Нәрестенің кіндігінің қабынуы

  Балалар ауруы

Жас нәрестенің кіндігінің қабынуы (омфалит) немесе оның айналасындағы тканьдердің қабынуы омфалит деп аталады. Нәрестенің кіндігін кескен жеріне инфекция түссе, ол қан тамырлары арқылы жайылады. Кіндік тамырлары қабынып, қан іріңді тромбаға айналады. Бірте-бірте ірің кіңдік тамырларынан тереңдеп кіндіктің айналасындағы тканьдерге таралады.

Осылайша кіндіктің қабынуы жас баланың перитонитіне, остеомиелитіне тағы басқа да денедегі іріңді ауруға душар етеді. Сондықтан омфалитті алдын алып дұрыстап емдеген жөн.Омфалиттің түрлері бар жәй омфалит, іріңді флегмона түріндегі омфалит, некрозды омфалит.

Жәй омфалит кіндік жарасының ұзаққа созылған қабынуынан болады. Жарадан іріңді сары су ағады, жараның беті қабыршақтанады. Баланың көңіл-күйі онша бұзылмайды.

Флегмона түріндегі омфалит кіндік жараның айналасы ісініп, кіндік қан тамырлары білеуленіп, қызарады. Білеуленген қан тамырын басса, одан ірің шығады. Бала мазасызданып, денесінің ыстығы көтеріледі, емшек ембей қояды.

Некроз түріндегі омфалит флегмона түріндегі омфалитке ұқсас. Некроз түріндегі омфалитте ірің тереңдеп ішке қарай жайылады. Кейде іштің көк еті де тесіліп, іштен ішек шығуы (эвен-терация) да мүмкін.

Некрозды омфалит кезіндегі баланың жағдайы нашарлап, ыстығы 39—40°-қа көтеріледі. Бала құсып, емшек емуден қалады, іші өтеді. Еріндері кебірсіп, таңдайын, тілін ақ қабыршақ басады. Қанның ақ түйіршіктері көбейіп, тиісінше қызыл түйіршіктері күрт азаяды. Омфалитке диагноз қою мамандарға қиын емес. Ал, емдеу әжептеуір ыждағаттықты талап етеді.

Жәй омфалит кезінде негізгі ем кіндіктің жарасын емдеу. Ол үшін кіндіктің жарасын сутегі тотығының 3% ерітіндісімен жуып, марганцовканың ерітіндісін немесе бриллиант жасылының ерітіндісін жағады.

Флегмона түріндегі омфалитте баланы комплексті емдеу керек. Яғни балаға антибиотик егіледі, организмнің қорғану қабілетін күшейту үшін қан, плазма құйылады, ү-глобуллин егіледі, витамин беріледі. Ал флегмона түрінде өзгерген жараға келетін болсақ, оны емдеу үшін алдымен новокаин мен антибиотик араластырған бірнеше нүктеден кіндікке қарай блокада жасалады.

Мұндай блокада кезінде кіндіктің жарасынан, оның тамырларынан ірің көптеп шығады. Блокада түрінде енгізілген антибиотиктердің шамасы баланың бір күнгі алатын дозасының мөлшерінен кем болмауы керек. Жараның өзі 3% (сутегі тотығының ерітіндісімен жуылады, содан соң 10%) ас тұзының ерітіндісімен немесе фурациллиннің ерітіндісімен байлайды.

Жараны жуып, тазалар алдында түрлі физио ем жасалынады. Кіндік тұсын рентгенге түсіреді. Кейде омфалитті кіндік тамырлары айналасына жиналған тұздардың қоздыруы да мүмкін. Егер рентген пленкасында тұздардың белгісі болса, кіндік тамырларының айналасын арнайы қасықшамен тазалайды да антибиотикпен жуады.

Некрозды омфалитте де осы айтылған ем қолданылады, некроза ұшыраған теріні шахмат тәрізді шаршылап тіледі. Олар терілердің бүлінбеген жерін де қамтиды. Емдеу барысында балаға арнайы донорлардан тікелей қан құйылады, стафилакокке қарсы ү-глобуллин егіледі, плазма және тағы басқа да ерітінді түріндегі дәрі (реополиглюкин, гемодез) құйылады.

Бала организміне витамин, жүрек дәрісі, қоздырғыш стимулятор да көптеп енгізіледі.Омфалит басқа да ауруға шалдықтыруы мүмкін, сондықтан оны дер кезінде емдеген тиімді.

Жаңа туған нәрестенің емшек безінің қабынуы (мастит).

Жас нәрестелердің терісінде пайда болатын түрлі іріңді аурулар.

Балаларда жиі кездесетін Лимфаденит ауруын қалай емдейді.

Күбірткені қалай емдейді және оның қандай түрлері бар.

Пікір қалдырыңыз