Тілдік дамудың кешігуі

  Логопедия

Сәби бес жасқа толғанда шын мәнінде тілдегі күрделі құбылыстарды толық игеретін дәрежеге жетеді. Алайда, сәби тілінде табиғи ерекшеліктердің болуы ғажап емес. Бала жеті жасқа толып мектепке баратын кез жақындайды. Соған қарамастан кейбір балалар тілдік құбылыстарды толық меңгермеу салдарынан әлі де болса дұрыс сөйлей алмауы мүмкін.

Балалар тілінің шығуының кешігуін логопедия ғылымында алалия деп атайды. Әдетте тілдік кешігуде баланың интеллектісі мен есту қабілеті бұрынғысынша сақталады. Тілдік дамудың кешігуі түрлі себептерге байланысты Ол тілдік сөйлеу аппаратының зақымдануынан немесе ми қабаттарының ауруға шалдығуынан пайда болады.

Көп жағдайда мұндай зақымданулар сәби іште жатқанда немесе туған кезде пайда болады. Ғылыми зерттеулер мұндай кесел 5-7 жасқа келген балаларда да кездесетінін дәлелдеп отыр. Алайда бала есейгенде зақымдану сирек кездесетінін айта кеткен жөн. Сондықтан сәби шыр етіп дүниеге келерде ана оны сыртқы зақымданудан сақтауға тырысқан жөн.

Аурудың немесе зақымданудың салдарынан тіл шығарып, баланы сөйлететін жүйке клеткалары әдетте кеш дамиды немесе тіпті дамымай қалатын кездері де болады. Бұл соңғы жағдайда баланың сөйлеуі тез арада қалыпқа келмейтін жағдайлар да кездеседі.Баланың ойлау қабілеті, жалпы ой-өрісі тілдің мүмкіншіліктерінен әлдеқайда алда жүретінін айта кеткен де жөн.

Тілдік дамудың кешеуілдеу белгілері қандай?

Ол белгілер әр түрлі. Бұлар зақымданудан кейінгі уақыттың ұзақтығы мен қысқалығына, баланың жасына, зақымдану ауырлығына, күрделілігіне және басқа да сипаттарына тікелей байланысты. Кейбір зақымдану факторлары баланың алғаш тілі шыға бастаған кезде, ал енді біреулері еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен кезде кездеседі. Соған қарамастан олардың бәріне ортақ белгілер бар. Олар қандай белгілер?

тіл шығуының кешігуі

Бала дыбыстарды дер кезінде тез меңгереді де, сөздерді баяу, әдеттегіден кеш айта бастайды. Яғни фразеологиялық тіркестердің грамматикалық құрылымы бала тілінде кеш қалыптасады. Сөздердің аяғын жеп қою, жалғаулықтарды бірге айтпау, жұрнақтарды естен шығарып жіберу сияқты жайлар балада жиі кездеседі. Сөйтіп тұтығуға бейім баланың ойы мен сөйлеу қабілетінің арасынан осындай біраз алшақтықты байқауға болады.

Кейбір балалар оқу, жазу үстінде жоғарыда айтылғандай және басқа да алуан түрлі қиындықтарға кездеседі. Осы кезде логопедиялық көмек дер кезінде көрсетілмесе оқушы программалық материалдарды толық игере алмайды. Сөйтіп, ұдайы нашар оқитын балалар қатарында жүреді.

Тілдік даму кешігуінің үш кезеңі

Бірінші кезеңде 5-6 жасқа келген баланың тілі қалыптасқан күнде сөздік қоры аз болады, дыбыстарды бұрмалап айтады, заттың белгілерін қимылмен көрсетеді. Мысалы, «құлақ» деген сөзді «қуақ» немесе «қаақ» дейді. Болмаса кейбір заттардың аттарын өзінше жеткізуге тырысады. Айталық, «самолет» деген сөзді «ұша-аа», «кереуетті» «ұқа-аа», «итті» «аф-аф» дейді. Активті сөздер өз лексиконында аз болғандықтан екі кейде одан да көп сөзді бір сөзбен айтып жеткізуге ұмтылады. Ал кейде бір сөзді дұрыс айтпай, әріптердің (дыбыстардың) орындарын алмастырып айтатын жайлар да кездеседі.

