Тұқым қуалау

  Ағза

Баланың өзінің әке-шешесіне сыртқы келбеті немесе мінез-құлқы ұқсас болатыны жиі байқалады. Атап айтқанда, біреуінің көзінің түсі, шашы, бойының ұзындығы, дене бітімі, ал екіншілерінің қабілеттілігі, алғырлығы және дарындылығы ұқсайды. 1856—1865 жылдары австриялық ғалым

Ян Грегор Менделдің жүргізген зерттеу тәжірибелерінің нәтижесінде тұқым қуалаушылықтың негізгі зандылықтары ашылды. Ғалым тәжірибе үшін бұршақтың әр түрлі сорттарын таңдап алып будандастырды.

Мысалы, тұқымы сары немесе жасыл, тұқымы тегіс немесе бұдыр, тұқым қабығы сұр немесе ақ, бойы биік немесе аласа. Будандасудан кейінгі бірінші ұрпақта (Ғ) тек сары немесе жасыл түс, жұп белгінің біреуі ғана көрініс берді. Мұны Мендель басымдылық деп атады. Бұл Менделдің бірінші заңы.

Тұқым қуалау

Ғалым бірінші ұрпақтың өздігінен тозаңданудан алынған екінші ұрпағында (Ғ2 ) сары және жасыл түсті тұқымдары бар өсімдік пайда болған. Бір жұп белгілерінің ажырауын Мендель ажырау заңы деп атап, бұл оның екінші заңы болды.

Бұдан кейін ол сырты тегіс және түсі сары өсімдікті, сырты бұдыр және жасыл түсті өсімдікпен будандастырды. Бұдан бірінші ұрпақтың барлығының тұқымдары сары және сырты тегіс болып шықты. Осы буданнан өсірілген өсімдіктің өздігінен тозаңдануының нәтижесінде екінші ұрпақтың тұқымдарында төрт белгі де айқын көрінген. Олардың ішінде тегіс сары, бұдыр сары, тегіс жасыл және бұдыр жасыл тұқымдар болды. Сонымен екі жұп белгі бір-бірінен тәуелсіз ажырайды.

Мұны Мендель тәуелсіз тұқым қуалау заңы деп атап, бұл оның үшінші заңы болды. Менделдің ашқан тұқым қуалаушылық заңдары генетика ғылымының негізі болып табылды. Генетика ғылымында әлі талай жаңалықтар ашылатынына ешкім күмән келтірмейді. Бүгінгі таңда тұқым қуалаушылықтың материалдық негізі — нуклеин қышқылдары екені бізге белгілі. Олар клетка ядросындағы ерекше құрылымдар — хромосомаларда орналасады.

Тұқым қуалаушылықтың арнайы бір белгісін таситын, нуклеин қышқылдары молекулаларының бір бөлігі — ген деп аталады. Жыныс клеткаларында (аталық сперматозоидта және аналық жұмыртқа клеткасында) сақталатын тұқым қуалаушылық белгілер, жыныс клеткалар ұрықтанғаннан кейін болашақ ұрпаққа беріледі.

Кей жағдайда бұл қасиеттер адамды қоршаған ортаның әсер етуіне байланысты өзгеруі мұмкін. Табиғатта болатын кейбір сәулеленудің түрлері мен химиялық заттар ағзаның тұқым қуалайтын белгілері мен қасиеттерін өзгеріске ұшыратады. Мұны мутация деп атайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Тұқым қуалайтын аурулардың белгілері мен түрлері.

Тіршілік немесе өмір қалай пайда болды?

Адамның дамып жетілу процесі.

Туа пайда болған аурулар мен ақаулардың негізгі себебі.

Пікір қалдырыңыз