Соқыр ішек

  Балалар ауруы

Балаларға жасалынатын төтенше операциялардың 75 проценті соқыр ішекке жасалады. Соқыр ішекпен барлық жастағы балалар ауырады. Дегенмен соқыр ішекке жасалатын операция бір жасқа дейінгі балалар арасында өте сирек кездеседі. Кейбір әдебиеттерде соқыр ішектің жаңа туған нәрестелер арасында да кездесетіні айтылған.

Жалпы «соқыр ішек» деп іштің оң жақ жамбас тұсына орналасқан жуан ішектің өсігін айтады. Ал соқыр ішек (аппендицит) ауруы деп сырт пішіні құрт тәріздес жіңішке ішектің қабынуын айтамыз. Соқыр ішекті «құрт» секілді ішек деп те атайды. Құрт секілді ішектің қабынуын «аппендицит» деген терминмен атауды алғаш рет (1886 ж.) американ хирургі Фитц қолданды.

Халық арасында соқыр ішек «жеңіл ауру» деген жалған ұғым қалыптасқан. Шын мәнінде бұл аурудың біліну белгілері өте күрделі, одан ата-аналар түгіл, кейде дәрігерлердің өзі де сан соғып жатады. Балалар соқыр ішегінің біліну белгілері көп жағдайда ересек адамдар соқыр ішегінің қабынуына ұқсай бермейді. Бұл балалар организмінің ерекшеліктеріне байланысты. Соқыр ішек үш жасқа дейінгі балаларда өте ауыр өтеді. Бұл ауру тез қабынып, әртүрлі дәрежеде асқынады.

Медициналық статистика мәліметіне сүйенер болсақ жалпы соқыр ішек ауруынан болатын балалар арасындағы өлім 0,2—0,4%, ал осылардың ішінде үш жасқа дейінгі балалар өлімі ондаған есе көп. Сәбилер арасындағы шетінеу неге көп, ол неге байланысты, оны азайтудың жолы бар ма? Егер елімізде бір жыл ішінде ондаған мың балаларға «аппендицит» операциясы жасалатын болса, онда осы аз ғана проценттің өзі қаншама балдырғанның өкінішпен үзілген өмірі емес пе? Бұған кінәлі кім?

Бүгінгі ғылым мен техниканың даму дәуірінде біздер неліктен осы аурудың алдын ала алмаймыз. Әрине, бұған көп нәрселер тікелей әрі жанама түрде әсер етуі мүмкін. Бұған халық арасындағы санитарлық ағарту жұмысының нашарлығын қоса айтқан жөн. Сондықтан да осы ауруды емдеуде біз балалардағы соқыр ішектің алғашқы белгілеріне, оны дұрыс тауып тексеру жолдарымен, емдеу принциптеріне кеңінен көңіл аудармақпыз.

Жалпы соқыр ішек ауруы ертеден-ақ белгілі. Оны тіпті орта ғасырдағы атақты суретші, әрі ғалым Леонар- до да Винчидің (1472) еңбегінен де кездестіруге болады. XIX ғасырдың басына дейін ішкі іріңденудің себебі соқыр ішектің қабынуы екенін ешкім де айта алмады.

XIX ғасырдың 30 жылдары француз хирургі Дюпюитрен мен неміс хирургі Альберс ғана іштегі түрлі іріңдеудің соқыр ішекке байланысты екенін айтты. Соқыр ішек қабынуы ішке жайылатын ірің екенін біле тұра, ол кездегі дәрігерлер оны түрлі дәрілермен ғана емдеумен шектелді (опий, суық су құйылған грелка басу, т. б.).

Мұндай емдеуден ол кездегі ересек адамдар арасындағы өлім 26—30%ке, ал балалар өлімі 70%-ке жеткеніне таңдануға болмайды. Соқыр ішекке алғаш операцияны Швейцария хирургі Кронлейн, ал біздің елімізде балаларға бұл операцияны тұңғыш рет 1888 жылы К. М. Домбровский жасады.

«Аппендицит» ауруын хирургиялық әдіспен емдеп, оның негізгі принциптерін тәжірибеде жеңінен колданған балалар хирургиясының негізін қалаушылардың бірі — Т. П. Краснобаев. 1934 жылы Ленинград қаласында өткен хирургтердің бүкіл одақтық қонференциясы «соқыр ішек проблемасын талқылауға арналғанды. Осында Т. П. Краснобаев соқыр ішек ауруы жөнінде арнайы баяндама жасады.

Ғалымдар соқыр ішектің қабынуын организм қызметінің бұзылуынан деп есептейді. Әр түрлі қоздырғыштар әсерінен соқыр ішекке келетін қан тамырлары көп уақытқа дейін қысылып, қан дұрыс жүрмей қалады. Қанның жақсы жүрмеуінен соқыр ішектің ішкі қабатында жара пайда болады да ол бірте-бірте іріңге толып, сыртқы көк ет қабатын тесіп шығады.

Сондай-ақ соқыр ішектің пайда болуына балалардың тамақтану ерекшеліктері де әсер етуі ықтимал. Мысалға бір жасқа дейінгі балалардың қорегі көбінесе сүт тағамдары болатындықтан ол ішектердің шамадан тыс жұмыс істемеуіне әсер етеді. Керісінше, тамақ майлы болып, оның құрамында белоктық заттар көбірек болса, соқыр ішек ауруының да соғұрлым көбірек кездесетіні белгілі, бұл әрине, ішектердің қалыптан тыс көп жұмыс істеуіне байланысты болса керек.

