Баланың остеомиелит ауруына ұшырауы

  Балалар ауруы

Жаңа туған баланың сүйегі үш жасқа келгенге дейін жұмсақ болады. Оның бірнеше себептері бар. Яғни сүйектің қатты қабатындағы сүйек клеткаларының орнында шеміршек клеткалары болады, яғни сүйек клеткалары ішіндегі тұздардың аздығынан сүйек жұмсақ болады.

Сәби сүйегінің сыртын қаптап тұрған қабығының қалыңдығы, жұмсақ сүйекті түрлі соққылардан, жарақаттан жақсы қорғайды. Бала сүйегіндегі қан тамырларының бір-бірімен байланысы да нашар болады. Соның әсерінен қан сүйек арқылы өте баяу өтеді. Міне, осы айтылып отырған сүйек құрылысының ерекшеліктері осы аурудың балаларда жиі кездесуіне тікелей әсер етеді.

Остеомиелит неден пайда болады, оған нелер әсер етуі мүмкін, ол қалай өршиді сүйекте нендей өзгерістер болады, енді соған тоқталайық. Остеомиелит ауруы түрлі микробтардан пайда болады. Ең негізгісі — стафилококк. Бұл микробтың да бірнеше түрі бар. Бұл микробтар денесінен улы заттар мен ферменттер бөліп шығарады.

Қазіргі кездегі белгілі болған улы заттар — некротоксин (іріп-шірітуші токсин у), гемолиздік токсин (қанның қызыл түйіршіктерін бұзатын у токсин), лейкоцидин (ақ қан түйіршіктерін азайтатын токсин), энтеротоксин (ішектің ішкі қабатын қабындыратын токсин), нефротоксин (бүйрек нефрондарын бұзатын токсин) басқа да әр түрлі ферменттер. Оларға гиалиуранидаза ферменті, пенициллиназа ферменті (пенициллин дәрісін бұзатын фермент) тағы басқа әр түрлі заттар жатады.

Остеомиелитті қоздыратын микробтар: протей, көк ірің таяқшасы және де осы микробтардың «біріккен» жаңа түрлері белгілі. Башинскийдің тәжірибесінде 100%-ке жуық остеомиелит ауруы пайда болса, кейінгі экспериментте остеомиелит тек 10 процент ғана пайда болды. Яғни остеомиелит пайда болуы үшін, нерв жүйелерінің ұзақ қоздырылуы қажет екені іс жүзінде дәлелденді.

Остеомиелитпен ауырғанда сүйекте қандай өзгеріс байқалады? Диагноз қоюға оның көмегі тиеме, енді соған да тоқталып өтейік. Сүйек майының қан тамырларына микробтардың жиналуынан ауру қоза түседі. Микробтардан улы заттар бөлініп шығады.

Бұл улы заттар қан тамырлары арқылы айналасындағы майлы тканьдерді бүлдіреді. Егер осы кезде организмге түрлі қосымша қоздырғыштар әсер етсе (суыққа ұрыну, жарақаттану) сүйектің қан тамырлары қысыла түседі. Осы қосымша әсерден улы заттар (токсиндер) сүйек майларын ірітіп бүлдіре бастайды.

Түрлі іріген заттардың көбеюінен қан тамырларында қан ұйыйды. Мұның өзі сүйек майының іріп-шіру процесін тездете түседі. Жиналған экссудаттар сүйектердің қан тамырлары жүретін тесіктері арқылы сүйектің сыртқы қабатын сүйектен ысырады. Сүйектің сыртқы қабаты ысырылып оның арасына ірің жиналады, осының салдарынан сүйектің қанмен қоректенуі нашарлайды.

Сүйекке келетін қан тамырларының осылайша екі жақтан бүлінуінен сүйек шіріп бүлінеді. Ал сүйек пен оның сыртқы қабатының арасына жиналған ірің ет пен тері арасына жиналса, онда флегмона пайда болады. Кейде іріңнің буынға, сүйекті тесіп өтіп түсуі де ықтимал, мұндай жағдайда буын ісіп, буынның қимылы нашарлайды.

Егер сүйектің бұл процесі ұзаққа созылса, сүйектің бүлініп іруімен қатар оның қалпына келу процесі де байқалады. Сүйектің бүлінген жеріне жақын бөлігі қатайып, сүйек қабаты өседі, сүйекті ортасына орналасқан сүйек майы каналы тарылады. Сонымен бірге бүлінген өлі сүйекті қоршай жаңа сүйек қабаты өседі.

