Ас қорыту жүйесі

  Ағза

ас қорыту жүйесі 3 сынып

Ас қорыту жүйесі дегеніміз не?

Асқазан, қарын

Ас қорыту жүйелеріне қандай органдар жатады

Адам ағзасына түскен қоректік заттарды қорытады.Адам ағзасын машинамен салыстырып көрейік Машинаның жүруі үшін жанармай қуат көзі болып саналады. Машинаның моторында жанған жанармай механикалық энергияға айналады, ол дөңгелектерді айналдырып, машинаны қозғалысқа түсіреді.

Міне осы сияқты, бірақта одан да күрделірек және әр түрлі химиялық қорытылумен байланысты жағдайлар біздің ағзамызда да жүреді. Ағзаның тіршілігі үшін ең негізгі қуат көзі болатын — қоректік заттар. Ал қоректік заттардың құрамы белок, май, көмірсу, витаминдер, су және минералды заттарға бай болуы керек. Тағам әуелі ауыз қуысына түседі, тіс асты қабылдап, оны шайнауға қатысады. Шайналған тамақты сілекей бездері суландырады.

Осыдан кейін тамақ бөлшек- бөлшек болып, өңеш пен жұтқыншақ арқылы асқазанға келіп түседі. Асқазаннан бөлінетін сөл (оның құрамында тұз қышқылы мен ферменттер болады) жеген тамақты негізгі өңдеуден өткізеді. Осы өңдеуден өткен ботқа ішекке келіп түседі.Оның асқазанға жалғасқан жері он екі елі ішек деп аталып, оған ұйқы безі мен өт қапшығының түтіктері ашылады.

Бұл бездерден бөлінген сөлдер жеген тамағыңды ұсақ бөлшектерге ыдыратады. Ыдыраған қоректік заттар ішек бүрлері арқылы қанға сіңіріледі. Қан арқылы әуелі бауырға, одан кейін ағзаның басқа мүшелері мен тіндеріне таралады. Ал қорытылмаған заттар тоқ ішек және тік ішек арқылы адам ағзасынан сыртқа шығарылады.

Асқазан, қарын

Ас қорыту жолының кеңейген бөлігі. Ас қорыту жүйесінің ішінде ең көп жұмыс жасайтын осы — асқазан. Біздің жеген тамағымыз біраз уақыт асқазанда жатады. Содан кейін барып, қоректік заттар асқазан сөлімен араласады. Асқазанның кілегей қабығында орналасқан кішкентай бездер (олардың саны — 35 миллиондай болады) тәулігіне 2 литрдей сөл бөліп шығара алады. Бұл сөлдің құрамы тұз қышқылы мен әр түрлі ферменттерден тұрады. Қоректік заттар асқазан сөлінің әсерінен ыдырайды, мұны ас қорыту деп атайды. Ыдыраған қоректік зат бірнеше сағаттан кейін жартылай қоймалжың ботқаға айналып, бөлек-бөлек күйінде он екі елі ішекке түседі. Асқазанның жоғарғы және төменгі тесіктерінде жұмыр бұлшық еттер болады. Бұлар қоректік заттарды ішектен асқазанға, асқазаннан ішекке өткізбейді. Бірақ, асқазанға бұзылған қоректік заттар түссе, асқазанның қабырғалары қатты жиырылады да, жоғарғы жұмыр бұлшық ет босаңсып, асқазандағы қоректік зат қайтадан ауызға келеді. Міне осылайша құсық пайда болады.

Ас қорыту жүйелері

Ас қорыту жүйелеріне — ауыз, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, аш ішек, тоқ ішек жатады. Ас қорытуға бұл аты аталған органдардан басқа сілекей бездері, бауыр, ұйқы және тағы да басқа бездер қатысады.

Организмнің тіршілік етуіне қажетті заттар осы жүйелер арқылы қамтамасыз етіледі. Тамақ ауызға түсіп тік ішекке жеткенше неше түрлі өңдеуден өтеді. Ас ауызда тіс арқылы майдаланып, сілекеймен дымқылданады. Сөйтіп сілекейдегі ферменттер оған осы арада-ақ химиялық әсер етеді. Ересек адамдар мен естияр балалардың аузынан күніне 1000—1200 мл сілекей бөлінеді екен.

Майдаланып шайналған әрі дымқылданған және химиялық әсерге ұшыраған ас жұтқыншақ пен өңеш арқылы қарынға түсіп, асқазан сөлінің әсерінен одан ары қорытылады, кейбір қоректік заттар қарынның қабырғасы арқылы қанға өтеді, ал қалғандары ішекке түсіп, әрі қарай өңделе береді.

Тамақты тіс шайнап, майдалайтын болғандықтан оны дұрыс күтіп, кариеске (жегіге) шалдықпауын қамтамасыз ету — бала өсіріп отырған әрбір ата-ананың борышы. Баланың 6—8 айлығынан кейде 4—5 айлығында-ақ астыңғы 2 күрек тісі, ал 8—10 айлығында үстіңгі 2 күрек тісі шығады.

Осыдан кейін рет-ретімен қалған тістері шыға бастайды. Сонымен бала 6—7 жасқа келгенде 20 сүт тісі болады. Бала 7—10 жасқа келгенде сүт тістері түгел түсіп, орындарына тұрақты тістері шығады. 17- жасқа келгенде оларға ақыл тістер қосылып, тіс- тердің саны 32-ге жетеді.

Тіс эмаль қабықтан, түбірден, ұлпадан тұрады. Түбірдің ішінде жіңішке каналы болады. Сол канал арқылы тіске нерв ұштары мен жіңішке қан тамырлары келеді, Егер бала тісін жөнді күтпесе, ол ауруға, яғни кариеске ұшырайды. Тамақтың жақсылап майдалануы адамның тісіне байланысты.

