Тұтығушы баланың үйдегі жұмыс істеуі

  Логопедия

Біз алдыңғы мақаламызда тұтығуды логопед пен дәрігер, баланың өзі, ата-ана мен мұғалім бірлесе жұмыс істегенде ғана жеңуге болатынын сөз еткен болатынбыз. Ендігі сөз тұтық баланың үйде тілмен жұмыс істеуі туралы.

Көп жағдайда ата-ананың қамқорлығы баланы логопед пунктіне орналастырумен ғана шектеліп қалады. Олар баласы логопед пунктіндегі топқа тіркелгеннен кейін міндетімізден құтылдық деп есептейді. Енді қалған істі логопед өзі атқарады деген ойда болады. Әрине, бұл қате пікір.

Осы орайда мына бір оқиға еске түседі. Осыдан біраз уақыт бұрын мәдениетті киінген бір әйел 10—12 жасар баласын бізге ертіп әкеліп, тұтығудан құтылуға көмектесуімізді өтінді. Біз алдымен баланы логопед пунктіне тіркеуді ұсындық. Ана баласын топқа тіркегеннен кейін пунктке баруды қойғанын айта келіп: «Олар — маман, алатын айлықтарын алып отыр, ендігі міндет — солардікі», — дегені бар емес пе. Логопед таныс адам болатын-ды. Ол да әйелге ата-ана көмегінің балаға қаншалықты пайдалы екендігін түсіндіріп көріпті. Баланың тілмен жұмыс істеуіне үйде бақылау жасау керектігін айтқан. Бірақ ана қамқорлығы ұзаққа бармапты. Көмек орнына әйел логопедке тілдей хат жолдапты. Онда былай делінген:

«Құрметті Н..! Егер Айгүл сабақты үлгіре алмайтын болса, үйге берілген тапсырмаларды орындамаса, онда қалауыңыз білсін. Не істесеңіз де өзіңіз біліңіз. Мен оның сабағын тексеріп отыра алмаймын. Өйткені жұмыс істеймін, қолым босамайды. Кішкентай бала емес, ақылы болса, айтқанды істер».

«Кішкентай бала емес» деп отырғаны небәрі 12 жаста. Бұл жастағы баланың саналы түрде өз бетімен жұмыс істеуі екіталай екенін туған анасы білмейді, тіпті білгісі де келмейді. Кішкентайларды былай қойғанда 12 жастағы баланың өзі ұдайы қадағалауды, бас-көз болуды қажет етеді. Ата-ана жұмыс басты болып, қолы тимегеннің өзінде балаға бұлай қиянат жасау дұрыс емес. Ата-ана қолы тимеуді сылтауратқанда баласының сөзбен жұмыс істеуіне үйде кім көмектеседі деп ойлайды. Айгүл сияқты балалар сабағын оқуға қаншалықты тырысқанымен олардың өз қолдарынан бәрі бірдей келе бермес те еді. Тілдік бұзылуды түзеу ережелерін өз бетінше орындау үшін баланың көп күш жұмсауы қажет. 12 жасар бала түгілі ересек адамдардың барлығы бірдей өздеріне өздері бақылау жасай алмайтыны белгілі. Ал тұтығушы баланың өзіне-өзі бақылау жасауы тіпті қиын жағдай.

Логопедтік жаттығулар

Логопедтік жаттығулар кезінде ең алдымен тілдік бұзылысты түзетуге қойылатын негізгі талаптармен танысып алу керек. Сонда ғана ата-ананың балаға қоятын талабы логопедтің жаттығу кезінде қоятын талабымен сәйкес келеді. Сонда ғана бала үшін қойылатын талап беделі арта түседі. Талап балаға үзілді-кесілді бұйрық түрінде қойылмауы тиіс. Оның (талаптың) ұдайы болғаны және өтініш-сұрау түрінде болғаны жөн. Бұл баланың дұрыс жаттығуына және жұмыс істеуіне көмектеседі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей ата-ана тіл мүкісін жөндеу жөніндегі логопедтің қойған талаптарын ескеріп отыруға тиіс. Бұлай дейтініміз, ата-ана тілдің мүкістігін жөндеу тек логопедтің ісі деп қарайтын болса, онда балаға жалғыз маман тарапынан бақылау жасау қиындық келтіреді. Ата-анасы сабағына қатысып тұрмаса, баласы да: «Ата-анамның менде шаруасы жоқ»,— деген ойға келуі мүмкін. Осы кезде ата-ана баласына дұрыс ескерту жасайын десе баланың: «Сендер логопед емессіңдер ғой, бізге олай деп үйреткен жоқ, сондықтан мен олай істемеймін», — деп отырып алуы да ғажап емес. Айналып келгенде балаға біржақты бақылау жасау тіл мүкісін, бұзылысын емдеуге, жүйеге келтіруге көп зиянын тигізеді.