Бұл процесс сүйектің сыртқы қабатының сақталуына тікелей байланысты. Сүйектің шіріген бөлігі тек өлі сүйектен (секвестр) ғана тұрмайды, мұнымен бірге бұл жерге өлі тканьдер де жиналады. Шіріген сүйек дер мезгілінде тазаланбаған болса, әрі түрлі жыланкөздер пайда болады.

Ол сүйектің әр жерінен тесіп шығады. Бұл аурудың қозу процесін остеомиелиттің сүйекте өршуінің екі сатысы болатынын айқын аңғартады. Бірінші саты аурудың алғашқы бес күніне сәйкес келеді. Бұл кезде түрлі шіріген экссудат ірің тек сүйек каналында болады.

Егерде осы кезде сүйек каналының қысымы өлшенетін болса, ол өте көп мөлшерде болатыны айқын. Остеомиелиттің бұл сатысында дұрыс емделсе, сүйекке шіру процесі болмайды, баланың ауруы созылмалы түрге айналмай, тез жазылып кетеді.

Мұны остеомиелиттің сүйек каналындағы (интрамедулярная) сатысы деп атайды. Егер алғашқы бес күн ішінде бала дұрыс емделмесе, сүйектің ішіне жиналған ірің сүйектің негізгі қабаты мен жұмсақ қабатының арасына жиналады. Осының салдарынан сүйектің жұмсақ қабаты астында флегмона пайда болады.

Осы кезде сүйек каналының қысымы да қалыпты жағдайға жақын болады. Яғни бұл аурудың сатысы кезінде диагнозды анықтау үшін басқа да тексерулер жасалынады. Сонымен бұл құбылысты остеомиелиттің сүйек сыртының флегмонасы деп атайды.

Остеомиелиттің өршу процесін сатыға бөлудегі ғалымдарымыздың негізгі мақсаты диагнозды дәл қою. Остеомиелит процесін сатыға бөліп емдеуді К. С. Ормантаев пен Г. Ж. Сұлтанбаев жүзеге асырды.

Жедел күрт басталатын остеомиелиттің түрлері (классификациясы). Күрт басталатын остеомиелиттің түрлерін дер кезінде анықтау — емдеу жұмысын жеңілдетеді. Қабынған остеомиелитті үшке бөліп жүр. Олар: остеомиелиттің қауырт түрі, остеомиелиттің сепсис (қанға іріңнің түсуі) түрі остеомиелиттің бір сүйекте ғана болатын түрі.

Остеомиелит ауруының осы классификациясын ғалым Т. П. Краснобаев 1939 жылы жасаған. Күні бүгінге дейін бұл классификацияны дәрігерлер басшылыққа алады. Бұл классификацияны үш жастан асқан балаларға қолдану қолайлы, ал үш жасқа дейінгі балаларда остеомиелит көбіне буынның ісуінен білінеді. Үш жасқа дейінгі балалар остеомиелнті буын остеомиелиті немесе медицина тілімен эпифизде пайда болатын остеомиелит деп аталады.

Жедел остеомиелит кезінде баланың жағдайы ауырғанына бірнеше сағат болмастан-ақ күрт төмендейді, денесінің ыстығы көтеріліп, бала есінен тана бастайды. Денесі сұрланып аяқ-қолы мұздап, жиырылып қалтырайды. Көп құсуы да мүмкін. Кейде денесінің әр жерінде терісіне нүкте, немесе нүктеден үлкенірек ұйыған қан пайда болады.

Тамыр соғысы жиілейді, ентігі күшейеді. Науқас буындарының немесе сүйегінің тұсы ауырады деп шағым айтпайды. Дәл осы кезде қараған дәрігерлер, остеомиелиттен гөрі ревматизм, грипп, менингит ауруларының диагнозын қоюы мүмкін. Тек екі-үш күн жалпылай емдеуден кейін бала өзінің ауырған аяғын, қолын немесе денесінің басқа да жерін көрсете бастайды.

Ол жерлерінде ісік пайда болады, басып көргенде қатты ауыратыны байқалады. Сонымен остеомиелиттің бұл түрі организмде микробқа және оның уына қарсы білінген аллергия секілді реакция болады, ал сүйектің ішіндегі іріңдеу жалпы организмнің реакциясынан кейін жүреді.

