Көз

  Ағза

Адамның көзі

Көз — жұп мүше. Адамның көзі пішіні шар тәрізді екі көз алмасынан тұрады. Ол бір жағынан бас сүйектегі көзге арналған ойықтар — көз шараларымен, екінші жағынан — қабақпен қоршалған. Көз алмасында өте көп қан тамырлары орналасып, оған көзді қозғалтатын бұлшық еттер жалғасады. Көзге шаң және лас заттардың түсуінен қас және кірпік сақтайды.

Сондай-ақ көзді көз жасы “жуып” тұрады. Әрбір көздің үстіңде жас бөлетін көз жасы бездері болады. Көздің ішкі бұрышынан басталатын көз жасы жолдары арқылы жас мұрынға құйылады.

Көз жасы, көзді суландыруының нәтижесінде, көздің дәнекер қабығы — конъюнктиваға бактерияны өткізбей, оларды жойып отырады. Көз алмасының алдыңғы бөлігінің ортасында дөңгелек саңылау — қарашық орналасады. Қарашық арқылы көзге жарық сәулелері өтеді. Қарашықты сәулелі және сақиналы бұлшық еттерден тұратын — нұрлы қабық қоршап жатады.

Бұл бұлшық еттер қарашықтың көлемін реттеп тұрады. Көзге өте жарық сәуле түскенде, көзді қорғау үшін сақиналы бұлшық еттер жиырылып, қарашық тарылады. Ал жарық жеткіліксіз болса, көзге жарық көп түсу үшін қарашық кеңейіп, сәулелі бұлшық еттер жиырылады. Қарашықтың алдында пішіні линза сияқты, мөлдір қабық — көздің мүйізді қабығы орналасады.

Көздің мүйізді қабығынан өткен жарық сәулесі қарашық арқылы — көз бұршағына жетеді. Көздің мүйізді қабығы мен көз бұршағының арасында, іші мөлдір сұйыққа толы— көздің алдыңғы камерасы орналасады. Көздің мүйізді қабығы мен көз бұршағы шағылысып және сынып өтетін жарық сәулелерін бір нүктеге, көз алмасының ішкі қабығы — тор қабыққа жинайды.

Көз бұршағы мен тор қабықтың аралығында жатқан кеңістікті — көздің артқы камерасы деп атайды. Оны мөлдір,түссіз, іркілдек — шыны тәрізді дене толтырып тұрады. Тор қабықта жарық сезгіш рецепторлар — таяқшалар мен сауытшалар болады. Жарық қуатының жүйкелік қозу сияқты процестері осыларда өтіп, содан кейін олар миға жетеді.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Көзді ақ шел басу ауруының негізгі белгілері.

Катаракта қандай ауру сипаттамасы мен пайда болу себебі.

Алыстан көргіштік және көрмеушіліктің себептері.

Конъюнктивит көз ауруының сипаттамасы мен себебі.

Пікір қалдырыңыз