Клетка дегеніміз не?

  Ағза

ағза клеткасы

Микроскоптың жасалуы адам ағзасының өте кішкентай кірпіштерден — клеткадан тұратынын көруге мүмкіндік берді. Денедегі мүшелерді құрастыру үшін миллиардтаған клетка керек. Адам ағзасындағы барлық мүшелер бір- біріне ұқсамайды, сондықтан олар әр түрлі клеткадан дамиды, ал әр клетка өзінің тиісті қызметін атқарып, басқа клеткалармен үнемі байланыста болады.

Клеткалардың көпшілігі құрылысы жағынан бір-біріне ұқсас келеді. Клетканың сыртын мембрана қабығы жауып жатады, ол сол клетканы басқа клеткадан бөліп тұрады. Клеткалардың арасындағы кеңістікті клеткааралық зат толтырып тұрады. Мембрананың негізгі қызметі — клетка мен клетка аралық заттың арасындағы зат алмасуды қамтамасыз ету.

Мембранада орналасқан саңылаулар, қоректік заттардың клеткаға еніп немесе одан шығуына мүмкіндік жасайды. Клетканы қоймалжың зат — цитоплазма толтырып тұрады, онда тығыздалған ядро және әр түрлі органоидтар болады. Ядро — клетканың ең маңызды бөлігі, өйткені онда адамның тұқым қуа- лайтын белгілері туралы генетикалық мәлімет беретін жіпшелі хромосомалар түзіледі.

Ядроның сыртын қабықша жауып жатады, ал оның ішінде клетканың бөлінуіне қажетті белокты түзетін ядрошықтар орналасады. Органоидтар — әр түрлі қызмет атқаратын, өте кішкентай клеткалық құрылымдар. Митохондриялар — клетканың тыныс алу процесін қамтамасыз ететін органоидтар. Рибосомалар — клеткадағы белоктың түзілуін қамтамасыз ететін органоидтар. Клеткадағы белоктар әр түрлі заттар түзуге (мысалы, гормондар) қажет.

Ал бұл заттар Гольджи кешенінде жинақталады. Клетка орталығы клетканың бөлінуіне қатысады. Клеткада ағзаға өте қажетті заттар: көмірсулар, белоктар, майлар және нуклеин қышқылы жасалады. Адам ағзасында ескі клеткалар өліп, оның орнына жаңа клеткалар пайда болады.

Осының нәтижесінде терідегі, қандағы, бауырдағы және т.б. көптеген мүшелердегі клеткалар жаңарып отырады. Бірақ ағзада жаңармайтын клеткалар да бар. Біз күнделікті өмірде “өлген жүйке клеткалары қайтадан калпына келмейді” деген ұғымды жиі естиміз. Бұл шындық, өйткені бір рет үзілген ми клеткалары мен жүйкелер қайтадан жаңармайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Дәнекер тіндері дегеніміз не?

Тромбоциттер дегеніміз не?

Бүйрек және Бүйрек үсті безі туралы ақпарат.

Ісік қалай пайда болады және оның түрлері.

Пікір қалдырыңыз