Жанұя, мектеп, логопед

  Логопедия

Жанұя мен мектептің логопедиялық шаралар кезінде атқаратын ролі орасан зор. Сондықтан баланың логопедтік сабақ кезіндегі жаттығуларына ата-ана мен мектеп мұғалімдері зор көңіл бөліп отыруға тиіс.

Бұл орайда жанұяның алатын ролі ерекше екенін ескерте кеткен жөн. Өйткені өз баласын ата-ана мұғалімнен гөрі жақсы біледі. Ата-ана логопедтің ең жақын көмекшісі бола алады. Олар баланың үйдегі оқуларын ұйымдастырады, сабаққа дайындық кезінде оған жан- жақты көмектеседі, оның үстіне қажетті жағдайлар туғызады.

Балаға сабақ бермей тұрып логопед алдын ала ата- аналармен сөйлеседі, оларға тұтығуды жеңу жолындағы жұмыстың мәнін түсіндіреді, қойылатын талаптарды айтады. Пайдаланылатын әдістердің тиімділігін айтады. Ата-аналардың: «Тұтығуды емдеуге бола ма? — деген сұрақтарына жауап береді. Тілді қалай түзетуге болатынын ұғындырады. Ата-ана логопедтің айтқандарын түсініп, оның талаптарын дұрыс және дер кезінде орындап отыруға тілек білдірсе ғана бала логопедтік курстан өтуге қабылданады.

Бұдан кейін ата-ана баламен бірге сабаққа қатысып отыруға тиіс. Үйде тиісті логопедтік жаттығуларды өткізіп баланың сөйлеу мәнеріне бақылау жасап отырулары керек. Ата- ананың келісімінсіз тұтық баламен сабақ өткізудің нәтиже бермейтінін ескеру қажет. Кабинеттік оқуға әдетте баланың анасы көбірек қатысады. Бұл сабаққа әке мен шешенің кезектесіп келуіне болмайды. Сондай- ақ баланың туыстарына да логопедтің сабағына қатысуға рұқсат етілмейді.

Ата-анасының барлық методикалық тапсырмаларды оқушының дер кезінде орындауын қадағалауы, баланың хормен айтылатын жаттығуларына ұдайы белсенді қатыстырылуы, сондай-ақ баланың үйге берілген тапсырмаларды уақтылы орындап отыруына бақылау жасау — тіл кемістігін табысты тузетудің кепілі болып табылады.

Сөз жоқ, бұл орайда баланың әкесінен гөрі анасына көп күш жұмсап, көп жұмыс істеуге тура келеді. Тұтығушының анасы логопедтік кабинетке ұдайы келіп тұруы керек дедік. Өйткені, жүргізілетін жұмыстың мәнін түсінбейінше баланың үйдегі жаттығуларды жасауына көмектесу мүмкін емес.

Ксйбір ата-аналардың логопедтің сабағына қатыспайтыны, оны логопедтің тікелей өз жұмысы деп қарайтын жайлар да кездеседі. Алайда ата-ана сабаққа қатысатын болса, онда біраз уақыт өткеннен кейін оқу процесіне өздерінің қатысуы үлкен пайда беретініне көздері жстеді.

логопедтің балаға көмегі

Бұл күрделі міндетті жүзеге асыру үшін шыдам керек екенінде дау жоқ. Сөйтіп, кейбір ата-аналардың өздеріне жүктелген міндетті орындауға шыдамы жете бермейді. Олар балалары үшін күш жұмсағысы келмейді. Арада біраз уақыт өтеді, ал тұтығу болса емделмеген күйінде қала береді.

Үйге берілген тапсырмаларды баланың дер кезінде орындап отыруы-логопед жұмысының нәтижелі болатындығының кепілі. Үйде бақылау сөздермен бірге логопедтің кабинетінде айтылған сөйлеудің барлық түрлері қайталануға тиіс. Тұтығушы баланың сөйлеуіне қозғалыстардың көмегі тиетіні белгілі. Оны қалай түсінуге болады?

