Соқыр ішек ауруының асқынған түрлері

  Балалар ауруы

Соқыр ішектің асқынуы ересектерге қарағанда балаларда жиі кездеседі. Бұған себеп соқыр ішектің іштегі орналасу ерекшеліктері және іштегі органдардың жетіліп болмауы. Асқынған соқыр ішек ауруының сыртқы біліну түрлері соқыр ішекке қатысы жоқ басқа ауруларға да ұқсас болады.

Соқыр ішек ауруының асқынуы көбіне жалпы органдарының улануынан да білінеді. Мұндайда баланың ыстығы көтеріліп, жиі құсып, тамыры соғуы нашарлап, сарғайып, кіші дәретке жиі-жиі отырады.

Бұл басқа да ауруларға ортақ белгілер. Осы жоғарыда көрсетілген ауру белгілері байқалса, дәрігерлер кейде, сары ауру, ет жолдары қабынуы, зәр жолдарының қабынуы немесе тамақтан уланған деп диагноз қойып, қателесуі мүмкін.Соқыр ішек тесілуі белгісі. Соқыр ішектің тесілуі, флегмона немесе гангрена түрінде шіріген соқыр ішек өскінінде болады.

Соқыр ішек өскіні тесілгенде, ішектің көк еті қабынып перитониттің алғашқы белгісі білінеді. Ал соқыр ішек жоғарғы жуан ішектің астыңғы жағында немесе сыртына қарай орналасқан болса, онда бұл аурудың клиникасы көпке дейін анық білінеді.

Балалардағы соқыр ішек ауруының басты ерекшеліктерінің бірі сол, қабыну процесі басталғаннан кейін-ақ көп ұзамай соқыр ішек өскіні тесіліп кетеді. Бұл әсіресе үш жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Осы жастағы балаларда соқыр ішек өскенінің тез тесіліп, ішке іріңнің жайылуы, осы органдарының әлі жақсы жетілмеуіне байланысты.

Соқыр ішек өсігі іріңдеп, тесілген кезде, іш өте қатты ауырады. Мұндай жағдайда бала дөңбекшіп, ішін басып жылайды. Осы кезде ол екі-үш рет құсады. Баланың түсі сұрланып, бет әлпеті көгеріңкі тартады. Денесінен суық тер шығады. Тамыр соғысы жиілеп, қан қысымы нашарлайды. Таңдайы кеуіп, тілінің үсті ақ қабыршақтанады.

Осы кезде іштің оң жағын басып көрсе, іш еттерінің қатайып, білеуленіп тұрғаны байқалады. Егер ішті саусақпен басып тұрып бірден қолды көтеріп алсаң, бала селк ете қалады, яғни ауырғаны айқын байқалады. Қанның анализінде, қанның ақ түйіршіктері көбейіп, лейкоциттер саны 15—18 мыңға жетеді.

Алайда, осы айтылған аурудың асқынған түрінің білінуі, соқыр ішектің қалыпты орналасқан жайында кездеседі. Егер соқыр ішек өскіні жоғары қарай көтерілген жуан ішектің астында жатса, оның белгісі көп уақытқа дейін білінбейді, бұл кезде ауру бүйрек тұсына жайылады. Баланың іші жұмсақ бола тұра-ақ, оның денесінен жалпы уланудың белгісі байқалынады. Мұндай жағдайда баланы тамақтан уланған деп емдеу де жиі кездеседі.

6 жастағы ауырған Маратты 6 сағат өткен соң клиникаға алып келді. Баланың халі ауыр, 3—4 рет құсқан, іші де өткен. Ата-анасынан баланың қай уақытта, қалай ауырғанын сұраған кезекші дәрігер, баланың ауруын көшеден сатып жеген самсамен байланыстырып, тамақтан уланған деп тапқан. Сөйтіп оны «Соқыр ішек емес» деп жұқпалы ауруларды емдейтін клиникаға жіберген.

Жұқпалы ауруларды емдейтін емханада балаға қан тамырлары арқылы түрлі дәрілер жібергенімен балаға жеңілдік бола қоймаған. Ол ішім ауырады деп жылап, қайта-қайта құсып, қан тамырының соғуы жиілеген (шамамен 140—150 дейін). Баланың ішін қолмен басып тексергенде, оң жақ бөлігіне тигізген қолды қағып жіберген.

Ауруды көруге хирург шақырылды. Келген дәрігер баланың соқыр ішек екенін анықтап, оны қайтадан клиникаға орналастырған. Операция кезінде соқыр ішек өскіні жарылып, ішектің айналасында аздаған ірің бары да анықталады. Жуып тазартылғаннан кейін көк еттің қабынуы тоқтап, бала ауруынан жазылып шықты.

Соқыр ішек ауруының ең көп тараған асқынуы — іш көк етінің қабынуы — перитонит. Көк еттің қабынуы (перитонит) соқыр ішек өсігінің тесілуінен болады.Соқыр ішек өскінінен жайылған ірің іштің барлық жеріне тез таралады. Іш қатты ауырып, организм уланады, баланың ыстығы көтеріліп, тамыры жиі соғып, құсып, іші өтеді.

Перитонитпен ауырған баланың жүз қуарып сұрланып, аяққолдары мұздап, жансызданып денесінен суық тер шығады. Іші кеуіп,ішектерді жұмысы баяулайды. Сонымен қатар іш еттері қатайып баланың тілі құрғап бүртектенеді.