Мұндай жағдайға ұрынбас үшін ата-ана логопедпен тек танысып қана қоймай, курс басталған кезде (алғашқы 1,5—2 апта бойына) сабақтарға қатысуы керек. Өйткені тілдің мүкісіне байланысты жаттығуларды игеру процесінің негізі осы кезде қаланады. Баланың дұрыс сөйлеп кетуі де осы кезеңге тікелей байланысты. Онан кейін ата-ана сабаққа екі аптада бір рет қатысса да болады.

Тағы бір ескеретін жай — ата-анаға логопед соңғы сабақта курс кезінде үйреткен жаттығуларды үйде онан әрі жалғастырып, баламен жұмыс істеуге байланысты ақыл-кеңестер береді. Бала логопедтік курста тілдік мүкісті, бұзылысты жөндеуге байланысты негізгі ережелерді үйренеді. Сондықтан курста үйренген жаттығуларды тұрақты ету үшін үйде одан әрі біраз жұмыс істеуге тура келеді. Жұмыс істегенде логопедтің айтқан ақыл-кеңестерін ұқыпты, ыждағатты түрде басшылыққа ала отырып жұмыс істеу керек. Сонда ғана еңбек зая кетпейді. Ата-ана мен логопедтің тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуінің мәні де осында.

Ата-ананың бала сабағына қатысуының тағы бір пайдалы жағы мынада: балалар, әсіресе, жас балалар үлкен кісілер отырғанда жаттығу жасаудан қымсынады. Сондықтан болар, олар үйге берілген тапсырмаларды үйде ешкім жоқ кезде дайындағанды жақсы көреді. Көпшілік жағдайда бала ата-ананың сыртқа шығып кетуін талап етеді. Әрине, баланың жалғыз өзінің жаттығуы тиісті нәтиже бермейді. Өйткені, тұтығудың өзі адамдармен қарым-қатынаста пайда болатыны белгілі. Оны түзеуге ең болмағанда ата-ананың біреуінің қатысқаны жөн.

анасы қызының тілін жаттықтыруда

Осы талаптар орындалғанда ғана курстық жаттығулар өз пайдасын береді. Әйтпесе, логопедтің жаттығулары кабинеттік сабақтан аспайды. Ата-ананың бала сабағына тікелей қатысуы оны ұялмай жауап беруге үйретеді. Баланы тілге арналған жаттығуларды орындау кезіндегі сенімсіздіктен арылтады. Сөйтіп, ата- ана баласына сенімді көмекшіге айналады. Бала үйде жаттығу жасаған кезде ата-анасының оның қасында болуы үйреншікті жайға айналғанда ғана логопедтен алған тәлім өз нәтижесін береді.

Егер ата-анасының бала сабағына баруына мүмкіндігі болмаса, онда сабаққа жанұяның басқа бір ересек мүшесі қатысуға тиіс. Қалай болғанда да ол кісі балаға жақын адам болуы керек. Сонда олар да логопедтік жаттығуларды игеруге көп көмегін тигізеді.

Сабаққа қатысуды баланың жақын жолдастарына сеніп тапсыру да өте пайдалы. Өйткені, бала кейбір жағдайда үлкен адамнан гөрі өзінің жақын жолдасына көбірек сенім білдіреді. Жолдасының бақылау жасағанынан ұялмайды. Керісінше, жолдастары да әдетте қамқорлық жасауды ұнатады, одан қашқақтамайды. Бір сөзбен айтқанда баланың жолдастарын да бұл игі іске қоса білу керек. Оларға сену керек, өйткені балалар алдамайды. Мұндай сенімнің игілікке айналары сөзсіз. Жолдастарының өзімен бірге сабаққа қатысуы тұтығушы баланың бойына сенім ұялатады. Тәжірибе көрсеткеніндей, бұл жағдайда тұтығудан оңай құтыла бастайды.

Бұрынғыдай қиналып сөйлеуі азая түседі. Ұялмайтын болады. Жолдас баласы тұтығушы досына кез-келген кезде ескерту жасай алады. Ол да досына сенетін болады. Көп жағдайда ата-анаға қарағанда балалардың ата-ана пікірінен гөрі жолдастарының пікіріне құлақ асатыны да осыдан.

Егер логопед те, мұғалім де, ата-ана да, жолдастары да бірігіп бақылау жасаса, тұтығушы баланың тілдік бұзылыстан яғни тұтығудан мерзімінен бұрын жазылуы мүмкін. Сонда баланың мектепте де, далада да, үйде де дұрыс сөйлеуіне деген сенімі мен мүмкіншілігі арта түседі. Бұған қоса дұрыс ұйымдастырылған бақылау — баланы өзіне өзі бақылау жасауға үйретеді.