Әдетте тұтығушы бала сөйлегенде қиналып сөйлейтіні белгілі. Ауаны ретсіз жұтып, ретсіз шығарады. Осы кезде ол не қолын қимылдату арқылы, не аяғын қимылдату арқылы сөзіне ырғақ береді. Мұндай қимылдарсыз бала сөйлей алмайды. Бұл тұтығушылардың барлығына тән қасиет.

Сондықтан үйде оқушыға тілдік жаттығулар жасатқан кезде қолын қимылдатып сөйлеуге үйрету керек. Қолдың қимылынсыз жұмыс істеу тілдік жаттығуларды табысты жасауға кедергі келтіреді. Оқушы қолдың қимылын тілдік жаттығулар кезінде неғұрлым көбірек пайдаланса, соғұрлым сабағы да нәтижелі болады.

Үйдегі жаттығулар кезінде мектепке берілген тапсырмалар түгел дерлік қайталанады. Логопед кабинетіндегі жаттығулар кезінде басқа сабақтардың бірдей өтуі үшін тапсырмалар тең бөліктерге бөлінеді.

Алғашқы 8—10 сабаққа дейін үйге берілген тапсырманы логопед түгел тексермейді, тек таңдап-таңдап қана тексереді. Міне, осының нәтижесінде ата-ананың жауапкершілігі артады, тексерілмей қалған тапсырмаларды өзі тексеріп отырады. Сөйтіп, баланың жаттығуға дайындығы арта түседі.

Хорға қосылып оқуға назар ерекше аударылатын болады. Мұның бәрі курстық оқу барысында түгелдей жүзеге асырылады. Бала хормен оқыған кезде ата-ана да оларға қосылып оқиды: яғни сөзбе-сөз, бір ырғақпен дауыстап қайталап айтады. Өйткені басқаша оқудың пайдасы жоқ.Хормен оқуға қатысатын ата-ана да баласымен бірге қол қимылдарын жасауға тиіс.

Сөйлеуге үйренудің, жаттығудың басқа түрлеріне де үйде бақылау жасап отыру керек. Үйде тиянақты жаттықпайынша логопедтік жұмыстың нәтиже беруі екіталай. Алғашқы кезде әліппемен жұмыс істеудің маңызы зор. Ата-аналардың бұған мән бере бермейтіні өкінішті. Олардың көпшілігі әліппемен алғаш жұмыс істеу дегенге таң қалады. Оны менсінбейді. Балаға берілетін сабақтардың неғұрлым күрделірек болғанын қалайды. Бұл теріс пікір екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

ауыз жаттығулары

Қайткен күнде де баламен жұмыс істеуді әліппеден бастаған жөн. Өйткені, тұтық бала әліппедегі оңай сөздерді қайталап, сөйлеп үйренеді, тілін дамытады. Сөйтіп, күрделі тапсырмаларды орындауға апаратын жолдағы қиын өткелден өтеді. Сондықтан әліппеден қашпаған жөн. Логопедияның заңы осыны талап етеді.

Логопедтің бала тілінен тапқан, көрсеткен кемшіліктерін үйде жөндеуді дағдыға айналдыру керек. Кемшіліктерге тағы кемшілік қосып алмаңыз. Олай болған жағдайда бала кеселі барған сайын ауырлап, емделуі қиындай түседі. Сондықтан кемшіліктерді дер кезінде түзеп отырған жөн.

Үйге берілген тапсырманы бала ата-анасымен бірлесе отырып хормен айтып орындағаны жөн. Сонан соң оқушы сабаққа өзі дайындалуға тиіс. Сосын бала өткен сабақты қайталап, оны басқа біреуге айтып беруге тиіс. Оқушы сабаққа ыждағатпен дайындалғаны жөн. Оны ешкім зорламауы керек. Мектепке берілген тапсырманың барлығы үйге келгенде орындалуға тиіс. Сонда ғана логопедтің сабағы өз нәтижесін бермек.

