Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, ересек адамдардың қанына бір минутта шамамен 500 мл оттегі сорылып, ал одан 450 мл көмір қышқыл газы бөлініп шығатын көрінеді.

Өкпе қабынған кезде баланың тыныс алуы бұзылады. Аурудың алғашқы күндерінде ол аздап жөтеледі, қызуы жайлап көтеріліп, тамаққа тәбеті шаппайды, әлсіреп, ештеңені жақтырмайды, жата бергісі келеді. Ал жас нәресте мазасызданып жылай береді, ұйқысы бұзылады. Күннен-күнге жөтел күшейе түседі.

Жағдайы нашарлап, қызуы 38—40 градусқа дейін көтеріледі. Жиі-жиі құсады, іші өтеді. Дем алысы қатты жиілеп, деміге бастайды, жаны қиналады. Беті домбығып, түсі сұп-сұр болып кетеді, көзінің алды ісінеді. Бұл — бала организмінде оттегі жетіспейтіндігінің белгісі. Ауру баланың өкпесі сырылдап, жүрегі жиі соғады, жігері мен көк бауыры ісініп үлкейеді.

Өкпесі қабынған нәрестенің іші кебеді, демігуі күшейе түседі. Баланы дәрігерге көрсетіп, дер кезінде емдетсе, тез айығып кетеді. Өкпе қабынуы көбінесе мешел болған, іші өтіп ауырған, жүдеген, салмағы аз болып туған, сонымен қатар ана сүтін ембеген балаларда жиі кездеседі.

Ауру баланың жатқан бөлмесі әрқашанда таза, жылы (жас нәрестелер үшін 22—23 градус, ересек балалар үшін 18—20 градус), төсек-орны жатуға жайлы, жылы болуы тиіс. Киімі таза, жеңіл, қимылына кедергі келтірмейтіндей, өзіне шақ болғаны дұрыс. Жас нәрестелерді қолға жиі алып, ал ересек балалардың таза ауада жиірек болуларына жағдай жасау керек.

Кейбір ата-ана ауырған баланы шомылдырмайды, бұл әрине, дұрыс емес. Адам өкпесімен бірге терісімен де дем алатыны белгілі. Сондықтан да дененің кірленбеуіне көп көңіл бөлінгені жөн. Егер баланың жағдайы өте ауыр болмаса, онда оны мезгілінде шомылдырып тұру қажет. Науқас баланың мұрнының таза болуына да көңіл бөлген жөн. Себебі өкпе қабынғанда бала мұрнының сіңгірікке толып тұратын кездері жиі болады.

Баланың аузынан жағымсыз иіс шықпас үшін, сода қосылған сумен (бір шай қасық соданы бір стакан суға салып) тазалап отырады, ал ересек балалар тістерін күн сайын тазалауға тиіс.

Баланың ұйқысы тыныш әрі терең болуы үшін ол жатқан бөлме ауасы таза, жинақы, тыныш болуға тиіс. Қыс айларында желдеткішті жиі-жиі ашып алған жөн. Ал күн жылы кездері баланың далада, верандада ұйықтағаны дұрыс. Бөлменің еденін, есік-терезесін дымқыл шүберекпен жиі-жиі сүртіп алып отыру керек.

Балаға ата-ана ұрыспауға тиіс, оған деген жылы лебіз мол болса, көңіл көп бөлінсе, көңілі көтеріліп, тезірек айығуына септігін тигізеді.Баланы белгілі сағаттарда тамақтандырып отырған жөн. Оған көкөністерді, олардың шырындарын молырақ және бал берудің де пайдасы мол.

Тамақтың құрамы әр түрлі болуға әрі өте дәмді дайындалуға тиіс. Бала таза ауада неғұрлым ұзақ болса, құнарлы тамақ ішіп, дұрыс режим сақтаса, тыныш, ұзақ ұйықтап көңілі көтеріңкі жүрсе, ата-ана дәрігердің айтқандарын толық, бұлжытпай орындаса, ауруынан айығып, туғандарын қуанышқа бөлейді.

Демек, баланың организмін нығайтуға жас кезінен көңіл бөлген жөн. Ол үшін нәресте өмірге келісімен гимнастика жасатып, денесін шынықтырған, суыққа төзімді етіп өсірген өте пайдалы. Баланы спортты, еңбекті сүйетін етіп тәрбиелеу керек. Спорт ойындарымен шұғылданып, суыққа төзімді, еңбекке бейім өскен балалар аз ауырады.

Өкпенің қабынуы сипаттамасы және негізгі белгілері.

Көкжөтел (коклюш) ауруының алғашқы белгілері.

Демікпесі (астмасы) бар балаға көрсетілетін көмек.

Туберкулез немесе құрт ауруының негізгі белгілері.

Пікір қалдырыңыз