Немесе «қасық» деген сөзді «қысқа», «қызыл» деген сөзді «қылыз» дейді. Орыс тілінде сөйлейтін балалар көпшілік жағдайда родтарды ауыстырады, көпшенің орнына жекеше формада сөйлейді. Өйткені оларды айырып жатпайды. Алғаш танысқан кезде мұндай балаларды ақыл-ойы кем балалар ма деп те ойлап қалуымыз мүмкін. Алайда, нашар сөйлейтін балалардың интеллектілік кемдігі байқала бермейді. Олар өздерін қоршаған адамдар арасында жұмысты дұрыс істейді, ойлау қабілеттері бұзылмайды. Кейде олардың ой-өрісі дұрыс сөйлейтін балалардың ой-өріс дәрежесімен бірдей болады.

Бірінші кезеңмен салыстырғанда екінші кезеңде баланың сөйлеу қабілеті анағұрлым жетілген формада болады. Ондай бала жеке қимылдардан қаша отырып, жеке сөздерді, кейде бүтіндей сөз тіркестерін айтуға тырысады. Мысалы, бір бала «Екі ешкі» деген сурет бойынша әңгімені былай құрастырды: «Тай тақай төлген. Ешкілей қайшы жүйді. Сыймасын құяп кетті». Бұл:

«Тар тақтай төселген. Ешкілер қарсы жүрді. Сыймаған соң құлап кетті»дегені болатын. Бұл мысалдан баланың сөздік қорының бірінші дәрежедегі балаға қарағанда әлде қайда көп екендігін көруге болады. Тіпті кейбір сөздері түсінікті де. Бұдан баланың сөздерді айтуға деген талпынысын айқын байқауға болады. Алайда,  «с», «з», «ц», «ч», «ж», «л», «р», «б», «д» әріптерін айтқанда елеулі кемшіліктер жібереді. Сондықтан да олардың сөйлегенде біраз қиналуына тура келеді. Жоғарыда келтірілген мысалдан сөз құрауда, фразеологиялық тіркестер жасауда көзге көрінетін кемшіліктерді айтпай-ақ байқауға болады.

Үшінші кезеңде бала лексиконында дыбысты, сөзді жеткізуде айтарлықтай кемшіліктер байқалмайды. Мұндай жағдайда көптеген ата-аналар «елеусіз» деп сөзде онша байқалмайтын қателерге назар аудармайды. Бұл — дұрыс емес. Соның салдарынан бала мектепке келісімен шорқақ сөйлейтінді шығарады. Келе-келе оның сөз құрау заңдылықтарын бұзатындығы, грамматикалық қателер жіберетіндігі байқалады.

тілдегі сөйлеу кемшіліктері

Оның үстіне мұндай баланың сөздік қоры әдеттегі сау баланың сөздік қорынан аз болады. Сондықтан бұл кемшіліктердің алдын алу үшін бала мектепке барғанға дейін жұмыс істеу керек. Сәби бір-бір жарым немесе екі жасқа толғанға дейін оның әр сөзді дұрыс айтуына зер салу қажет. Дұрыс сөйлемесе баланы алдымен педиатрға, психоневрологқа, логопедке көрсету керек. Сонан соң олар айтқан ақыл-кеңес бойынша жұмыс істеуді қолға алған жөн.

Ол үшін сәбиге арнайы жағдай туғызудың қажеті жоқ. Тек баланың әр сөзіне, сөйлеу мәнеріне ойын үстінде де, қыдырған кезінде де, киініп жатқан сәтінде де, тамақ ішіп отырғанда да назар аударған жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың әр затты өз атымен дұрыс атауына үлкен мән беру керек. Мысалы: «қуыршақты, мысықты, сағатты, қасықты, кітапты, суретті көрсетші, аттарын аташы»,- деу арқылы баланы дұрыс сөйлеуге баулыған жөн.

Мұндағы басты мақсат біреу, ол — баланың сөздік қорын қалай болғанда да әдеттегі деңгейге жеткізуге тырысу, сол үшін ата-ананың ұшан-теңіз еңбек етуіне тура келеді. Сөз жоқ, бұл міндетті шешу айтарлықтай оңай емес. Ауру баланы дені дұрыс балалардың деңгейіне жеткізу өте қиынға түседі. Бірақ ата-ана да, ұстаз да өздерін оптимистік жағдайда ұстауға тиіс. Үміт пен оптимизм — жеңіске жетудің кепілі.