Ішті қолмен басып көргенде ауру күшейе түседі Шеткин мен Блюмберг белгілері айқын білінеді. Саусақпен ішті жайлап ұрып көргеннің өзінде-ақ іштің қатты ауырып баланың мазасыздана бастағанын байқауға болады. Перитониттің алғашқы сатысында балалар ішінің ауырғанын айтса, ал келесі сатысында ішінің ауырғанын айтпайды.

Мұның өзі баланың организмі уланып әлсізденуіне байланысты. Келе-келе баланың ақыл-есі ауып, қан қысымы төмендеп, тамыры шамадан тыс жиі соғады. Іші кеуіп, құсады. Баланың жағдайы нашарлап, өміріне қауып төнеді.

Инфильтрат түрінде қабынған соқыр ішек. Соқыр ішек инфильтраты — қабынған соқыр ішек айналасындағы ісік. Соқыр ішектің айналасындағы органдар: соқыр ішек өсігі, соқыр ішектің өзі, шарбы май, көк ет жақын жатқан жіңішке ішек, олардың шажырқайы.

Инфильтраттың орналасқан ауданы, соқыр ішектің жатқан орнына сәйкес келеді. Соқыр ішек инфильтраты науқасқа операцияны дер кезінде жасалынбауынан болады. Аурудың бұлай асқынуы көбіне, сырқаттың ауруханаға уақытысында қаралмауынан. Соқыр ішек инфильтраты 3—4-күннен өткен соң біліне бастайды, негізінен ол 3 жастан асқан балаларда жиірек кездеседі.

Алғаш инфильтрат шекарасы онша жақсы білінбегенімен, ал кейінірек айқындала түседі. Инфильтрат неғұрлым кіші болса, соғұрлым балаға тезірек операция жасалынғаны дұрыс.

Бала ауырған соң 1—2 күннен кейін инфильтрат пайда болса, баланың көңіл күйіне, жасына қарамай-ақ операция жолымен емдеген орынды. Олай дейтініміз балаларда инфильтрат тез іріңдеп, ішектің көк етін қоса қабындырады. Ал инфильтрат жаңа ғана пайда бола бастаған уақытта оның айналасындағы органдар соқыр ішекпен тығыз байланыспаған, сондықтан да операция жеңіл өтеді, іріп-шіріген ішек оңай-ақ сылынып тасталынады.

Инфильтраттың шоғырлану кезеңіндегі клиникасы да аса білінбейді. Баланың іші ауырғаны басылып, көңіл күйі жақсарады. Ыстығы 37,2°, кейде қалыптағыдай да болады. Осы кезде оң жақ жамбас тұсынан, соқыр ішек орналасқан жердің маңында, шекарасы айқындалған инфильтратты байқауға болады. Инфильтрат қатты басқанда ғана ауырады.

Лейкоциттердің саны 10 мыңның айналасында. Инфильтраттың шоғырлануы соқыр ішек ауруының 6— 7 күні пайда болуы мүмкін. Бұл кезде операция жасау тиімсіз, пайдасынан зияны көп. Бір ғана жағдайда операция жасалуы мүмкін, яғни инфильтрат іріңге айналғанда жасалады.

Инфильтрат іріңге айналған баланың денесінің ыстығы көтеріліп, көңіл-күйі нашарлайды, іштің ауруы үдейді, іштің алдыңғы еттері қол тигізбей ауырады. Инфильтраттың іріңсіз күйінде, оның қабынуын азайту үшін арнайы ем қолданады. Балаға антибиотиктер үлкен дозада егіледі, ішекке жәй клизмадан соң, түрлі шөптен жасалған жылы дәрілік клизмалар жасалады. Инфильтраттың айналасына УВЧ тоғымен жылу беріледі.

Балалардың иммунитетін арттыру үшін, оларға аптасына екі-үш рет қан, плазма, y-глобуллин дәрілері құйылады. Міне, осылайша емдеген кезде инфильтрат тез тарайды, соқыр ішек айналасындағы тканьдер мен органдардан ажырайды. Оны ішті қолменен басып көру арқылы анықтауға болады. Егерде ем дұрыс қолданылса инфильтраттың көлемі тез кішірейіп, кейіннен тіптен білінбей де кетеді. Екі айдай уақыт өткен соң операция арқылы алдырып тастау керек.

6 жастағы Бағланды қала маңындағы бір ауданнан ауруханаға 6 күннен кейін алып келді. Оны алып келгендегі қойған диагнозы — инфильтрат түрінде қабынған соқыр ішек ауруы. Баланың келгендегі көңіл күйі жаман емес, денесінің ыстыгы 37,4°, іші аса қатты ауырмайды, тілінің үсті ептеп ақ қабыршықпен жабылған.

Өкпесі таза, жүрек соғысы бірқалыпты, тамыр соғысының жиілігі минутына 98 рет. Іші дем алған кезде көтеріліп басылмайды, іштің сол жағы жұмсақ, ал іштің оң жақ жамбас тұсында анық байқалынып тұрған инфильтрат анықталды. Оның ұзындығы 12 см, көлемі 7,0 және 6,0 см.

Іште соқыр ішек инфильтраты бар екені анықталған соң, оны операциясыз емдеу жолы қарастырылды. Емдеудің нәтижесінде, инфильтраттың көлемі кішірейіп екі айдан соң операция жасалып, соқыр ішегі алынып тасталды. Бала жазылып шықты.

Үш жастан асқан балаларда соқыр ішек ауруының біліну белгілері.

Соқыр ішек ауруының түрлері және белгілері туралы не білесіз?

Соқыр ішек ауруы және оның алдын алу жолдары.

Асқынған соқыр ішекті емдеудің қандай жолдары бар.

Пікір қалдырыңыз