Остеомиелит ауруының сепсис секілді білінетін түрінің клиникасы — мұндай ауру кезінде аяқ-қол, дененің басқа бір жері ауырады. Остеомиелиттің бұл түрінде денеге микробтардың уы көп таралады. Баланың белгілі бір жері ауруымен бірге, ыстығы көтеріледі, денесі бозарып көгереді, аяқ-қолы мұздап, құсады.

Тамыры жиі соғады және бауыры үлкейіп ісінгендей болады. Сүйегінің буынының тұсы ауырады өкпеде немесе сүйегінде ірің пайда болады. Науқас ауырған аяқ-қолын қозғалта алмайды, қозғаса қатты ауырсынады. Бауыр, көк бауыры үлкейіп, ісінеді, қанның, зәрінің анализдерінде өзгерістер байқалады. Қанның қызыл түйіршіктері азайып, ақ түйіршіктері көбейеді. Әсіресе ақ қан түйіршіктерінің саны артады.

Остеомиелиттің бір сүйекте ғана болатын түрі кезінде сүйек тұсы ісініп ауырады бала ауырған жерін анық көрсетеді. Алайда, аяқ-қолының ісініп тұрғанына қарамастан көңіл-күйі онша бұзылмайды. Ептеп ыстығы көтеріледі. Байқамай құлап аяғымды соғып алдым, деп сылтау айтады. Сондықтан да ата-анасы баланың бұл айтқандарына аса көңіл бөлмеуі де мүмкін.

Бауыр, көк бауыр ептеп ісініп, ауырады. Қан анализдерініц қорытындысында қызыл қан түйіршіктерінің азайып, ақ қан түйіршіктерінің көбейгені байқалады. Қызыл қан түйіршіктерінің (эритроциттер) бір-бірімен жабысуы да шамадан тыс көбейеді.

Жаңа туған балалар мен үш жасқа дейінгі балалар остеомиелиті. Оның кейбір ерекшеліктері бар, баланың алғашқы сағаттан-ақ буыны іседі. Баланың жөргегін ауыстырған кезде, оның қолын немесе аяғын ұстағанда қатты шыңғырып жылайды. Бала емшек ембей, ыстығы көтеріліп, құсады.

Тынысы жиілеп, тамыр соғысы артады. Жедел түрде дәрігер көмек етпесе, буындағы ірің сүйекке таралып ісінеді, тамырлары көгеріп, терісі тырсылдап жылтырайды. Жас балаларда ірің қанға тез түседі де басқа органдарды да қабындырады (сепсис), сөйтіп біртіндеп өкпені қабындырып, іріңдетеді.

Басқа буындарға таралып остеомиелит ауруының денеге жайылып кетуі ықтимал. Сондықтан да бұл аурудың диагнозын дұрыс қою үшін арнайы тексеруді бала ауруханаға түсісімен-ақ жеделдетіп жасау қажет.

Остеомиелиттің диагнозын қою үшін дәрігер алдыменен ата-анасынан баланың қашан және қалай ауырғанын сұрап біледі. Баланы тексеруді ауырған сүйектің тұсын ұстап көруден бастамай, оны толық шешіндіріп, ауырған жерін сау жерімен салыстыра қараған тиімді.

Алдымен ауырған жерін жайлап ұстап, дененің қызуы бар ма, жоқ па соған көңіл аударамыз. Содан кейін аяқ-қолды басып көреді. Егер күш түсірген кезде баланың аяғы немесе қолы қатты ауырса немесе ауырған органын қозғалта алмаса, онда остеомиелиттің пайда бола бастағаны.

Ауруды көріп басқа да органдардың ауытқуларын анықтап алған соң, оған басқадай арнайы зерттеулер жүргізіледі. Сондай зерттеулердің қатарына, сүйекті рентгенге түсіру де жатады. Рентген суреттерінде түрлі соққының, сынықтардың белгісі бар ма, жоқ па сол анықталады.

Егер сүйек сынықтан, басқа да соққылардың әсерінен сау болып шықса, онда оның остеомиелит болуы мүмкін. Алғашқы 14—20 күнге дейін остеомиелит ауруының әсерінен болатын сүйектегі өзгеріс рентген суретінде көрінбейді. Сондықтан да бала сүйегінде еш өзгеріс жоқ екен деп остеомиелит емес деген тұжырым жасауға болмайды.

Рентген пленкасына түсірілген ауырғанына 14— 20 күн болған сүйектің суретінде остеомиелиттің алғашқы белгілері көрінеді. Пленкадағы сүйекті жанай орналасқан болымсыз көлеңке пайда болуы сүйектің белгілі бір жерінің құрылымының бұзылуын, сүйек қуысының бір жерлерінің кеңейіп немесе тарылуын білдіреді.

