Медиастенитті емдеу жолдары

  Балалар ауруы

Медиастенитті негізінен хирургиялық тәсілдер арқылы емдейді. Алайда операция жасамай-ақ емдейтін де дәрі-дәрмектер бар. Оларға антибиотиктер, микробтарға қарсы қолданатын дәрілер, қаннан гемодиализ арқылы улы заттарды сорып алу, квард сәулесі арқылы қандағы микробтарды жоятын дәрілерді қолдану жатады.

Қазіргі кезде медиастенит ауруын мынандай хирургиялық жолдармен емдейді: Біріншісі медиастенитке шалдыққан жерді жуып тазалап, өңешті тігеді, ал жараға ашық дренаждар мен тампондар қояды.

Екінші медиастенитпен қабынған жерге операция жасап, жуып тазалайды да ол жерге екі каналды түтікше қояды, жараны жауып тастайды. Кейін өңештің айналасына қойған жіңішке түтікше арқылы жуып, үлкен түтікше арқылы жазылғанша суын сорып алып тұрады.

Үшінші жолы, медиастенитпен ауырған жерді жуып тазалаған соң, өңеш ішіне арнайы эндопротез секілді силикон түтікшесін, ал өңеш айналасына 2 каналды түтікшені қалдырып, жараны жауып тастайды. Баланың сілекейі өңеш ішіндегі түтікше арқылы асқазаңға еркін келіп тұрады, ал көкірек қуысына қойылған екі каналды жіңішке түтікше өңештің тесілген жерін жуып тазалауға мүмкіндік береді.

Ал енді өңештің осы тесілген жеріне қалай барады? Соған тоқталайық. Егер өңештің тесілген жері мойынға жақын болса, I—II кеуде омыртқасы тұсында болса, онда қабынған жерді сол жақтағы самай мен төс және бұғананы байлап ығыстырып тұрған бұлшық еттің іш жағынан кесіп, оны тысқа қарай итере отырып өңештің айналасын ашады.

Өңештің түсі қызғылт, алдында трахея, ал екеуінің арасында нерв талшықтары орналасқан. Осы талшық үзіліп кетсе, баланың даусы сыбырлап шығатын болады.

Өңештің кеуде тұсы іріңдеп тесілуін (III кеуде омыртқасынан X кеуде омыртқасына дейін) оң жақ кеуде қуысын ашу арқылы немесе кеуденің осы тұстардағы көкетін сыпырып ашып емдейді. Кеуденің көк еті 3 жасқа дейінгі балаларда жақсы сыпырылады, ал одан үлкен балаларда қиындау. Егер кеуде қуысында ауа мен ірің болса, көк етті сыпырып жасайтын операцияның қажеті де жоқ.

Өңештің ішкі бөлігінің тесілуінен болған медиастенитті іштің жоғарғы бөлігін ашып емдейді. Іш жарасы бұл кезде төс сүйектің яғни шеміршектің басынан кіндік тұсына келгендей болады.

Бауырдың сол жағын босатып, өңештің диафрагмадан шығып тұрған бөлігін ашады, содан соң диафрагма 5—6 см жоғары қарай тілінеді, оның алдындағы диафрагманы бойлай жүретін күре тамырды екі жағынан да тігіп байлап тастайды.

Содан соң өңеш айналасын саусақпен кеңейтіп, іріңді тазартады. Осы тазартылған жерге арнайы түтікше және дәкеден жасалған үлкен тампон қойылады. Көкірек қуысынан шығып жатқан ірің ішке түспейді.

Жоғарыда біздер тоқталған операциялардан басқа да операция түрлері бар. Мысалға, өңештің тесілген жеріне эзофогоскоп аппараты арқылы түтікше қойып, оны жұтқыншақтан тесіп шығарып, сол арқылы іріңді жуып тазалап, дәрілермен емдеуге болады.

Медиастенит өңеш тесілмей-ақ пайда болса, оны инемен сорып алып емдеуге болатынын Ю. Ф. Исаков дәлелдеген. Өңеш тесілген кезде жедел түрде жасалатын операциялардың бірі — асқазанды тесіп түтікше ендіру (гастростома) операциясы. Бұл операцияны көбінесе асқына бастаған медиастенитке жасайды.