Әрине, ең оңай жол — логопедтік мектепке сүйену болар еді. Бірақ ол барлық жерде кездесе бермейді ғой. Алайда бұдан түңілуге болмайды. Қолдан келсе баланы осындай мектептерге берудің барлық мүмкіншіліктерін қарастыру керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақалдың тілі мүкіс балаларға тікелей қатысы бар. Сондықтан бала мектепке барғанға дейін оның тілін түзеуге қажет шаралардың бәрін қолдануды естен бір елі шығармаған жөн.

Бұл үшін не істеу керек? Ең алдымен уақытты босқа өткізіп алмаған жөн. Тілдің шығуы өздігінен жөнделмейтінін тағы қайталап айтамыз.Тілі мүкіс, тұтық, быдық, кекеш балаларды ойын үстінде түрлі-түсті суреттермен еліктету арқылы емдеу (анығырақ айтқанда-тілдерін түзеу) айтарлықтай нәтиже беріп жүр. Ол үшін ойналатын ойын баланы жалықтырмайтын, керісінше қызық болуға тиіс.

Сондай-ақ балаға көрсетілетін суреттердің мазмұны айтуға жеңіл, қарапайым болғаны жөн. Суреттермен жұмыс істеу қолайлы екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан пайдаланылатын суреттер қарапайымдылықтарымен бірге көз тартарлықтай әдемі де тартымды болуға тиіс. Абстрактылы суреттерді пайдалануға әсте болмайды. Оларды жас бүлдіршіндерді былай қойғанда, ересектердің өздері әманда түсіне бермейді.

қыз кітап оқып отыр

Алалияға ұшыраған бала әдетте сөзге сараң келеді. Өйткені оның тілдік белсенділігі нашар, лексикалық қоры аз. Сондықтан мұндай балалардың тілін түзеу үшін көп күш жұмсауға тура келеді.Енді осындай балаларды оқытудың, үйретудің кейбір кезеңдеріне тоқтала кетелік.

Бірінші кезең. Бұл кезеңдегі мақсат — балаларды сөзге тарту, оларға қоршаған орта жөнінде толығырақ мәлімет беру, құбылыстарды жете түсіндіру. Алалияға ұшыраған балалар құбылыстарды әдеттегі балалардан кем түсінетінін айта кету керек. Әңгіме сол құбылыстарды сөзбен жеткізіп бере білуге баланы үйретуде. Бұл орайда еліктеудің де атқаратын ролі зор.

Көздеген мақсатқа жету үшін көп істерді, атап айтқанда дидактикалық ойындарды, сурет салуды, пластилиннен ойыншық жасап үйренуді жүзеге асыру қажет. Осылар арқылы баланы сөйлеуге үйретуге болады. Музыкалық ырғақты жаттығулардың және басқа да шығармашлық қимылдардың іске тигізер пайдасы мол. Еліктеу әдетте тілдік аппараттың күрделі дыбыстарды шығаруына мүмкіншілік туғызады.

Алаликтер әдетте екі топқа бөлінеді. Олардың біріншісін — сенсорлы, екіншілерін — моторлы алаликтер деп атайды. Өмірде сенсорлы алаликтер сирек кездеседі. Сенсорлы топтағы балалар көпшілік жағдайда қарапайым суретте не бейнеленгенін ажырата алмайды. Олармен қарым-қатынас жасау, байланыс орнату әдетте өте қиынға соғады. Сенсорлық алалия логопедия ғылымында әлі де болса терең зерттеліп бола қойған жоқ.

Оның ашылмаған сырлары әлі көп. Бұл кеселмен ауыратын балалар әдетте қоршаған ортаны дұрыс түсінбейді. Олар өте ашуланшақ, ызақор, беймаза келеді. Олар бірдеңені, яғни ойын айтып жеткізуге қиналса, айқайлап, аяқ-қолдарымен жерді сабалап, тепкілеп жатып алады. Кейбіреулері керісінше былдырлап сөйлеуге тырысады. Бірақ сөздерінің тек біразын ғана әрең түсінесіз. Сенсорлы алаликтердің ойларын бір нәрсеге аудару үшін оларды дыбыспен еліктетуге немесе өздерін түртіп, назарларын белгілі бір затқа аударуға тура келеді.