Құрт жеген ауру тістер ас қорыту органдарының түрлі сырқаттарға шалдығуына себепкер болады. Сондықтан ауыра бастаған тістерді уақытында емдеткен жөн. 3 ай сайын баланы тіс дәрігеріне көрсетіп отырған дұрыс. Тістердің арасында тамақ ішіп болған соң ауызды таза сумен шайып отырған, ал кешке жатар алдында тісті щеткамен тазалаған пайдалы.

Бала тамақты тым ыстық та, тым суық та ішпеуге тиіс. Егер бала өте суық немесе өте ыстық тамақты жиі ішетін болса, онда тістері бүлінеді. Тілде сезімтал нерв ұштары бар. Солардың көмегімен астың дәмін сеземіз. Жас нәрестенің тілі алғашқы кезде үлкендеу, ал сілекей бездері онша жетілмеген болады. Олар нәрестеге 3 ай толған кезде ғана жетіліп, сілекейді дұрыс бөле бастайды.

Қарын серрозды, бұлшық етті және былжыр қабықтан тұрады. Бұл органға келіп түскен ас қарын бұлшық еттерінің жиырылуы нәтижесінде былжыр қабықтағы бездердің бөлінген сөлімен араласады. Бұдан бұрын айтқанымыздай, тамақ қарыннан ұлтабарға өтіп, оның бездері бөлген сөл мен бауырдан бөлінген өтке араласады. Сөйтіп ас қорыту процесі жалғаса береді.

Балаларда асқазанның қабынуы жиі кездеседі. Оған себеп кейбір балалар тамақты қалай болса солай ішеді, кейде ойынға алданып мезгілінде тамақ ішуді ұмытып кетеді, тамақтану режимін бұзады. Немесе «толық болса, денсаулығы зор болады» деген жаңсақ пікірмен кейбір ата-аналар балаларына тамақты орынсыз көп береді, тіпті баласын түнде оятып тамақ беретін ата-аналар да бар. Бұл дұрыс емес. Тамақты тым сирек ішу де, жиі ішу де пайдалы емес.

Ал баланы түнде оятып тамақтандыру тіпті көңілге қонымсыз. Түнде баланың өзінің де, асқазанының да дем алғаны жөн. Емшектегі сәбилерді алғаш әрбір 3—5 сағат сайын, ал 6 айдан асқаннан кейін әрбір 4 сағат сайын тамақтандырып отырған жөн. Ересек балалар күніне 4— 5 рет тамақтанса да жетеді.

Кейбір ата-аналар балалары 2—3 жасқа келгеніне тамақты сұйық күйінде бөтелкеге құйып береді. Бұл да қате. Бір жасар бала кесені өзі ұстап ішуге тырысады, ішіп болған соң бос ыдысты орнына қояды. Сондықтан баланы осы кезден бастап қолына қасық беріп, өздігінен тамақтануға үйреткен жөн.

Кейбір балалар тезірек ойнағысы келіп тамақты шала шайнап, асығыс ішеді, немесе кітап оқып, сурет салып отырып ішеді. Ол да дұрыс емес. Асығыс ішілген тамақ бойға нашар сіңеді, сөйтіп асқазанның жұмысын бұзады. Асқазанның қызметіне тамақтану режимімен қатар астың құрамы да әсер етеді. Сондықтан ішетін тамақтың құрамы әр түрлі болғаны, дастарқанда сүттің, айранның, жеміс- жидектің үнемі болғаны жөн.

Асқазанның ішкі қабатының жедел қабынуына улану, дәрі-дәрмек көп септігін тигізеді. Сондықтан бала улана қалса, дереу асқазанын жуу керек те, тездетіп дәрігер шақырту қажет. Баланың асқазанын жуғаннан кейін оған сусынды жиі ішкізу қажет. Уланған балаға қайнаған су, лимон қосылған шай, глюкоза, компоттар пайдалы.

Ересек балалар арасында асқазанның ішкі қабатының созылмалы қабынуы кездесіп қалады. Бұл жағдайда тамақтану режимін бұзбай, дәрігердің кеңесін бұлжытпай орындап отыру керек. Ауру бала алғашқы 3 күн бойы № 1 диетаны сақтайды, яғни сүт, сүт қатқан шай, сүзбе, сары май, жұмыртқа, қаймақ, кептірілген ақ нан, көже, буға немесе суға пісірілген ет береді.

Аш ішекке түскенде тамақ химиялық өңдеуден толық өтіп болады. Сөйтіп оның қабырғасы арқылы сорылған қоректік заттар қан тамырлары арқылы бауырға жетеді. Бауырда ыдырап, тазартылған және тағы басқа да өңдеуден өткен қоректік заттар бойға тарап, клеткалар мен тканьдерді қоректендіреді.

Аш ішекке түскен тамақ 12—30 сағат ішінде толық қорытылып бітеді. Ал бұдан кейінгі тамақ қалдықтары — су, өт пигменттері сол сияқты басқа да заттар тоқ ішекке келеді, бұл арада тамақтың нәрі денеге сіңеді, ал қоюы тығыздалып сыртқа шығады.

Ас қорыту органдарының дұрыс қызмет атқаруы үшін ішек-қарын мезгілінде босап тұруға тиіс. Үлкен дәрет жүрмей қалған жағдайда балаға клизма жасай бермей, дәрігерге көрсеткен жөн.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Ішек дегеніміз не және оның атқаратын қызметі.

Жұтқыншақ жайлы не білесіз?

Өңеш дегеніміз не екенін білесіздер ме?

Ашығу дегеніміз не?

Пікір қалдырыңыз