Дене температурасы

  Ағза

Дене температурасы

Тірі ағзада қуаттың пайда болуынан үнемі зат алмасу процесі жүреді. Осындай қуаттың негізгі бір түрі — жылу энергиясы. Жылу ағзадағы клеткалар мен тіндердің барлығынан бөлінеді. Жылу мөлшері болып температура саналады, ол Цельсий градусты (°С) термометрмен өлшенеді.

Адамның қалыпты температурасы қолтықтың астынан өлшегенде 36,5 °С болады. Қалыпты температура күндіз көтеріледі, ал түнде ұйықтағанда ол төмендейді. Температура дененің әр бөлігінде әр түрлі болады. Мысалы, терінің температурасымен салыстырғанда, ішкі мүшелердің температурасы бір градусқа жоғары болады. Терінің өзінде де температура бірдей болмайды. Атап айтқанда, табанда температура 20 °С-тан аспайды.

Адам ағзасы аралық мида орналасқан ерекше жүйке орталығының көмегімен өзінің денесінің жылуын реттеп отырады. Егер адамның температурасы көтерілсе, осы орталық денеге тер шығар деп белгі береді. Қатты қимылдап жұмыс жасағанда, әр түрлі жұқпалы аурулармен ауырғанда немесе қабыну процесі кезінде дене температурасы көтеріледі. Егер оның мөлшері 40 °С-тан асып кетсе, ол адамға (әсіресе сәбилерге) қауіпті деп есептелінеді.

Қуат

Өте көп жұмыс жасайтын, бір орында отырмайтын, төзімді адамды — бойында қуаты мол адам деп атайды. Бір сөзбен айтқанда, “қуат” деген ұғым тек адамның күші мен төзімділігін ғана анықтап қоймайды, тірі ағзаның белгілі бір жұмысты атқара алатын қабілетінің бар екеніне дәлел болады.

Қуаттың болуы — әрбір мүшенің, тіннің және клетканың өзіне тән, ең маңызды қасиетінің бірі болып саналады. Ағзада қандай процесс жүрсе де, ол ағзадағы қуатқа байланысты. Біздің денеміздің жасаған әрбір қимылы немесе дем алып, дем шығару кезінде белгілі бір дәрежеде қуат жүмсалады.

Сондықтан жұмсалған қуаттың орнын толтыру қажет. Адамға қуат беретін, оның қайнар көзі — күнделікті ішетін тамағымыз. Ас қорыту процесі кезінде қоректік заттардан химиялық қуат (энергия) бөлінеді. Оттектің көмегімен бұл химиялық қуат адам ағзасына қажеггі бірнеше қуат түріне: дененің қозғалуы мен мүшелердің қызмет жасауы үшін ең қажетті — механикалық қуатқа; адам денесінің тұрақты температурасын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін — жылу қуатына; жүрек және жүйке жүйесінің қызметіне қажетті — электр қуатына айналады.

Бұрын қуат бірлігі болып калория саналатын, ал қазіргі уақытта адам ағзасында жұмсалатын қуатты джоульмен есептейді. Жасөспірімдер жетілу кезеңінде, өзінің ағзасын қуат көзімен қамтамасыз ету үшін, тәулігіне 10—12 мың джоуль қуат жұмсайды.

Джоуль

Өткен ғасырдың аяғында тек отынның жануынан ғана емес, қоректік заттардан да жылу бөлінетіні анықталды. Қоректік заттар шығаратын қуаттың мөлшерін калориямен өлшеп келген. Бір калория — бір грамм суды бір градус Цельсийға жылытуға қажетті жылу мөлшеріне тең. Қазіргі кезде жаңа жүйе бірлігі бойынша қуат пен жылу жаңа өлшем бірлігі — джоульмен өлшенеді.

Бұл бірлік осы өлшем бірлігін енгізген ағылшын физигі Джеймс Джоульдің атымен аталады. Бір джоуль бір калориядан төрт еседей аз, яғни 1 калория = 4,1868 джоуль. Бүгінгі күнде қант, май және белок ыдыраған кезде қанша қуат бөлетіні белгілі.

Сондай-ақ, адамның жасына, жынысына және істейтін қызметіне қарай қанша қуат қажет ететіні де анықталған. Адам өзінің дені сау болуы үшін, ағзаның қанша мүмкіндігі бар, сонша қоректік заттарды қабылдауы тиіс. Тамақты шамадан тыс көп жеу денсаулыққа өте зиянды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Адамның дене температурасының қызуы неге көтеріледі?

Ағзадағы Майлардың Атқаратын Қызметі.

Бауыр жайлы толық ақпарат

Адам ағзасындағы Зат алмасу процесі.

Пікір қалдырыңыз