Ғалымдар сенсорлы алаликтерді аз да болса сөйлеуге үйретуге болады деген пікірді айтуда. Дегенмен сенсорлық алалияны ғалымдар тарапынан алдағы уақытта әлі де болса тереңірек зерттеу міндеті күтіп тұр.Алаликтердің моторлы түрі өмірде көбірек кездеседі. Бірақ олардың қоршаған ортаны, айналадағы адамдарды түсінуі сенсорлық алаликтерге қарағанда әлде қайда жеңіл. Дегенмен мұндай балалардың да сөздік қоры аз болады.

Олар да ашуланшақ, ызақор болып келеді. Алаликтердің бұл түрі айналасындағы адамдармен қимыл арқылы түсініседі. Мысалы, бала «мама» деп столды, сосын ауызын көрсетсе, онда оның «мама, менің тамақ ішкім келеді»,— дегені екенін түсіну қиын емес. Әдетте алаликтердің ымдап не айтқысы келіп тұрғанын тек ата-аналары ғана түсінеді. Практикасы, тәжірибесі мол логопедтерге де алаликтердің ымдары мен қимылдарынан олардың не айтқысы келетінін түсіну қиындық келтірмейді.

Біз бұл мақаламызда алаликтердің бұл кеселге тап болуының медициналық жолдарын айтуды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Ол — дәрігерлердің еншісінде. Біздің мақсатымыз — аурудың осы түрлеріне ұшыраған балалардың сөздік қорларын жетілдіру, айналаларындағы адамдарға көзқарастарын қалыптастыру, оған қоса мүмкіндігінше сөйлеуге үйрету жолдарын көрсету болып табылады.

Тұтығушы балалар әдетте қарама-қарсы мағынадағы етістіктерді әлде қайда тезірек меңгереді. Осы жайды ескере отырып, қарама-қарсы мағынадағы сөздерді топтастырған жөн. Бұған мысал ретінде: «Пальтоңды ки — пальтоңды шеш», «Есікті аш — есікті жап», «Ойыншығыңды көтер — ойыншығыңды жерге қой»,— деген сияқты сөз тіркестерін келтіруге болады. Алғашқы кезден-ақ баладан көңілден шығатындай нәтиже күту дұрыс емес. Бірден олай болмайды да. Сондықтан істің нәтижесін шыдамдылықпен күту керек.

логопед баламен жұмыс үстінде

Бірінші кезеңде ата-ана бала тілін дамытуға назар аударғаны жөн. Әсіресе баланың әр сөзді дұрыс айтып үйренуін қадағалау керек. Ол үшін тақырыптық ойындар өткізген жөн. Мысалы, баланы «Ойыншықтар», «Тамақ ішу», «Сурет салатын құралдар», «Аңдар мен құстар» деген тақырыпта ойындар ұйымдастыру арқылы сөйлетуге тырысқан абзал. Бала екі-үш жасқа келгенде оның жеке сөздерден сөз тіркестерін құруын талап ету артықшылық етпейді.

Сөздерді меңгеру тыңғылықты болуга тиіс. Бала бір сөзді (бұл арада үйренген сөзді айтып отырмын) қайталап айтуға, жаттап алуға тиіс. Ол заттың түрін, түсін, көлемін ажырата алатын болуы қажет. Баламен жұмыс істеуден ата-ана да, логопед те жалықпауға тиіс.

Баланы жас кезінен қарапайым сөз тіркестерін құрастыруға машықтандырған жөн. Мысалы, ол «Папам мен мамам», «Қуыршағымды өзіме бер», «Пальтомды тезірек шешші» деген сияқты сөз тіркестерін айта алуға тиіс. Балаға сұрақ қою арқылы жауап беруге үйрету де жақсы әдіс. Мысалы, «Самат не істеп отыр?» — «Ойнап отыр», «Мысық не істеп жатыр?» — «Тамақ ішіп жатыр» деген тәрізді сұрақ-жауаптар болуы керек.