Тілдік бұзылыстан құтылу жолдарын игеру және сөз бен тілді өмірде пайдалана білу тұтық бала үшін, қиын да, күрделі әрі ұзақ процесс.

Кейде бала жазылады-ау дегенде ескі сүрлеуге қайта түсіп, тұтыға бастайтыны болады. Бұл ата-ананы күйзелтіп, ызаландырады. Содан баланы дұрыс сөйлетуге тырысып, ата-ана айла шарғы істеп бағады. Баланы зорлау әдісін пайдаланады. Бұл «тәсіл» әдетте керісінше әсер етеді. Бала үрейленеді, бойында сенімсіздік пайда болады. Осыған орай бала логопедтік курсты бітіргеннен кейін де тұтығудан бірден құтыла алмайтынын, тілді жөндеу жөніндегі жаттығуларды толық игеріп кетуі де неғайбыл екенін ескерте кеткен жөн. Оның үстіне логопедтік жаттығуларды шексіз жүргізе беруге де болмайды. Сабақты ұзақ жүргізу баланың жазылуға деген күдігін арттырады, сенімін жояды. Сондықтан да сабақтың да шегі болу керек.

логопед маман баламен жұмыс жасауда

Енді логопед үйреткен жаттығуларды үйде жасап үйренуге дағдылану жайын айтқан жөн. Бірақ бала жаттығулардың барлығын бірдей игере алмайтынын да айту керек. Үйрену үшін шыдам керек, бақылау қажет.

Баланы мақтаудың жағымды жағы бар. Ол тұтығуды қойған кезде ғана мақтау жеткіліксіз. Қайта кібіртіктеп қалып, бірақ онысын түзеуге тырысуын да бағалаған жөн. «Сөйлей алмайсың, тұтығасың», — деп орынсыз кінәлауға әсте болмайды. Олай еткен жағдайда баланың тұтықпасы өршіп кетеді. Баланың дұрыс сөйлеуге талпынуының өзі өте қуанарлық емес пе? Сондықтан оны құптай білген жөн. Бала оны түсінеді. Сөйтіп ол да дұрыс сөйлеуге тырысады.

Тілмен жұмыс істеудің ұдайы сәтті бола беруі мүмкін емес. Бұл қиын істе сәтсіздіктер де кездеседі. Мұндай сәтсіздіктерді уақытша құбылыс деп қарап, жаттығу жұмыстарымен шұғылдануды бір сәтке де тоқтатпай жалғастыра беру керек. Баланы қолдау, жұбату дәл осы кезде, яғни ол қиналған сәтте қажет.

Тілмен жұмыс істеудің әр кезеңінің өз талабы бар. Сол кезеңдер талабына лайық жұмыс істей білген жөн. Ол үшін логопедпен ұдайы ақылдасып отыру керек. Балаға көп талап қоя беруге болмайды. Егер логопедтік курста бала тек қана қысқа тіркестерді сөйлеп жаттықса, онда ұзын сөз тіркестерін айтуды талап ету қиянат. Дағдыланбаған нәрсені орындау үшін күш жұмсап, біраз жұмыс істеу керек екені белгілі. Балаға жаңа талаптарды біртіндеп, ретімен қойған жөн. Баладан нені талап ету керек, қаншалықты талап ету керек? Бұл жөнінде логопедпен кездесіп ақылдасқан жөн. Логопед жаттығу кезінде оқушыға сабақты ұдайы қайталап, тыңғылықты етіп бекітіп отыру керектігін айтады. Соған орай тұтығушы бала да өз бетінше жұмыс істеуге тырысады.

Үйге берілген тапсырмаларды дер кезінде орындайды. Сонан соң бала тапсырманы қалай орындағанын ата- анасының тексеруін өтінеді. Айтатын жаттығуын тыңдауларын қалайды. Бұл жағдайда ата-ана баласының өтініштеріне немқұрайлы қарамауы тиіс.

Сондай-ақ ата-ана баласының өз тобында сабақты қалай өткізгенін, балалармен қалай сөйлескенін, мұғалімге қалай жауап бергенін біліп отыруын құптауға болады.

Көп жағдайда ата-ана баласының қалай жұмыс істейтініне көңіл бөле бермейтіні логопедтерді қынжылтады. Бала мен логопедке көмекші болу орнына ата-ана бұл жағдайда жалқау бақылаушыға айналады. Осының салдарынан баланың сабаққа деген ынтасы төмендейді.