Шамамен медиастенитке операциялар 12 сағаттан соң жасалса, онда гастростома операциясын қоса жасаған дұрыс. Бұл операциядан соң баланы тікелей тамақтандыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл операцияны өңештің тесігі кеуде немесе іш бөлігіне жақын орналасқанда да жасалады.

Егер өңештің тесігі ішке жақын болса, онда рефлюкске (қайта ағуға) қарсы жасалатын Ниссен немесе Каншин операциясын қоса жасаған дұрыс. Бұл операциядан кейін, өңештің формасы сия сауыт тәрізденіп, оған асқазан сөлі түспейді, сондықтан өңеш жарасы тез жазылады.

Медиастенитті емдеу жолының бірі — өңештің тесілген жерін тігу. Өңештің тесілген жерін алғашқы 12— 18 сағат ішінде тіккен жөн деп жүр. Шынын айтқанда, осы уақыттың өзі тым көп. Біздің байқауымызша алғашқы 4—6 сағаттың ішінде-ақ өңеш жарасының айналасы қабынып, оны тіккенмен де тігістері жараны толық ұстап тұра алмайды.

Тігіс жараны ұстап тұруы үшін қазіргі кезде оны көк етпен қаптау, диафрагмамен қоршау, қабырға аралығындағы еттерді алып тігу, арнайы МК-14 желімімен тігістерді бекіту сияқты қосымша операциялар жасалады. Жоғарыда айтылып отырған хирургиялық операциялардың қайсысын қолданған дұрыс деген сұрақ туады.

Ғалымдар Б. Д. Комаров, Н. Н. Канишин, М. М. Абакумов соңғы жылдары өңештің тесілген жерін емдеудің ең тиімді жолы — жуып-сору әдісін қолдануды ұсынды. Осы ғалымдардың есептеуінше, бұл екі процесті бір мезетте қолданудың нәтижесінде 10 ауырған адамның 9-ы толық жазылып шыққаны анықталған.

Ал енді бұл ғалымдар осы табысқа қалай жетті. Ең бірінші өзіміз айтқандай өңештің іріңдеген жерін ашқан соң, оны жақсылап жуып тазартады, содан кейін өңеш жарасын тігеді. Егер өңештің мойынға жақын бөлігі тесілсе (1 кеуде омыртқасының көлеміне дейін) онда өңештің айналасына 2 каналды диаметрі 6—8 мм бір силикон түтікшесі ендіріледі.

Түтікшенің кеңірек жерінен 2—3 үлкен тесік жасап, ал каналдың ұшын 100 мм-дей кем етіп қиып тастайды. Операция жарасы толық тігіледі, ал екі каналды түтікше жараға жақын басқа жерден шығарылады. Баланы операциядан соң бөлмеге келісімен-ақ 2 каналды түтікшенің үлкеніне арнайы сорғыш виброаппарат жалғайды.

Сол аппарат арқылы өңеш айналасындағы жараның іріңі сорылып алынып отырылады. Түтікше өңеш айналасындағы тканьдерге жабысып қалмау үшін, екінші жіңішке канал арқылы минутына 2—3 мл антисептик ерітіндісін жараның айналасына жіберіп отырады. Жуып тазалайтын антисептик ретінде 1:5000 фурациллин ерітіндісі пайдаланылады.

Егерде өңештің тесігі кеуде омыртқасы тұсында орналасса, онда өңеш айналасына екі каналды 2 силикон түтікшені қалдырады. Бір түтікшені өңештің жарақаттанған жеріне ал екінші түтікшені өңешті бойлай орналасқан ірің қалтасының түбіне қояды.

Өңештің жараланған жері 5-кеуде омыртқасы тұсынан төмен болса, онда өңеш айналасына екі каналды 2 түтікше қойылады. Ол кезде операция көбіне кеуде қуысын ашып жасалады.

Бірден екі каналды түтікшені өңеш айналасына қойып, омыртқаға жақын кеуде қуысының көк етіне жетпейтін жерден шығарады. Ал екінші екі каналды түтікшені өкпе қуысына қалдырады, сол арқылы өкпенің айналасындағы ірің сыртқа шығарылып отырылады.