Екінші кезең. Бұл кезеңде балаға сөзді түсіндіру үшін жоғарыда айтқандарға қоса белсенді түрде жұмыс істеу қосылады. Бала сөзінің активті қорын ұлғайтуға баса назар аударылады. Сондай-ақ балалардың қарапайым сөйлемдерді құруына да баса көңіл қойылады. Мысалы, тұтығушы сәби «Бала ұйықтап жатыр», «Ол тақта үстінде ойнап отыр», «Пальто ілулі тұр» деген сияқты сөйлемдерді айта алуға тиіс.

Сөздік қорды дамыту және толықтыру үшін бұл кезеңде де сурет салу, пластилиннен түрлі бейнелер жасау, ойындар пайдаланылады. Бұл кезеңде де баланы бұрын білетін сөздерінен жаңа тіркестер құрап үйренуіне назар аудару керек. Еліктеу арқылы бала ата-ананың немесе логопедтің сөзін бірнеше рет қайталауға тиіс. Сонда ғана ол белгілі бір сөзді немесе сөз тіркесін толық игере алатын болады. «Қайталау — білім анасы» деген мақалдың дұрыстығына көзіңіз сонда жетеді.

Үшінші кезеңде балалардың бір сөзден бірнеше сөз шығарып, сөздік қорларын ұлғайтуына мән берген жөн. Балаға «көз» деген сөзден «көзілдірік», «көзәйнек», «көздей», «көзайым» сияқты сөздер туындайтынын ақылмен, шыдамдылықпен түсіндіру керек. Балалардың лексикалық қорын байытудың жолдары көп.

логопед балаға әріптерді айтуды үйретуде.

Мүмкіндігінше балалардың сөйлеуіне шек қоймаған жөн. Қайта оны жеке сөздерден сөз тіркестерін құруға машықтандыруды басты міндет етіп қою керек. Сөз тіркестерін жасау үшін «Ата-аналар не істейді?», «Аңдар мен құстардың өмірі», «Жеміс-жидектер қандай болады?» — деген сияқты тақырыптарды алуға болады. Немесе тақырыптық суреттерді қарап отырып, оның мазмұнын бала өз мүмкіндігінше әңгімелеп берсе тіпті жақсы. Ол да жақсы нәтижелер береді. Бала белгілі бір тақырып бойынша әңгіме құрған кезде тоқтап, тұтығып қалуы мүмкін. Ондай жағдайда ұрыспай: «Асықпа, ойлан, жақсы сөйлеп келе жатырсың»,— деп баланы қошаметтеп қою керек.

Әдетте балалар тақырыптық әңгімелер құруды өте жақсы көреді. Олардың белсенділігі де осындай сәттерде көрінеді. Олар ешкімнің көмегінсіз сөйлеуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда балалардың лексикалық сөздік қорын байытуда осындай шаралар айтарлықтай нәтиже беріп жүр.

Балалардың сөздік қорын бір сөзге болса да арттыруға 25-30 минут жетіп жатыр. Оларды бұдан артық қинауға да болмайды. Өйткені жарты сағаттан артық жұмыс істеу — баланың жүйкесін бұзады, миын шаршатады, жұмыс істеу қабілетін төмендетеді. Сондықтан баламен жұмыс істейтін уақыт мөлшеріне қатаң бақылау жасап отыру керек.

Тілдік дамудың кешігуін жеңу ұзақ та қиын әрі күрделі іс. Бұл орайда ата-анадан үлкен шыдамдылық қажырлы еңбек талап етілетінін тағы да қайталап. айтамыз. Егер жүргізілген жұмыс айтарлықтай нәтиже бермесе, онда баланы логопедиялық яслиге немесе тіл кемістігін түзейтін балалар бақшасына орналастыру керек.

Тілдік құбылыстың бұзылуы деген не?

Тұтық баламен бірге cөзбен жұмыс істеу ережелері.

Тұтығатын баламен бірге сөз тіркестерімен жұмыс істеу.

One Reply to “Тілдік дамудың кешігуі”

  • Менің ұлым 3 жас 5 ай. Толық анық дұрыс сөйлемейді әлі, «папа, мама, ата, апа, әже, тәте бала, нан сүт су деген сөздерді анық айтады басқа сөз ыммен түсіндіріп айтып береді. Құлағы естиді

Пікір қалдырыңыз