Өкпе деструкциясын анықтау мен оның түрлері

  Балалар ауруы

Өкпе деструкциялары бірнеше түрге бөлінеді. Ол алдымен өкпенің ішінде сыртқы қабатына жақын бір- бірімен қатар жатқан кішкене сыздауыққа ұқсаған ірің түрінде білінеді. Бұл іріңдер ұлғайып кетуі мүмкін. Егер ірің өрши түссе, өкпе тесіліп, өлі тканьдер, іріңді заттар кеуде қуысына түсуі мүмкін.

Мұндай жағдайда өкпемен бірге кеуде қуысының көк еттері (плевриттер) де қабынады. Ірің мен ауаның кеуде қуысында қатар болатын түрін — пиопневмооторакстар (пио- ірің, пневмо — ауа, торакс — кеуде деген латын сөздері) деп атайды. Егер өкпе деструкциясы 3 айдан артық уақытқа созылса, онда оны созылмалы деструкция деп атайды.

Өкпе деструкциясының пайда болуына, дамуына денедегі елеусіз түрлі іріңдер: терідегі түрлі жаралар, құлақтың ішінің қабынуы (бұлақ ағу), тістің кариесі, баспа ауруы т. б. әсер етеді.

Өкпе деструкциясын анықтау жолдары

Өкпе деструкциясы көбінесе күрт басталады. Бұл аурудың өзіне тән бірнеше клиникалық айқын белгілері бар. Оларға ең алдымен тыныс алудың нашарлауы, дененің улануы (бауырдың ісінуі, асқа тәбеттің болмауы) жатады.

Алғашында науқас баланың мұрнынан су ағып, түшкіреді, денесінің ыстығы бірден көтерілуі ықтимал. Осы айтылған жайлар тұмауратып жүрген кезде байқалса мұны «тұмау»—«грипп» деп шатастырған ата-ана дәрігер шақыруға мән бермей тұмауға берілетін  әртүрлі дәрілермен емдей бастайды.

Алайда бір-екі күннен кейін баланың тынысы тарылып, дем алысы жиілейді, іші кебіңкіреп (кейде екі-үш рет өтіп) әлсірейді, терісі сарғылт тартып, дене ыстығы бұрынғыдан да жоғарылайды. Бұл кезде бала әр жерінің ауырғанын айтады, аяқ-қолдары сырқырап ауырып, кейде түйіліп тартылуы мүмкін.

ЬІстығы өте жоғарылаған кезде баланың жүрегі айнып құсады. Бұл айтып отырған белгілердің бәрі әрине нейротоксикозға, яғни түрлі улы заттардың миға әсер етуінен байқалады. Егер дәрігерлер баланы дұрыстап қарап, ауру белгілерін жедел анықтамаса, балаға әр түрлі диагноз қойылуы мүмкін.

3 жастағы Айнұр кешкі асқа отырып, тамақ іше бастаған кезде анасы қызының мазасызданып, берген тамағын ішпей отырғанын аңғарды. Денесін ұстап көргенде ысып тұрғанын байқады. Төсекке апарып жатқызып, суық тиіп қалды деген оймен аспириннің жарты таблеткасын береді.

Шайға таңқурай салып ішкізді. (сәлден соң бала аздап терлеп, тыныштанғандай болады. Арада 3—4 сағат өткеннен соң баланың ыстығы бұрынғыдан да қатты көтеріледі. Шақырылған жедел жәрдем дәрігері балаға тұмау тиген, өкпесі таза деп қорытынды жасайды, аспирин, этазол беріп, тамағын шалфеймен шайыңдар деп кеңес береді.

Алайда, бұл айтылған емнен бала айығудың орнына, барған сайын жағдайы төмендей түседі. Екі-үш рет құсып, іші өтеді. Бала кіндігінің түбі ауыратынын да айтты. Ертеңіне келіп қараған дәрігер, Айнұрға «соқыр ішек» деген диагноз қойып, оны орталық ауруханаға жіберді.

Ауруханаға келіп түскен баланы көрген кезекші хирург, оның тынысы тез өзгергенін байқады. Баланың іші жұмсақ екенін аңғарды. Дәрігер Айнұрдың өкпесін тыңдап көріп, оң жақ өкпенің ішінде сырылы барын анықтады. Саусақпенен соғып қарағанда өкпедегі дыбыс баяу естілді. Рентгенге түсіргенде оң жақ өкпенің төменгі жағының қарайғаны көрінді. Дәрігер «өкпе деструкциясының» орнына шатастырып «соқыр ішек» диагнозын қойған.