Балалардың соқыр ішегі қалай білінеді, әлде балалар организмінің анатомиялық өзгешеліктерінен бе? Міне, осы сұрақтарға жауап беру үшін балалардың іш құрылысының анатомиялық ерекшеліктеріне тоқталып кеткен жөн. Жаңа туған баланың соқыр ішегі ұзын, әрі кеңдеу болады.

Шамамен ересек адамның соқыр ішегі жуан ішектің ұзындығының жиырмадан бір бөлігіне тең болса, ал өмірге жаңа келген нәрестенің соқыр ішегі жуан ішегінің оннан бір бөлігіндей. Оның үстіне соқыр ішектің ет қабаттары біркелкі болмайды, әсіресе оның айналмалы ет қабаты бостау болады, ал оның ұзыннан бойлай орналасқан ет қабаты өте нәзік.

Ет қабатының осылайша орналасуынан жаңа туған нәрестенің соқыр ішегі түр жағынан құртқа ұқсап тұрады. Оның үстіне ет қабатының әртүрлі жиналуынан соқыр ішектің кей бөлігіндегі ішкі сілекей қабаты көк ет қабатына өте тығыз жатады. Мұның өзі қабыну процесі кезінде соқыр ішектің тез тесіліп, көк еттің жылдам қабынуына жол ашады.

Соқыр ішектің қабынуына оның қабаттарына орналасқан безді тканьдердің (лимфоид) клеткаларының жетілуі де тікелей әсер етеді. Лимфоид тканьдерінің клеткаларының үлкейуінен, ісінуінен соқыр ішек қабына бастайды. Яғни, неғұрлым іште лимфоид тканьдерінің клеткалары көп болса, қабыну процесі де соғұрлым тезірек жүруі ықтимал. Үш жасқа дейінгі балаларда соқыр ішек ауруының өте сирек кездесуі, ал бір жасқа дейінгі балаларда оның кездеспеуі осы лимфоид тканьдері клеткаларының аздығына байланысты екені белгілі болды.

Ендігі бір айта кететін анатомиялық ерекшелік — ол ащы ішек пен соқыр ішектің бір-біріне қосылатын жеріне байланысты. Соқыр ішекке ащы ішектің кірігетін жерінде қақпақша бар. Оны Баугін қақпақшасы дейді. Осы қақпақша соқыр ішектегі нәжісті ащы ішекке жібермей ұстап тұрады, алайда 3—4 жасқа дейінгі балаларда бұл қакпақша өз қызметін толық атқармай, нәжістің кері ащы ішекке түсуі де жиі кездеседі. Оның ең негізгі белгісі баланың ішінің жиі ауыруы, жуан ішектен нәжіс шыққанда іштің ауырғаны басылады.

Осындай жайды дұрыс ескермесе, балаға соқыр ішек екен деп орынсыз операция жасалынуы мүмкін. Анатомиялық ерекшеліктердің біріне соқыр ішек өскінінің ішекпен жалғасқан жеріндегі қалқаншаның дөңгелекше болуы да жатады. Осының әсерінен, түрлі тамақтың қалдықтары, әртүрлі құрттар соқыр ішек өскінінің ішіне түсіп оны қабындыруы ықтимал.

Ішектегі шарбы май адам ішіндегі түрлі асқыну мен қабынудың таралуына жол бермейтін қорғаушы орган. Жаңа туған балаларда ол негізінен төрт қабат көк еттен тұрады, осы көк еттердің ортасында май клеткаларының аздаған ғана жиынтығы бар. Шарбы май жаңа туған балаларда өзінің «қорғаныс» ролін толық атқара алмайды, ол асқазанның төменгі жағында немесе көлденең орналасқан жуан ішектің тұсында жатады.

Яғни оң жаққа орналасқан жуан ішекке, соқыр ішекке жете алмайды. Шарбы майдың оң жақтағы жамбас сүйектің тұсына жетуі, оның тканьдерінің май клеткаларымен толысуы, шамамен алғанда балалар 6—7 жасқа келгенде болады. Осы жоғарыда айтылған ерекшеліктермен қатар балалардың ішегінің айналу процесі, жаңа туған нәрестелерде (тегінде 3—4 жасқа дейін) толық аяқталмайтыны айқын.

Соның әсерінен соқыр ішек өзінің өскінімен әр түрлі бағытта қозғалып тұруы мүмкін, ол тіпті іштің сол жақ жартысында да жатуы ықтимал. Сондықтан да соқыр ішектің орнынан жылжып отыруы ауыру белгісінің әр түрлі болуына әсер етеді. Яғни соқыр ішектің біліну ерекшеліктерін толық ескеріп, оны бақыламаса оп-оңай диагностикалық қате жіберіп алуға болады.

Балалардағы соқыр ішек ауруының білінуіне іштің үстіңгі қабатындағы органдардың ерекшеліктері де әсер етеді. Балалардың терісі жұқа, тері астындағы май қабаты аздау, ет қабаттары бір-бірінен жақсы ажыратылмаған, ал көк еттің алдындағы майы жоққа тән болып келеді. Мұның өзі көк еттердің қабынуын тікелей ішті жауып тұрған қабатына береді деген сөз.

Соқыр ішек ауруының түрлері және белгілері туралы не білесіз?

Соқыр ішек ауруының асқынған түрлері қандай болады.

Соқыр ішек және Шенлейн-Генох ауруының белгілері.

Қыздардың жыныс мүшелері ауруларын соқыр ішектен ажырату.

Пікір қалдырыңыз