Өкпе деструкциясы

  Балалар ауруы

Өкпенің күрт қабынуының (пневмониялық) ең ауыр түрі — өкпенің бактериялық деструкциясы. Өкпе деструкциясы 3 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі.

Бұған кішкене баланың негізінен тыныс жолдары ішкі қабатының нәзіктігі, тез ісініп, ауаны тазалау мүмкіндігінің әлі толық қалыптаспауы, кеуденің нашар керілуі, кеуде қуысы диафрагмасының толық қалыптаспауы сияқты анатомиялық ерекшеліктері, сондай-ақ нәрестенің орталық нерв жүйесі клеткаларының функциялық қызметінің жетімсіздігі себепші болады.

Аурудың асқынуына жас балаларда иммунитеттің жетілмеуі де ықпал етеді. Иммунитеттің қалыптаспаушылығы — балалардың ұзақ уақыт тек сүтпен қоректенуінен, анасының дұрыс тамақтанбауынан болады. Бұл басқа да ауруға әкеп соқтыруы мүмкін.

Өкпенің күрт қабындыратын қоздырғыш микробтар. Ғалымдардың айтуынша (М. Р. Рокицкий 1978, Ш. Ф. Исаков т. б. 1978) бұл ауруды 80%-ке дейін стафилакокк микробы қоздырады екен.

Алайда Г. А. Бойков, Д. Э. Абкин (1981), М. Я- Студеникин, А. И. Ленюшкин (1981) өкпенің күрт қабынуы кезінде ірің мен қаннан басқа да микробтардың өсіп шығатынын жазған. Ю. Н. Белокуров, А. Б. Граменицкий, В. М. Малодкин секілді ғалымдар ауруды қоздырушы микробтар ішінде теріс грам (грам отрицательный) микрофлораларының көбейгенін байқаған.

Мұндай микроорганизмдерге көк ірің таяқшасы (синегнойная палочка), ішек таяқшалары (кишечная палочка), ауасыз жерде тез көбейетін анэроб микробтары мен бактеройдтар жатады.Бұл микробтар организмге қалай әсер етеді? Бұл жөнінде арнаулы әдебиеттерде тым аз жазылып жүргендіктен кеңірек тоқталуды жөн көрдік.

Стафилакокк микробының мынандай түрлері бар: ақ стафилакокк, алтын түсті стафилакокк, күлгін түсті стафилакокк. Организмге стафилакокк түрлі у мен ферменті арқылы әсер етеді. Ол улы заттар гемолизин — қызыл қан түйіршіктерін ыдыратады, лейкотоксин — ақ қан түйіршіктерінің құрамын бұзады, энтеротоксин — ішектердің ішкі кілегей қабатына әсер етеді, дермонекротоксин — теріні ыдыратады т. б.

Осы улы заттармен бірге стафилакокктен бөлінетін коагулаза ферменті — қан түйіршіктерін ұйытады, содан ұсақ қан тамырларынан қанның жүруі нашарлайды, ал гиалиуронидаза ферменті болса, сіңірлі тканьдердің қызметін тез бұзып, өкпенің қабынуын барынша тездетеді.

Сондай-ақ стафилакокк бактериясы ткань клеткаларының ішінде болатын зат алмасу процесіне де әсер етеді, тканьдердің оттегімен тыныс алу мүмкіндігін төмендетеді. Өкпе стафилакокктен қабынғанда тез шіриді. Балада бұл микробқа қарсы туа біткен иммунитет болмайды, ал ауру салдарынан пайда болған иммунитет тұрақты емес. Сондықтан өкпе деструкциясымен баланың қайта ауруы да ықтимал.

Көк іріңді бактериядан болған өкпе деструкциясы өте тез өршіп, денсаулықты күрт нашарлатады. Науқастың қан қысымы төмендеп, еріндері көгеріп, жүрегі жиі соғып, тез әлсірейді. Бұл микробқа антибиотиктердің әсері шамалы. Міне сондықтан да емдеу процесін ұйымдастыру да күрделі.

Көк іріңді микробтың, басқа да микробтармен бірігіп екпе деструкциясын қоздыруын емдеу дәрігерлерге де қиынға соғады.Өкпе деструкциясының пайда болуына ішектердегі бактериялар да ықпал етеді. Олар басқа микробтармен қосылып ауруды қоздыратын болса, онда баланың аурудан айығуы қиындайды.

Соңғы кезде медициналық зерттеу еңбектерінде ауасыз жерде өсетін микробтардың да түрлі  іріңді қоздыратыны анықталды. Мұндай кезде аурудың жағдайы қатты нашарлап, қан қысымы төмендейді, денесі сарғайыңқырап, жүрек соғысы баяулайды. Сырқатқа қаннан дайындаған сарысумен (y — глобурин сывороткасы) егіп емдеу керек, өйткені ауруға антибиотик дәрілері көмектесе алмайды.

Газ бөліп шығаратын, бірақ дене құрылысы бактерияға ұқсамайтын организмнің жаңа түрлері де пайда болуда. Оларды бактеройд деп атайды. Бұл бактеройдтардың бактериялардан ерекшеліктері — олар спора бөлу арқылы көбеймейді. Бактеройдтардан пайда болған инфекция тез дамып, организмді лезде улайды.

Бактеройдтардан бөлінген улы заттар клеткалардың қызметін нашарлатып, қанның ұю процесін күшейтеді, яғни улы заттар организмдегі гепаринді азайтады. Жалпы денедегі гепариннің мөлшерінің азаюын бірте-бірте қанның ұюын нашарлатып, баланың денесінің әр жерінен қан кете бастайды. Мұндайда ет пен терінің арасына қан жиналады, дене қанталайды, кейде қан аралас құсады.

Бұл микроорганизмнің әсерінен пайда болатын аурулардың өзіндік клиникалық ерекшеліктері бар, ол бір мезгілде бірнеше органдарда (өкпеде, сүйектерде т. б.) іріңдердің пайда болуы арқылы білінеді.

Қазіргі кезде бактеройд микробтарынан пайда болған ауруларды емдеу әдісі әзірге аса нәтижелі дей алмаймыз. Сондықтан ғалымдарымыз бұл аурудың емдеу жолдарын әлі де іздестіруде. Бұл жерде біз өкпе деструкциясын қоздыратын микрооргандардың қоршаған ортада әр түрлі сипатта болатынын көреміз. Негізгі микроб стафилакокк.

Өкпе деструкциясын рентгеннің көмегі арқылы тексеру.

Өкпе деструкциясының түрлері және оны анықтау.

Өкпе мен кеуде қуысының деструкциясы және оның алдын-алу.

Өкпе деструкциясын емдеудің қандай жолдары бар.

Пікір қалдырыңыз