Яғни рентген сәулесінің көмегімен де остеомиелиттің диагнозын дер кезінде қою мүмкін емес. Сондықтан да ғалымдар остеомиелиттің диагнозын ерте анықтауға көмегі тиетін тағы да бірнеше тексеру жолдарын ұсынды. Олардың ішінде біздің қазақстандық хирургтер К. С. Ормантаев пен Т. Ж. Сұлтанбаевтар еңбегі айтарлықтай.

Аурудың алғашқы күні-ақ диагноз қоюға көмегі тиетін тексеру жолы — ол жіліншікті тесіп, сүйек майына ине енгізу. Егер ине арқылы шыққан қанда майдың түйіршіктері болса (қан сорпа) онда балада остеомиелиттің болғаны. Егер инені Вальдман аппаратына қосып сүйек қуысының қысымын өлшесе, оның өте жоғарылап кеткені анықталады.

Сүйектің ішкі қысымының жоғарылауы онда болып жатқан қабынуды көрсетеді. Сүйектің қалыпты жағдайында ішкі қысымы — 60 мм-ден 120 мм-ге дейін су бағаны бойына сәйкес келеді, ал остеомиелит ауруы кезінде бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін ұлғайды. Сүйектің ішіндегі қысым кейде 300—500 мм су бағанына дейін болады.

Неғұрлым сүйек ішіндегі қысым көп болса, соғұрлым балаға операция тезірек жасалған жөн. Өйткені қысымның сүйек ішінде жоғары болуы, оның әлі жіліншік ішінен басқа жаққа таралмағанын көрсетеді. Сондықтан тездетіп операция жасалса баланың жазылып шығуы мүмкін. Бұл кезде сүйектегі процесс әлі асқынбай, кері қайту мүмкіндігі бар.

Егер баланың ауырғанына 5—6 күн болса, онда жіліншікті инемен тескен кезде жіліншік ішінің қысымының көбеймегенін анықтаймыз. Ол кезде ине ішімен ірің немесе қанды ірің шығуы ықтимал. Жіліншік ішінің қысымның азаюының себебі ол ірің заттарының сүйектен тысқары шығып кеткенін көрсетеді.

Алайда, сүйекте бұл кезде остеомиелит процесі баяуламайды, қайта өрши береді. Оның себебі сүйектің өзін қоршаған қан тамырларының қабынуына байланысты. Сүйекке келетін қан тамырларына қабынудың салдарынан қан ұйыйды. Өзіміз айтқан жіліншік ішінің қысымы төмендейді де диагнозды қою жеңілдейді.

Сондықтан да дәл осындай жағдайда диагноз қою үшін сүйек майының тамырларын өзінен қанды өткізу мүмкіндігін рентген пленкасына сәуле ұстағыш заттармен түсіріп, диагнозды анықтауға болады.

Инені сүйектің буынына жақын жіліншік қуысының басталар жеріне қояды. Сонан соң қан тамырларына жіберілетін контраст заттардың бірін жіліншік ішіне жылдам енгізеді. Алғашқы суретті контраст заттарды жіберуді аяқтап болғанда түсіреді.

Содан соң 8—10 минуттан соң контраст зат енгізілген жерді тағы да суретке түсіріп қарайды. Егер сүйектің қан тамырында қан ұйып қалса онда сүйекке енгізілген контраст заттар қан тамырларда тұрып қалады. Бұдан балада остеомиелит ауруы бар екенін білеміз.

Үш жастағы балаларда остеомиелит көбінесе буында кездеседі. Диагноз қоюға ыңғайлы әдіс баланың буынын инемен тесіп көру. Инемен тескен кезде одан ірің немесе басқа экссудат заттар алынады.

Рентгендегі өзгеріс алғашқы бес күннің ішінде де байқалуы мүмкін. Өзгеріс буынға қатысты сүйектердің кедір-бұдырланып, оның қуыстарының кеңеюінен де білінеді. Екі ұқсас буынды рентгенге қатар түсіріп салыстырып көрудің диагнозды ертерек қоюға септігі тиеді.

Остеомиелиттің созылмалы остеомиелитке жедел ауысатын түрлері

Созылмалы остеомиелитті қандай жолмен емдеуге болады.

Сүйектің бүлініп қабынған бөлігін емдеу жолдары.

Жедел остеомелитті басқа аурулардан ажыратуға болады.

Пікір қалдырыңыз