Бала жалпы білім беретін мектепте оқитын болса, онда логопедия бойынша өтетін сабақ оған қосымша салмақ болып түседі. Сондықтан балаға түсетін осыншама ауырлыққа ата-ана ұкыпты қарауы керек, одан көмектері мен қамқорлықтарын аямауға тиіс. Балаға барлық жағдайды жасау қажет. Әсіресе баланың уакыт кестесін орындауын жіті қадағалап отырған жөн. Оған сөзбен де, іспен де көмектесуді ұмытпаған дұрыс. Ата- ана тарапынан болатын қатаң талап қана балаға тіліндегі ақауды жөндеуіне, сырқатын жеңіп шығуына көмектеседі.

Мектептің логопедиялық процесте алатын ролі орасан зор. Бірақ мұғалімдердің бәрі бірдей тұтығудың мәні мен зардабын түсіне бермейді. Сол себептен де жекелеген мұғалімдер тұтығушы балаларға дұрыс көз- қарас білдірмейді. Біз үшін бала сабағын жақсы оқыса, үйге берілген тапсырманы ұқыпты орындаса болғаны, тутығудың бізге ешқандай қатысы жоқ деп ойлайды олар. Әрине, бұл — қате көзқарас.

Тұтығатын оқушының сабақ үстінде өзіне қойылған сұрақтарға жауап беруі көптеген факторларға байланысты. Баланың кейде қойылған сұрақтарға жауап бере де алмай қалуы мүмкін. Бұл оның сабақты білмегендігінен емес, керісінше оның кеселіне байланысты. Өйткені тұтық баланың сөйлей алмай қалатын кездері болады, ондай кездерде ол сабаққа ықылассыз қарайды, сұрақтарды біле тұрып, сөйлеуге қиналғандықтан оған жауап бермейді.

мектеп және логопед

Сондықтан мұғалімнің тұтығушы балалармен жұмыс істегенде өте сақ болғаны жөн. Оқушы өз дәрменсіздігін көрсетіп ұятқа қалғанша, сөйлей алмай қиналғанша екілік алғанды дұрыс деп санайды. Ал кейбір тұтық балалардың үзіліс кезінде еркін сөйлеп жүре беретіні болады, сонан барып мұғалімдер арасында «бала әдейі солай істейді» деген пікір қалыптасатын кез де болады.

Мұғалімдердің кейбіреуінің тұтық оқушыдан сабақты жұрттың ең соңынан, сабақтан кейін немесе жазбаша түрде жауап бер деп талап ететіні бар. Сөйтіп бала мұны өзін мұғалім кемсітті деп есептеп қапаланады. Сөйтіп мұғалім тұтық бала психикасына өлшеусіз зардап тигізеді.

Мүмкін мұғалім әдейі істегісі келмеген де болар ол мұнысын балаға жеңілдік істейін деген оймен жасаған шығар. Қайткен күнде де мұғалімнің баланы алалауы, жүрегіне қаяу салуы — қате. Тұтық баланың кінәмшіл, өкпешіл, ызақор, не болса соны көңіліне алғыш келетіні белгілі. Сондықтан да дені сау балаларға қарағанда тұтық балаға деген көзқарас басқаша болуға тиіс.

Тұтық оқушының тілін түзеу ниетіне кіріскенде оған тиісті жағдай туғызу керек, яғни оны бөлектемей сабақты өзгелермен бірдей жүргізу қажет. Оған ерекше бөлек сұрақ қойылмағаны жөн. Мұны сынып жетекшілерінің де ескергені дұрыс. Сынып жетекшісі өз қарауындағы оқушыларға тұтығушы бала жөнінде түсіндіріп айтып, оның кемістігіне күлмеуді ескерткені, талап еткені жөн.