Өкпе деструкциясының екінші түрі баяу басталады, шын мәнінде «тұмауға», «грипке» ұқсайды. Баланың жағдайы бірте-бірте нашарлап, тамаққа тәбеті болмайды, көп терлейді, түрлі антибиотиктерді қабылдағанына қарамастан ыстығы әлсін-әлсін көтеріле береді. Терісі суланып, сұрғылт тартады. Іші шамадан тыс үлкейіп, дем алысы жиілейді.

Баланың жағдайы бірде жақсарғандай да болады. Аурудың жағдайы бір-екі жетінің шамасында бұрынғысынан нашарлап, тынысы тарылып, ыстығы көтеріледі, жүрек соғысы нашарлайды. Өкпе қабынуының ерекше белгісі — жөтел.

Алайда өкпе деструкциясымен ауырған балаларда жөтел бірден пайда болмауы да мүмкін. Баяу басталған өкпе деструкциясында жөтелдің пайда болуы жиі кездеседі. Яғни балада осы уақытта құрғақ жөтел пайда болады.

Өкпе деструкцияларын айқындайтын ерекше белгілердің бірі — түрлі абсцесстер. Абсцесстер дегеніміз өкпе ішінде пайда болған іріңдер. Өкпе деструкциясы абсцеске айналғанда баланың ыстығы 38—39° градусқа дейін көтеріледі, нейротоксикоз (тамақка тәбеті болмайды, құсады, іші өтеді, денесі, аяқ-қолы тартылады) байқалынады.

Жас балаға дереу ем қолданбаса ол өліп кетуі мүмкін. Ауру тез өршиді, яғни оған қарсы емдеу, әсіресе, іріңді тазалауды тез жүргізу қажет. Егер өкпедегі абсцестер өкпенің сыртқы қабатына жақын жатса, онда оның ішіндегі іріңдер мен өлі тканьдер өкпенің сыртқы қабатын жарып кеуде қуысына тез жайылады. Мұның өзі баланың жағдайын одан сайын нашарлата түседі.

Өкпе деструкциясының клиникасы жеңілдеу түрі көбіне (булла түрінде) өкпеде ауалы кеңістіктердің пайда болуынан байқалады. Біздер тексерген ауруларда булла (яғни, ауалы кеңістіктер — қуыстар) баланың өкпе деструкциясының әр түрінен жазыла бастаған кезде пайда болған.

Өкпеде мұндай кеңістіктердің пайда болуын — кейде баланың аурудан айыға бастағанының белгісі ретінде де қарауға болады. Енді осы кеңістіктер қалай пайда болады, соған тоқталайық. Бұл туралы ғалымдар екі түрлі пікір айтады: біріншісі, буллалар бұрынғы абсцесстердің орнында пайда болады дейді, екіншісі, буллалар абсцесстердің орнында емес, керісінше өкпенің шірімеген, бірақ қабынудың салдарынан тыныс жолдары қысылған жерінде пайда болады дейді.

Осы кезде көп уақыт бойы қабыну салдарынан қысылып тұрған кішкене тыныс жолдарының (бронхиолдары) ішкі кілегей қабаты зақымданып, әр жерінде жара пайда болады. Осы жаралар арқылы бронхиолдарға енген ауа өкпеде әр түрлі көлемдегі қуыстардың пайда болуына әсер етеді.

Өкпедегі қуыстардың әр түрлі болуы бронхыдағы жараның үлкен-кішілігіне, онда қақпақша пайда болуына байланысты деп түсіндіреді ғалымдар. Көп жылғы зерттеу жұмыстары буллалардың абсцесстер орнында емес, өкпенің қабынған басқа бөліктерінде де пайда болатынын көрсетіп отыр.

Оның үстіне бұл қуыстардың бірте-бірте өздігінен бітіп кететінін ескерсек ол абсцесстерден босаған орынға ұқсамайды. Себебі абсцесс орнынан босау бойына өкпе тканьдері жауып кетеді.

Өкпе деструкциясы көбіне кеуде қуысының түрлі қабынуымен аяқталады. Олар пиоторакс (кеуде қуысына іріңнің жиналуы) немесе пиопневмоторакс (іріңмен қоса ауаның жиналуы) және пневмоторакс (кеуде қуысына тек ауа жиналуы, болып үш түрге бөлінеді. Енді өкпе мен кеуде қуысының қабыну ерекшеліктеріне тоқталайық.

Пиоторакс — кеуде қуысына іріңнің жиналып, қабынуы. Осы іріңнің кеуде қуысына таралуына, өкпе іріңі елеулі ықпал етеді. Өкпенің сыртқы жылтыр қабатына жақын орналасқан ірің бірте-бірте оны теседі де кеуде қабатын қабындырады. Ал кеуде қуысына жиналған ірің кеуде қуысын керіп, өкпені сыға бастайды.

