Созылмалы остеомиелит

  Балалар ауруы

Созылмалы остеомиелитті емдеу өте күрделі, кейде балаға үш-төрт немесе одан да көп операция жасалынады Созылмалы остеомиелитке операция жасау үшін оның ішінде жатқан «өлі» сүйектің, яғни секвестрдің сау сүйектен бөлінген жерін анық білу қажет.

Егер операция дер кезінде жасалмаса, онда ауру сүйектің сынып, аурудың одан да ары асқынып кетуі мүмкін. Кейде тым ерте жасалған операциядан да баланың жағдайы оңала қоймауы мүмкін. Оның себебі шіріген сүйектің көлемін операцияға дейін де, операциядан кейін де толық анықтау қиын. Егер операция тым кеш жасалса, сүйектегі ірің ішкі ағзалардың да жұмысын бұзады.

Сондай-ақ бүйрек, бауыр, жүрек еттерінде түрлі асқыну байқалынуы мүмкін. Балаға операция жалпы наркозбен қан құю арқылы жасалынады. Остеомиелит болған органның жоғарғы жағына бұрау салып, яғни уақытша қан айналысын тоқтатады. Еттерді ығыстыра кесіп ауырған сүйекке жеткеннен соң, сүйектің жұмсақ қабатын тіледі.

Сүйектің тілінген жұмсақ қабатын айналысындағы сүйектен ажыратып, ашады «өлі» сүйектен секвестрден, іріңнен тазартады. Ең соңында жіліншіктің ішін спиртпен, фурацилинмен жуады. Содан соң порошок түріндегі антибиотикті жіліншік ішіне сеуіп толтырады да , бұрауды аздап босатады.

Жараны тікпес бұрын жіліншік ішіне полиэтиленнен жасалған түтікше қояды. Түтікшенің ортасының тесіктері бар, ол тесіктер арқылы жіліншік ішіне операциядан кейін дәрілер енгізіп тұрады. Әр түрлі себептермен созылмалы остеомиелит операциясы осы айтылғандай етіп жасалмаса, онда бала бұл аурудан тезірек айыға алмайды.

Операциядан соң балаға көптеген антибиотик, витамин, ККБ, АТФ, дәрілері беріледі. Операция жасалған аяққа УВЧ, ионофорез жасалады.

Пікір қалдырыңыз