Керісінше, мұғалімдер де, жолдастары да оған қамқорлық жасап, қиналған сәттерінде, сөйлегенде демеп отыруды естен шығармағандары абзал. Мұғалім сонымен баланың логопедтік курс бойынша сабақ беріп жүрген ұстаздарымен де тығыз байланыс жасауы керек. Логопед сынып жетекшісіне тұтығушы мен тұтықпайтын оқушылар арасындағы қарым-қатынастар жөнінде түрлі кеңестер береді. Мұғалім сол кеңестерді бұлжытпай орындауға тиіс. Балалар арасындағы қарым-қатынасқа қатаң бақылау қоюға міндетті.

Логопед те өз тарапынан мектепке барып, тұтық баланың сабағына қатысып тұруға тиіс. Логопедтің бұл жоспарлы шаралары күні бұрын белгіленіп, мұғалімдерге дер кезінде хабарланып тұрады. Сөйтіп, мұғалім сабақты тұтық баладан логопед қатысқан кезде сұрайды. Бұл баланың кеселін, тұтығу ерекшеліктерін логопедтің толық білуіне мүмкіндік береді. Логопед оқушыны басқа балалармен бірге сыныпта тексереді. Бұл жағдайда оқушының тілі біршама жақсаруға тиіс.

логопедпен дұрыс сөйлеуді үйрену

Оқушы ауызша сабақтарды (әдебиет, тарих т. с. с.) үйде дайындап, логопедке сөйлеп жаттығу үшін келеді. Мұғаліммен келісім бойынша тұтық оқушы сыныпта барлық пәндерден толық сұралады, ал логопед болса жаттығу кезінде баланың дұрыс сөйлеуін қадағалап, бақылау жасап отырады. Сөйлегенде жіберген кемшіліктерін баланың өзіне айтып түсіндіреді. Бала ондай ескертпелерден қорытынды шығарып, алдағы уақытта оларды қайталамауға тырысуы керек.

Сабақ үстінде тұтық оқушының берілген сұрақтарға сәтті жауап беруі алдағы уақытта істің нәтижелі болуының айғағы. Бала бойында өз күшіне деген сенім қалыптасады. Ол логопед үшін де, баланың өзі үшін де үлкен жетістік болып табылады. Логопедтің мектепке барып, сабаққа қатысуға асықпағаны жөн екенін ескерте кету керек. Өйткені, логопедтің мектепке ерте келуі баланы жасқандырады, оның үстіне бұл кезде тұтығу процесінің бәсеңдемеуі де мүмкін ғой.

Логопед оқушының жанұясымен де, мектеппен де бірдей байланыс жасайды. Оқушының ата-анасы өз тараптарынан логопедтік кабинетпен байланыс жасаумен қатар, мектептегі мұғалімдермен де тығыз қарым- қатынаста болуға тиіс. Сайып келгенде мұның өзі ата- анаға да, логопедке де, мұғалімге де баланы толық білуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бала тілін мүмкіндігінше тезірек түзеуге көмектеседі. Логопед мектепке бару арқылы өзіне қажет ақпараттарды алады, өзі белгілеген ережелерді орындауға көмектеседі, қажет деген ақыл-кеңестерін береді.

Логопедтің оқушы ата-анасымен байланыс жасап, олардың үйіне барып тұруы да құптарлық жай. Логопедтің тұтығушы бала жанұясымен қарым-қатынас жасауы, әңгімелесіп тұруы, сол баланың кемшіліктерін тереңірек білуге көмектеседі. Қарым-қатынас жасай жүріп, логопед оқушының уақыт кестесін қалай орындайтынын, басқа талаптарды қалай жүзеге асыратынын қадағалай алады. Оның үстіне логопед ата-анаға алуан түрлі ақыл-кеңестер де бере алады.

Логопедтің, жанұяның, мектептің және тұтығушы оқушының бірлесіп жұмыс істеуі ғана ауыр кесел — тұтығуды жеңіп шығуға мүмкіндік береді.

Логопед көмегін алуға баратын баланы қалай дайындау керек.

Тұтығатын баланың үйде тілмен жұмыс жасауына арналған кеңестер.

Тұтық балаларға арналған сөйлеу ережелері.

Пікір қалдырыңыз