Отқа күйіп қалу

  Балалар ауруы

Соңғы кезде пайдаланылып жүрген заттарымыздың көбі жасанды заттар. Бұл заттар тез тұтанғыш келеді, оны есте ұстаған дұрыс. Отты сөндірген кезде мұндай заттарды пайдалануға болмайды.

Оқыс жағдайда киімге өрт тиіп жана бастаған кезде жан далбасамен қаша беруге болмайды. Жүгірген сайын киімдерді ауа кеулеп, от одан бетер лаулап жана түседі. Отқа күйіп қалған баланың киімдерін шешіп, оны таза матаға орайды, дәрігер келгенге дейін жылы шай немесе сүт беріп жатқызып қою керек.

Әр түрлі қышқыл мен сілті ертінділеріне күйіп қалған жағдайда тез арада мұздай сумен 15—20 минут бойы жуып, егер қышқыл ертіндісіне күйсе, зарарсыздандырылған бинтті, дәкені, шүберекті сода қосылған суға малып компресс жасау керек. Егер сілті ертіндісіне күйіп қалса, онда 15—20 минуттай таза суық сумен, бор, лимон, сірке қышқылдары араласқан ертіндіге малынған таза шүберекпен компресс жасалады (1 өлшем қышқылды 1 стакан суға қосады).

Жаз айларында балалар күнге күйеді. Ыстық күннің астында доп, асық ойнайды. Шыжыған күнде балаға күн өтуі мүмкін. Күн өткен баланың басы ауырып, айналады, құлақтары шуылдағандай болады. Жүрегі айнып, лоқсиды, құсады. Қатты шөліркейді. Екі беті қызарып, көзі жасаурайды. Іші ауырып, өтуі де ықтимал. Дем алысы жиілеп, тамыр соғысы нашарлайды. Көзі қарауытады, денесінің ыстығы көтеріледі.

Сондықтан да күн өткенін білген заматта тез арада баланы көлеңкелі жерге жатқызып, киімдерінің түймесін ағытып, басына, мойнына, қолтығының астына, шатына, кеудесіне мұздай зат басу керек. Салқын су ішкізген жөн. Күйікке байланысты мынаны есте ұстаған дұрыс. Кейбір ата-аналар күйікті жас баланың зәрімен, бензинмен жуады немесе күлдіреген жеріне топырақ және киіз күйдіріп, күлін себетіндері де бар. Кейбірі қаймақ және әр түрлі май, жұмыртқаның сары уызын жағады. Мұндай әрекеттер күйікті басудың орнына асқындырып жібереді.

Күйікті емдеу

Жас балалар өте тынымсыз, үш- қалақ, беймаза келеді. Олардың жанып жатқан отқа, ыстық шайға, суға, сорпаға күйіп қалатын кездері аз емес.

Жас балалардың ауыз қуысының сілекей қабығы, денесі, терісі өте нәзік, жұмсақ келеді. Сондықтан берілген тамақ ересек адамға онша ыстық сезілмегенімен, баланың аузын, өңешін күйдіруі мүмкін. Сондай-ақ сәбилерді жуындырғанда онша ыстық емес судың өзі де олардың денесін күйдіріп жібереді.

Баланы шомылдыратын судың температурасы 36—38 градустан аспауы тиіс. Күйікті ауыр, жеңілдігіне қарай төрт түрге бөледі. Жеңіл түрі кезінде тек тері қызарып, сәл ашып ауырады да, тез жазылып кетеді.

Екінші дәрежелі түрінде дене тереңірек күйеді. Күйіп қалған жер қызарып ісінеді, күлдіреп қалады. Күйген жер ашып ауырады, бала қатты жылап мазасызданады. Мұндай жағдайда медициналық көмек керек. Дұрыс емделсе, дененің терісі 1—4 аптадан соң жазылып кетеді. Күйіктің үшінші дәрежелі түрі — ауыр. Бұл жағдайда тері толығымен күйіп, ет қабаты да зардап шегуі мүмкін. Мұндайда дәрігерлік көмекпен қатар хирургтердің де жәрдемі керек.

Күйіктің төртінші дәрежелі түрі — өте ауыр болады. Күйген жер қайтып қалпына келмейді. Күйік сүйекке дейін зақымдайды. Кейде сүйек те күюі мүмкін. Мұндай жағдайда тек операция жасауға тура келеді.

Зардап шеккен баланың жағдайы күйіктің дәрежесіне не дененің қанша жерінің күйгеніне байланысты. Екінші дәрежелі күйік болғанымен бала денесінің көп жері күйсе, онда жағдайы өте нашар болуы мүмкін.

Бала күйген заматта-ақ шар етіп қатты жылайды. Ыстық сұйықты үстіне төгіп алған баланың су болған киімдерін тез шешіп, күйген жерін мұздай, ағынды таза сумен немесе марганцовка ертіндісімен жуады. Сонан соң таза шүберекті, дәкені араққа не спиртке батырып, күйіктің үстіне қою керек. Себебі күйген жерге ауру қоздырғыш микробтар түсуі мүмкін. Сонан соң жедел жәрдем шақыру керек.

Ыстық тамақты не шайды ұрттап алып аузын, жұтқыншағын күйдіріп алған жағдайда балаға тез арада мұздай су немесе мұз берген дұрыс.

Күйік дегеніміз не, түрлері мен дәрежелері қалай аталады?

Көзге әк, көмір, топырақ, құм түссе қандай көмек көрсету керек.

Суға батқан немесе найзағай соққанда көрсетілетін алғашқы көмек.

Бала бөгде зат жұтып қойғанда көрсетілетін алғашқы көмек.

Пікір қалдырыңыз