Қалқанша безі

  Ағза

Қалқанша безі

Ер адамдарда мойынның алдыңғы бетіндегі тері астынан, көмейді қалқан сияқты жауып жататын, қалқанша тәрізді шеміршекті қолмен жеңіл басып көруге болады. Осы шеміршекті халық аузында қыдық немесе жұтқыншақ деп атайды. Шеміршектің төменгі жиегінде, көмейдің екі жағында қалқанша безі орналасады.

Ол бір-бірімен қылта арқылы байланысқан екі бөліктен тұрады. Пішіні таға тәрізді, ересек адамда оның салмағы 25-30 грамм. Қалқанша безде, адам ағзасында зат алмасуды реттейтін, тироксин гормоны түзіледі. Егер қалқанша бездің қызметі күшейіп, гормон көп бөлінсе, онда ағзада зат алмасу процесі қалыпты жағдайдан күшейеді. Соның салдарынан ағза тиреотоксикоз ауруына шалдығады.

Ал қалқанша бездің жұмысы әлсірегенде, баланың бойы өспей қалады және ақыл-ойының дамуы төмендейді. Қалқанша безде гормонның түзілуіне йод шешуші қызмет атқарады. Бұл минералды зат адам ағзасына қоректік заттармен және су арқылы келеді. Егер ағзада ұзақ уақыт йод жетіспесе, қалқанша бездің көлемі ұлғайып, адам бұғақ ауруына шалдығады.

Қалқанша маңы безі

Адам ағзасына минералды заттардың ішінде ең қажеттісі — фосфор мен кальций. Бұлар адамның сүйегі мен тістерінің мықтылығы үшін керек. Бұдан басқа, кальций жүйке жұмысының, бұлшық еттердің, жүректің, қан тамырларының жұмысын реттеп, адам ағзасының инфекцияға қарсы төзімділігін арттырады.

Сондықтан құрамы фосфор мен кальцийге бай — сүт, ірімшік, ет тағамдары мен бұршақ, жаңғақ, күрішті көп жеу керек. Асқорыту процесі кезінде қоректік заттардан кальций мен фосфор ажырай бастағанда, қалқанша маңы безі ерекше гормон — паратгормон бөле бастайды.

Ол кальций мен фосфордың ағзада дұрыс таралуын қамтамасыз етеді. Паратгормон бөлетін қалқанша маңы безі қалқанша бездің артқы жағында орналасады. Бұл бездердің пішіні 5—6 дәннен тұратын түйінге ұқсайды. Олардың жалпы салмағы 0,25 грамнан аспайды, бірақ адам ағзасы ол бездерсіз тіршілік ете алмайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Гипофиз дегеніміз не?

Гормондар туралы не білеміз?

Бұғақ немесе зоб ауруының белгілері мен сипаттамасы.

Минералды заттардың адам денсаулығына маңызы қандай?

Пікір қалдырыңыз