Ми дегеніміз не?

  Ағза

адамның миы

Соңғы кезде медицина ғылымының дамуы жасанды жүйелер мен мүшелерді жасап шығарып, солармен адам ағзасындағы зақымданған мүшелерді жартылай немесе толықтай алмастыруға қол жеткізді.

Бірақта адамның миын жасанды түрде жасап шығаруға болады деп ойлаудың өзі қиын. Ми бас сүйек қуысының ішінде жатады. Оның салмағы 1,4 килограмм және онда 14 миллиард нейрондар орналасқан.

Бұл адам денесіндегі негізгі үш бөлімнен: артқы, ортаңғы және алдыңғы мидан құралған, өте күрделі мүше. Мидың артқы бөлімін сопақша ми, көпір және мишық құрайды. Сопақша ми — жұлынның жалғасы. Одан бірнеше бас сүйек-ми жүйкелері шығады. Сопақша ми ағзада ас қорыту, тыныс алу, жүрек-қан тамыр жүйесінің қызметтерін және ағзаның кейбір қорғаныс реакцияларын (құсу, жөтел, түшкіруді) реттейді.

Көпір сопақша миды мидың алдыңғы және ортаңғы бөлімдерімен жалғастырып жатады. Ол бет жүйкесінен және есту мүшелерінен хабар береді. Көпір мен сопақша мидың арт жағында — мишық орналасады.

Ол адамның тепе-теңдігін, дұрыс қозғалуын және көптеген ішкі мүшелердің қызметінің дұрыс атқарылуына жауап береді. Мысалы, мас адамның құлап-сүрінуі — мишық клеткаларының ішімдікпен улануынан болады. Мидың ортаңғы бөлімі артқы ми мен алдыңғы мидың байланысына жауап береді.

Мидың бұл бөлігінде көру және есту орталықтарының жүйкелері орналасқан. Мидың алдыңғы бөлігі аралық ми мен үлкен ми сыңарларынан тұрады. Аралық ми, негізінен үлкен ми сыңарларына кететін мәліметтерді қорытумен қатар, ағзада болатын ашығу, шөлдеу процестерінің тууына жауап беріп, дененің температурасын қалыпты жағдайда ұстауды қамтамасыз етеді.

Үлкен ми сыңарлары — мидың ең үлкен бөлімі. Оны мидың сұр заты жауып жатады және бұлар үлкен ми қыртысын құрайды. Ми қыртысын сайлар мен қатпарлар жауып жатады.

Егер оның көлемі ұлғайса, нейрондардың саны мен мидың сұр затының массасы да ұлғаяды. Неғұрлым мидың сұр затының массасы үлкен болса, солғұрлым ми өзіне түскен мәліметті жақсы қорытады. Адамдармен салыстырғанда, жануарлардың миында қатпарлар аз болады. Соның нәтижесінде жануарлардың миында сұр заттың да мөлшері аз болады.

Адамдардың ойлау қабілетінің жануарлардан жоғары болатыны осыған байланысты. Сондай-ақ, үлкен ми сыңарларының өзінің маманданған екі бөлігі бар: сол жақ ми сыңары — адамда сөйлеу, жазу және дәл логикалық ойлау қасиеттерінің қалыптасуына, ал оң жақ ми сыңарлары — бір нәрсені бейнелеп ойлауды дамытуға жауап береді. Мысалы, өзіңе ұнаған музыканы сүйіп тыңцау, адамдарды даусынан немесе сыртқы келбетінен тануға мүмкіндік жасайды.

Үлкен ми қыртысы мидың маңдайлық, төбелік, самайлық және желкелік бөліктерінен тұрады. Желкелік бөлігі көру мүшелерінен сигнал алып, жарық тітіркендіргіштеріне жауап береді. Самайлық бөлік дыбыс есту мәліметтерін қорытады. Төбелік бөлік тері, сүйек, буын және бұлшық ет рецепторларынан келген мәліметтерді қорытады. Мандайлық бөлік адамның ойлау қабілетіне жауап беріп, оның дұрыс жұмыс істеуін бақылайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Ортаңғы құлақ туралы не білесіз?

Жүйке жүйесі және оның клеткасы туралы ақпарат.

Менингит немесе ми қабығының қабынуы негізгі белгілері.

Адамның бойындағы алты сезім мүшесі жайлы не білесіз?

Пікір қалдырыңыз