Әйел жыныс мүшесі анатомиясы

  Гинекология

Әйелдердің жыныс мүшелері сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Сыртқы жыныс мүшелеріне; шат аралығы қасаға,үлкен және кіші жыныс еріндері, шүрті шошақай, қыздық пердесі,қынап сағасы және сағаның үлкен бездері бартолин бездері, ал ішкі жыныс мүшелеріне, қынап,жатыр,жатыр түтікшелері, аналық бездері жатады.

Сыртқы жыныс мүшелері: Шат аралығы-құрсақтың төменгі жағына, шаштың арасына орналасқан.Жыныстық жас толған кезде оның үстін түк басатын, өте көп тер асты май шелдерінен тұратын томпақтау, табаны жоғары қараған үш бұрышты аймақ.Үлкен жыныс еріндері тері және май бездеріне бай, екі қатпарлы теріден тұрады.Олар бір-бірімен алдыңгы және артқы жақтарынан түйісе қосарланып, алдыңгы және артқы жабысқан жерлерімен қосылады.

Үлкен жыныс еріндерін жыныс саңылауы бөліп тұрады. Үлкен жыныс еріндерінің төменгі қатпарларында қынап сағасының үлкен бартолинді бездері орналасқан, олар жыныс қатынасы кезінде сұйық зат шығарады. Бұл-қынапты және жыныс еріндерінің арасын ылғалдандырып, шәухет сұйығын сұйылтып жыныс қатынасын жеңілдетеді.

Кіші жыныс еріндері-үлкен жыныс еріндері тәрізді ,соның ішкі жағына орналасқан, екі тері қатпарынан тұрады.Бірақ өте жұқа, нәзік,қызғылт түсті терімен жабылған.Қалыпты жағдайда үлкен және кіші жыныс еріндерінің ішкі беттері өзара жымдасып, жыныс саңылауын жауып тұрады.Ол үлкен жыныс еріндері мен қынаптың құрғап қалуынан, ішке жұқпалы ауру тудыратын микробтардың енуінен сақтайды.Шүрті-конус тәрізді, ерлер жыныс мүшесіне ұқсайтын, жыныс саңылауының алдыңғы бұрышында орналасқан, жыныс сезім мүшелеріне жатады.Ол екі үңгір денеден, қан тамырлары мен көптеген жүйке нерв өрімдерінен тұрады.

Қынап сағасы дегеніміз-алдыңгы жағы шүртімен,артқы жағы түйісе қосарланатын және екі бүйірі кіші жыныс еріндерінің ішкі жағымен қоршалған кеңістік.Қынап сағасына үлкен бездер секреті мен несеп жолы шығады.Қыздық перде дегеніміз-сыртқы және ішкі жыныс мүшелерін бөліп тұратын жұқа дәңекер тіннен тұратын,тасалау жер болып табылады.Қыздық перденің ортасында түріне және орналасуына қарай әр түрлі тесігі болады.

Осыған байланысты сақина, жарты ай,дөңгелек,тісті түрлері болады.Алғашқы жыныс қатынасында қыздық перде жыртылады, бұл кезде әр түрлі қарқында қанайды. Мұнан кейінгі қалдығын қыздық перденің гименальды бүртіктері, ал босану кезіндегі қосымша жыртылыстан кейін мирта шоғының бүртіктері деп атайды.

Ішкі жыныс мүшелері. Қынап дегеніміз — ересек әйелдерде ұзындығы орташа есеппен 8-10 см болатын бұлшық және дәнекер талшықтарынан тұратын түтік.Ол кіші жамбас қуысында орналасқан,алдыңғы жағынан несеп ағар жолымен, ал артқы жағынан тік ішекпен түйіседі.Қынаптың қабырғалары бір-бірімен түйісіп жатады,ал жоғарғы жағында жатыр мойнының қынап бөлігі күмбез тәрізді ойық болып келеді.Осы ойықтау бөлікті қынап күмбезі деп атайды.Қынап күмбезінің алдыңғы, артқы жақтары және екі бүйірінен тұратын төрт бөлігі бар.