Жарақаттанған өңеш X кеуде омыртқасынан төмен орналасса, онда операцияны ішті ашып жасайды. Өңеш айналасын диафрагманы тіліп кеңейтеді. Іріңді жуып тазалаған соң өңеш айналасына 2 каналды силикон түтікшесі қойылады. Диафрагманы қайтадан тігіп тастайды.

Екінші силикон түтікшені бауырдың үстіне, диафрагманың астына көлденең қояды. Бұл түтікше өңеш айналасындағы іріңнің ішке жайылуынан сақтайды. Жоғарыда айтылған бірден жуып-сорып алу әдісін жараны толық жаққанда ғана істейді. Дренаж ретінде қойылған түтікшелер шамамен 2—3 жетіге дейін өңеш тесігі бітелгенше тұрады.

Өңеш айналасының қабынуын бұл операциялар едәуір жақсартады, бірақ одан толық жазылып кете алмайды. Сондықтан да осы бағытта көптеген ғылыми ізденістер жасалған. Осы ретте Ш. Жураевтың (1981) жұмысы көңілге қонарлықтай. Жоғарыда айтылған операциялардың көбі өңештің тесігін бірден бітей алмайды.

Ауыз қуысы арқылы күніне 1,5 литрге жуық сілекей өтеді, оның біразы өңеш айналасына жиналып ауруды қоздыра түседі. Бұл ретте Ш. Жураевтың 1982 жылғы медиастенитті эндопротез арқылы емдеу жөніндегі ізденісі ірі жетістік болып табылады.

Осы өңеш іші эндопротезін жасауға профессор К. С. Ормантаев, доцент К. К. Қожақанов, медицина ғылымының кандидаттары В. Л. Джаксон мен А. К. Қарабековтер қатысты. Эндопротездің ұзындығы өңеш ұзындығына сәйкес, ал көлемі 8, 11, 13 мм болады. Түтікшенің қалыңдығы 2—3 мм.

Осы қабатты бойлай дәрілерді өңеш ішіне енгізуге арналған спираль түрінде каналдар орналасады. Түтікшенің жоғарғы және төменгі бөлігінде латекс резинадан жасалған екі керілмелі сақина бар. Сақинаны керетін арнайы жіңішке түтікше мен дәріні енгізуге арналған түтікше арқылы — өңеш ішіндегі эндопротезді бір орында жылжымайтын етіп ұстап тұрады.

Осы жіңішке түтікшелер мұрын жолы арқылы қозғалмайтын етіп бекітіледі. Сонымен бірге эндопротездің асқазанға кіріп тұрған бөлігіне, қарыннан тамақ кері түспеуі үшін, арнайы желбезекшелер жасалған.

Бұл эндопротезді қалай пайдаланған жөнінде бірнеше мысалдар келтірейік.

Бірде 14 жасар Гүлнардың туа біткен өңеш қалтасына операция жасалынды. Қалтаның өңешпен жалғасқан жері 12 см-ден де үлкен екен. Ыждағаттап тігілгеніне қарамастан, операциядан 4 күн өткен соң тігістері сөгіліп, сілекей кеуде қуысына аға бастады. Кеуде қуысы қабынып, баланың жағдайы күрт төмендеді.

Хирургтердің алдында күрделі проблемалар пайда болды. Асқазанға гастростома операциясы жасалынды, алайда ол кеуде қуысына өңеш арқылы түсіп жатқан сілекейден қорғай алмады. Сондықтан өңешке эзофагоскоп аппаратының көмегімен арнайы эндопротез қойылды.

Эндопротез қойылған күннен бастап Гүлнар оңала бастады, сілекей ағуы біржола тоқтады, денесінің ыстығы түсті. Өңеш ішіндегі эндопротез 22 күннен кейін алынып тасталды. Бұдан соң гастростоманы да жапты.Эндопротездеуді тек медиастениттер ғана емес, өңешке жасалатын пластикалық операцияға да қолдануға болады.

Сәбиді аузына әр нәрсені салғызбай, үнемі үйретіп, қадағалау керек. Баланың денінің сау болып өсуі, көп жағдайда ата-анаға да байланысты.

Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының іріңдеп қабынуы.Медиастенит.

Созылмалы остеомиелитті қандай жолмен емдеуге болады.

Өкпе мен кеуде қуысының деструкциясы және оның алдын-алу.

Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.

Пікір қалдырыңыз