Ішек

  Ағза

Ішек — ас қорыту жүйесі

Ішек — ас қорыту жүйесінің бір бөлігі. Асқазандағы ас қорыту қарын сөлдерінің әсерінен басталады. Қарын сөлімен шыланған тамақ біртіндеп, аз мөлшерден ішекке түседі. Ішектің пішіні ұзын, созылмалы түтікке ұқсайды, ересек адамда оның ұзындығы 5—6 метр. Ас қорыту ішектерде жалғасады.

Ішектердің саңылауларына үлкенді-кішілі бездерден ас қорыту сөлдері бөлінеді. Тамақтың құрамындағы белок, май және көмірсулардың күрделі молекулалары ас қорыту сөлдерінің әсерінен жай заттарға ыдырайды.

Мысалы, бауырдан өт бөлінеді, ал ұйқы безі ас қорытуға өзінен бөлінетін сөл арқылы көмектеседі. Одан басқа, ішектің ішкі шырышты қабығында көптеген кішкентай бездер болады. Осы бездер тәулігіне 2—3 литр ас қорыту сөлдерін бөледі. Ішек түтікшелерінің ішкі жағын өте көп майда ішек бүрлері жауып жатады.

Ішектің бір квадрат сантиметрінде үш мыңдай ішек бүрлері болады. Осы ішек бүрлерінде күрделі, өте майда қан тамырлар шоғыры — қылтамырлар орналасады. Ішек саңылауынан қоректік заттар ішек бүрлері мен қылтамырлары арқылы өтіп, қанға түседі. Олар қанмен бауыр, тағы да басқа мүшелерге, клеткалар мен тіндерге таралады.

Пішініне және атқаратын қызметіне қарай адамның ішегі — ащы ішек және тоқ ішек деп бөлінеді. Ащы ішек асқазаннан басталып, онекіелі ішектен, аш ішектен және мықын ішектен құралады. Ащы ішек тоқ ішекке соқырішек арқылы өтеді. Соқырішек ішектің қапшық сияқты ұзарған жері, ұшында құрт сияқты өсіндісі болады. Тоқ ішек, атына сай жуан және қысқа болады. Тоқ ішекке тамақтың сіңбеген және қорытылмай қалған қалдықтары түседі.

Бұлардың құрамында қарын сөлі бөлген су көп болады. Осы тоқ ішектен су қайтадан қанға сіңеді де, қорытылмай қалған тамақ қалдықтары қоюланып, нәжіске айналады. Тоқ ішек қабырғалары үнемі жиырылып, босаңсуынан қорытылмаған тамақ қалдықтары біртіндеп, тік ішек саңылауларына қарай жылжиды. Міне, осыны тоқ ішектің толқи жиырылуы деп атайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Ас Қорыту Жүйесі Дегеніміз Не?

Адам денесінде қанша түрлі ферменттердің бар екенін білесіз бе?

Бездер жайлы біз не білеміз?

Өттің ас қортудағы атқаратын қызметі жайлы не білесіз?

Пікір қалдырыңыз