Солардың ішінде басқаларынан тереңдеу жатқан артқы күмбездің орны ерекше. Онда жыныс қатынасы кезінде шығатын шәухет жиналады.Қынап қабырғасы шырыш қабығынан,бұлшық ет қабатынан және айнала қоршап жатқан шелден тұрады. Шырыш қабығы көп қабатты тегіс эпителий клеткесынан тұратын,түсі қызғыштау келген,өте көп қатпарланып,сәл өзгерген теріден тұрады. Бұл қатпарлар әйелдер босанған кезде, қынап бұлшық  еттерінің жиырылып созылуын қамтамасыз етеді.Шырыш қабығы қартайған шақта жұқарып,қатпарлары жоылып кетеді.

Қынаптың шырыш қабығыңда бездері жоқ.Бірақ қан, лимфа тамырларының ісініп,сыртқа шығатын сұйықтықтарының,жатыр,мойынша бездері бөлетін сұйық заттардың нәтижесінде қынап үнемі дымқылданып тұрады.Сонымен қатар қынап тінінің түсетін клеткалары,ақ қан түйіршіктері,микробтар болады.Дені сау әйелдерде бұл сұйық зат сүтке ұқсас, ақшыл түсті, өзіңдік иісі бар, реакциясы қышқыл болады. Осындай орта қынаптағы Дедерлейн таяқшасының тіршілік әрекеті кезінде бөлініп тұратын ақ сүт қышқылына байланысты.

Бұл таяқша дені сау әйелдердің қынабында болатын микробтар. Дедерлейн таяқшасы қынаптың шырышты қабығындағы гликогенді ақ сүт қышқылына дейін ыдыратып, ол қышқыл реакциясын туғызады. Ақ сүт қышқылы қынаптың ішінде ауру тудыратын микробтарды жояды да, қынаптың өздігінен тазаланып тұруына себебін тигізеді. Микрофлора түрлеріне қарай қынаптың тазалығы 4 дәрежеге бөлінеді.

Бірінші дәрежелі тазалықта қынап ішіндегі заттарда реакциясы қышқыл таяқша-микроб пен эпителийлік клеткалар болады.

Екінші дәрежелі тазалықта қынаптағы таяқша-микробтар азая бастайды, әр түрлі бактериялар, коккилер, лейкоциттер пайда болады, реакциясы қышқыл күйінде қалады.Бірінші және екінші дәрежелі қынап тазалығы дені сау әйелдерге тән қасиет.

Үшінші дәрежелі тазалықта таяқша-микробтар өте аз, бактериялар, коккилер, лейкоциттер өте көп, әлсіз сілтілі реакциялар болады.

Төртінші дәрежелі тазалықта қынапта таяқша-микробтар болмайды, басқа әр түрлі коккилер, іш таяқшасы, трихомонада сияқты микробтар, лейкоциттер көбейеді.Үшінші және төртінші дәрежелі тазалықта жатыр ішінде әр түрлі микробтардың өсіп-өнуіне, олардың ауру тудыруларына қолайлы жағдай туады. Жатыр — іші қуыс, жылтыр бұлшық еттен тұратын, алмұртқа ұқсас, алдыңғы және артқа жақтары сәл тығыздала түскен жыныс мүшесі.Ол кіші жамбас қуысында орналасады.

Жатыр мынадай бөліктерден тұрады

1. Жатыр денесі немесе тұтас бөлігі.

2.Жатыр мойны.

3.Жатыр денесі мен мойын аралығы.

Жатырдың жоғарғы дөңестеу, томпақтау болып келген жері жатыр түбі деп аталады.Жатыр қуысы үшбұрышты, жоғарғы бұрыштарында жатырдың ашылмалы тесік түтікшелері орналасқан.Төмен қарай жатыр қуысы тарылып,жатыр денесі мен мойын аралығына жалғасып,жатыр мойнының ішкі ернеуімен аяқталады.