Өкпе өзінің қалыпты орнынан қабынбаған жаққа қарай ауысады. Жүректі де қысады. Өкпенің осылайша қысылуы, дем алысты нашарлатады, яғни денеге оттегінің енуі күрт төмендейді. Бұл аурудың айырықша клиникалық асқыну белгісі болып табылады. Бала жиі, деміге дем ала бастайды. Бірақ дем алысы терең болмайды.

Мұрын желбезектері делдиіп, оның айналасы көгілдір тартады. Жүрек соғысы жиілейді. Өкпенің сыртқы және кеуде қуысының ішкі қабаттары арасына жиналған ірің сол ішкі нерв рецепторларына қатты әсер етеді. Ол баланың ауырған кеуде қуысының тұсы шаншып қатты ауырып, құрғақ жөтел пайда болады.

Пиопневмоторакс — өкпе мен кеуде қуысы арасына ірің мен ауа жиналуы. Пиопневмоторакстың біліну белгісі кеуде қуысына жиналған ауа мен ірің мөлшеріне, сондай-ақ тесілген өкпе бронхысында қақпақшаның болу-болмауына байланысты. Пиопневмоторакс өкпе деструкциясының ең қауіпті асқынуы, егер дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмесе, бала өміріне қауіп төнеді.

Пиопневмоторакс асқынуында бала аяқ астынан дем ала алмай қалады. Ол жиі-жиі деміге береді, денесін суық тер басып кетеді. Аяқ-қолдары көгеріп, сәлден соң дем алысы сиреп, денесі босап, сұлық жатып қалады. Жүрегі алғашында өте жиі соғады, кейіннен баяулайды.

Егер пиопневмоторакстың кеуде қуысын қатты қысатын бронхыда клапаны бар түрі болса, онда баланың жағдайы барған сайын төмендейді. Бала сирек дем алады, денесі суып, жүзі сұрғылт тартады. Түрлі дәрілерді еккенімен ол ешнәрсені сезбейді. Қан қысымы күрт төмендейді. Егер уақытысында көмек көрсетілмесе, пиопневмоторакстың бұл түрі жүректің тоқтап, баланың өлуіне әкеп соқтырады.

Пиопневмоторакстың басқа түрлерінде де кеуде қуысына жиналған ауа мен іріңнің өкпе мен вена тамырларына әсері бірте-бірте төмендейді. Артық ауа бронхыдағы тесік арқылы кері, яғни сыртқа шығады. Баланың 10—15 минуттан соң-ақ жағдайы сәл жақсарады. Бұл бала организмінің жаңа жағдайға бейімделе бастағанын көрсетеді.

Алайда тәжірибелі дәрігер жүректің шамадан тыс жиі соғып тұрғанын, ондағы өзгерісті бірден сезеді. Өкпені тыңдағанда кеуденің пиопневмотораксқа шалдыққан жерлері бос бөтелкені үрлегендегідей дыбыс шығарады, ал перкуссия тәсілінде өкпенің ауа бар жерінің үсті жаңғырып, ал ірің бар жерінің дыбысы әлсіз шығады.

Пневмоторакс — өкпе қуысына ауаның жиналуынан болатын өкпе деструкциясының асқынған түрі. Бұл аурудың да біліну ерекшелігі пиопневмоторакстың клиникасына ұқсас, бірақ біршама жеңілдеу. Ең ауыр түрі тесілген бронхыда клапан болғанда байқалады. Осы кездегі аурудың клиникасының біліну ерекшеліктері пиопневмоторакстың қақпақшалы түріне ұқсас келеді.

Бала денесі көгеріп, тынысы тарылады, тез-тез дем алып, ауаны аузымен қармағандай болады. Төсекте дөңбекшіп қатты мазасызданады, қара терге түсіп терлейді, сәлден соң тынысы бұрынғыдан да тарылып аяқ-қолы босап сұлық жатып қалады. Дем алысы тым сиреп, бірте-бірте тоқтап қалатындай. Жүрек соғысы алғашында өте жиі болғанымен кейіннен баяулайды.

Баланың ауа жиналған кеудесі торсыйып, қабырғаларының арасы арсиып кеткендей көрінеді. Перкуссия тәсілімен тексергенде кеуде қуысынан қатты жаңғырып дыбыс шығарады. Ал тыңдағанда бос шөлмекке ауа үрлегендегідей дыбыс естіледі.

Пневмоторакстың басқа түрлерінің клиникасы пиопневмотораксқа ұқсайды. Пневмоторакс кезінде баланың ыстығы және организмнің «улану» дәрежесі сәл ғана мөлшерде байқалады.

Өкпе деструкциясын рентгеннің көмегі арқылы тексеру.

Өкпе мен кеуде қуысының деструкциясы және оның алдын-алу.

Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.

Өкпе деструкциясы дегеніміз не және ол қандай ауру ?

Өкпе деструкциясын аурудың басқа түрлерінен ажырату.

Пікір қалдырыңыз