Көптеген логопедтер жоспар бойынша сабақ өткізудің екінші айында балаға күнделік жүргізуді ұсынады. Онда ата-ана баласының үйде сөйлеуін қадағалап, тиісті бағаларын қойып отырады. Баға бала үшін жақсы ынталандыру болып табылады. Сондықтан ата-ана баланың ескертуінсіз өздері-ақ күнделікті уақтылы тексеріп, тиісті баға қойып отыруға тиіс. Бала өзіне жақсы баға қойылса одан әрі ынталана түседі. Мұның бәрі дұрыс, тек сонымен бірге баланың сөйлеген кездегі тәртібіне де назар аударған жөн.

Тіл жаттығуларын баланы дайындау

Тіл жаттығуларын бала алғашқы кезде үлкен айнаның алдында өткізгені дұрыс. Бұл оның өз денесін толық көріп тұруына мүмкіндік береді. Сөйлеген кезінде қолы мен аяғының қимылын қадағалай алады. Сөйтіп қалай сөйлеп тұрғанына бақылау жасайды. Сөйлеген кезде басы артық қимылдардан аулақ болған абзал. Бала бойын дұрыс ұстап тұруы керек. Денені дұрыс ұстау — дұрыс сөйлеудің кепілі екенін ұмытпаған жөн. Айна алдында денені дұрыс ұстау — сәтті сөйлеуге ғана көмектесіп қоймайтынын, сонымен бірге дененің сымбатты болып өсуіне де игі әсерін тигізетінін балаға ұдайы ескертіп отырған жөн.

Тілмен жұмыс істеу тұтығушы баладан көп күш жұмсауды, шыдамдылықты, ерікті, ыждағаттылықты талап етеді. Дегенмен шыдамдылық пен төзімділік кішкентай балаларға тән қасиет емес. Оның үстіне олар ұзақ отырып жұмыс істей алмайды. Төзімдері жетпейді. Сондықтан сабақты дұрыс үлгіріп, жақсы оқу үшін баланы ыждағаттылыққа, шыдамдылыққа үйрету керек. Аталған қасиеттер кез келген балада бола бермейді. Олар, әсіресе, тілмен жұмыс істейтін балалар үшін өте қажет.

Сондықтан тіл жаттығуларымен жұмыс істеген кезде ең алдымен баланың ерік күшін тәрбиелеу керек. Ол үшін соншама бір ерекше шамадан тыс шаралардың қажеті шамалы. Тұтығатын бала өмірінде қиыншылықтарға күн сайын дерлік кездеседі. Үйге берілген әрбір сабақты орындау, ата-ана жүктеген тапсырмалар, логопедтің тілдік жаттығулары баланың ерік күшін тәрбиелейтін факторлар болып табылады. Сондықтан баланы ұқыптылыққа тәрбиелеудің бірден-бір кепілі — уақыт кестесін дұрыс орындап отыру екенін есте ұстаған жөн.

Үш-төрт айға созылған логопедиялық жаттығулар курсы тұтығушы бала үшін әрі аз, әрі көп деуге болады. Көп болатын себебі — төрт ай бойы жаттығулар курсына қатысу бала организміне біраз салмақ түсіреді. Баланың үйде қосымша жұмыс істеуі ата-анадан да елеулі күш-қайрат жұмсауды талап етеді. Үш-төрт айлық жаттығу аз дейтініміз — дұрыс сөйлеуді меңгеріп, кез-келген жағдайда сөйлей білуге үйрену үшін көп уақыт керек.

Жаттығу, яғни сабақ аптасына жеті рет өтеді. Тұтығушы балалардың әр тобында 6 адамнан болады. Ал әр сабақ бір сағатқа созылады. Бұдан әр оқушының логопедтің кабинетінде өткізетін уақытын есептеп шығару қиын емес. Курс кезінде жаттығу сабағы белгілі бір уақытпен шектелетіндіктен логопед әр жаттығуды шегіне жеткізе алмайды, әрбір оқушымен қажетті түрде жұмыс істеп үлгірмейді.

Логопед курс жұмысын тұтығушы оқушы тіл жаттығуларын істеп үлгіретіндей етіп жоспарлайды. Сондықтан логопед алдына оқу кезінде балаға дұрыс сөйлеудің жолдарын мүмкіндігінше толық үйретуді, оқушыны өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландыруды, сабақ кезінде үйренген жаттығуларды үйде және кез келген жағдайда жүзеге асыруға машықтандыруды ғана мақсат етіп қояды. Логопед бір сабақтың үстінде жаттығудың бірнеше түрін үйретеді. Ал тұтығушы бала өз тарапынан жаңа тапсырманы орындамай тұрып, осыған дейін үйреткен жаттығуларды қайталап, оларды тыңғылықты меңгеріп отыруы керек.

Тіл мүкістігі және тұтығу дегеніміз не?

Тұтық балаларға арналған сөйлеу ережелері.

Тұтығатын баламен бірге сөз тіркестерімен жұмыс істеу.

Пікір қалдырыңыз