Жатыр мойны — өте жіңішке, оның төмеңгі жағында қынап күмбезінен төмен жатқан, қынапқа жақын сол сияқты күмбезден жоғары және қынаптан жоғары жатқан бөліктері болады. Жатыр мойнының ішімен ұзыңдығы-1-1, 5 см болатын жіңішке мойынша каналы өтеді.Жоғарғы жағы ішкі, ал төменгі жағы жатыр мойнының сыртқы ернеуімен аяқталады.Жатыр мойнының сыртқы ернеуі қынапқа қараған жағына ашылады.Ол бұрын босанбаған әйелдерде дөңгелек, ал босанған әйелдерде бұрынғы босану кезіндегі жарық,жыртылу,шатынаған жерлердің нәтижесінде көлденең, саңылау тәрізді болады.

Жатыр мойнының каналында шырышты тығын болады.Ол бездер бөлетін сұйық зат.Шырышты тығын қынаптан жатырға микробтардың өтуіне кедергі жасайды.Ересек әйелдердің жатырының ұзыңдығы жатыр мойнының сыртқы ернеуінен басталып, жатыр түбінің ішкі қабатына дейін есептегенде 7-9 см болады. Бұл есептеу бойынша ұзыңдыктың үштен бір бөлігі жатыр мойнының үлесіне тиеді.

Жатырдың түбі тұсындағы жатырдың ені 4,5-5 см, ал қабырғасынының  қалыңдығы 1-2 см болады. Жатырдың қалыпты, жүкті емес кезіндегі салмағы орташа есеппен 50-100 гр-ға дейін болады. Жатырдың қабырғасы үш қабаттан тұрады. Ішкі қабаты-шырышты — эндометрий қабығы деп аталады. Онда бір қабатты цилиндрлік жыбырлағыш эпителилер мен көп түтікті бездер орналасқан.

Жатырдың шырышты қабығы екі қабаттан тұрады, яғни бұлшық ет қабығына жанасып жатқан базальды және етеккір циклі кезінде бір қалыпты,ритмді өзгеріске ұшырайтын функциональды қабаттарынан тұрады. Функциональды қабат өсіп-өнгіш, базальды қабат арқылы бұрынғы қалпына келтіріліп отырылады. Жатыр қабырғасының көп бөлігін ортаңғы бұлшық ет қабаты алып жатады.

Бұлшық ет қабығы сыртқы, ішкі бойлық және ортаңғы циркулярлық қабаттары болып бөлінеді. Олар жазық бұлшық ет талшықтарынан тұрады.Сыртқы серозды қабаты жатырды жауып жататын іш пердесі болып табылады. Жатырдан қуыққа қарай, іш пердесі тереңдеу келген қуық-жатыр,ал тік ішекке қарай ішек-жатыр кеңістіктерін құрайды. Жатыр кіші жамбас қуысында қуық пен тік ішек аралығыңда орналасқан. Жатыр денесінің алға симфизге қарай орналасуын антеферзия деп атайды.

Симфиз-қасағаның /шат аралығы/ буындасып,мүшенің тұтасып біткен жері болып табылады.Бұл кезде жатырдың денесі жатыр мойнымен алға қарай ашылатын доғал бұрыш жасайды, оны антефлексия деп атайды. Жатыр мойны сәл артқа қарай ығысқан жатыр мойнының сыртқы ернеуіне, артқы қынап күмбезіне жанасады.

Қалыпты жағдайда жатыр өзі қозғалғыш келеді. Оның орналсуы кіші жамбас қуысында орналасқан мүшелердің /қуық пен тік ішек/ толуына байланысты өзгеріп отырады.Жатыр — бала туу қызметін орындайды. Жыныс мүшелерінің жетілуі кезінде, жатырдың шырышты қабығында бір қалыпты, ритмді,қайталанып отыратын өзгерістер әйелдің жүкті болуына жағдай жасайды. Жатыр жүктілік кезінде баланың жататын орны болып табылады. Жатырда ұрықтанған бала дамып,өсіп жетіледі.

Жыныс мүшелерінің дәнекер және кіші жамбастың шел клеткасы.

Жатыр (матка) дегеніміз не?

Әйел жыныс мүшесінің қатерлі ісігінің түрлері.

Жатыр мен қынаптың даму ақаулығын қалай емдейді.

Пікір қалдырыңыз