Емшек бездерінің құрылысы

  Маммология

Емшек, яғни сүт бездері — қос анар — олар төстің екі жағын ала терінің астына біткен. Емшектер адамның негізгі денесінен бұлтиып шығып тұрады. Олардың формасы, үлкен-кішілігі әйелдердің тұлғаларына, жеке ерекшеліктеріне және олардың әр түрлі функциялық жағдайларына байланысты.

Емшектің ұшы бала емізуге бейім, оның айналасы дөңгеленіп, басқа терінің түсіне қарағанда қара-қоңырланып тұрады. Екі қабат болудың бір белгісі — емшектің ұшы мен оның айналасындағы қара-қоңыр дөңгелектері өзгеріп қара-қошқыл түрге айналады.

Қыздардың 13—14 жасқа келгенінде емшек бездері өседі. Терістікте тұратындарға қарағанда, оң түстікте тұратын қыздар ертерек өсіп жетіледі. Қыздар 17—18 жасқа келгенде етек кірі уақытылы келіп тұрады да, ал емшек бездері қосымша өсіп жетіліп, кәдімгі емшек формасына келе бастайды. Ал бұлардың етек кірлерінің келу-келмеуіне байланысты емшек бездері бірнеше түрлі өзгерістерге ұшырайды.

Емшек бездерінің өздері бір-бірінен қосымша тканьдер арқылы бөлініп, бірнеше сүт бездерінің бөлшектерінен құралады. Осы сүт бездері бөлшектерінің әр қайсысының сүт жүретін жолдары емшектің ұшынан келіп шығады. Кейде сол бірнеше сүт бездерінің сүт жолдары қосылып, үлкен сүт жолын құрайды. Міне осылайша сүт жолдарының өзара қосылуының арқасында емшек ұшындағы сүт шығатын үрпінің саны шамамен 8-ден 15-ке дейін барады.

Салт, бала емізбейтін әйелдің емшегі жай уақытта сүт бездерінің 15—20-дай бөлшектерінен тұрады, олар бір-бірінен қосымша тканьдер арқылы бөлінген. Сүт бездерінің әрбір бөлігі өзара дөңгелек, сабынның көбігі тәрізді, көптеген ұсақ-ұсақ бөлшектерден тұрады. Олардың осы бір ұсақ бөлшегін альвеола деп атайды.

Осы альвеоланың іші ерекше эпителий тканьдерімен қапталған, олар әйел екі қабат болған уақытта қосымша өсіп жетіліп, босанғаннан кейін сүт шығара бастайды. Әрбір жеке сүт бездері өзара майлы тканьдермен бөлінеді де, әйелдер екі қабат болған кезде әлгі майлы тканьдер азайып, сүт бездері үлкейеді. Ал емшек бездерінің дөңгелек формалы болуы міне, осыдан.

Емшек — әйел тұңғыш баласын туып, бірқалыпты емізген жағдайда ғана өсіп жетіледі. Оған дейін емшекті толық жетілді деп айтуға болмайды, өйткені екі қабат кезде және босанып бала емізе бастағанда, сүт бездері өсіп- үлкейіп, сүт бөліп шығарады. Ал баланы емшектен айырғаннан кейін емшектің сүт бөліп шығаратын бездері кішірейіп, бұрынғы қалпына келеді. Сөйтіп екінші рет екіқабат болғанға дейін сүт бездері өзінің сүт бөлу функциясын уақытша тоқтатады.

Сүт бездерінің бөліктерін біріктіріп тұрған майлы тканьдер үлкейіп, кішірейген сүт бездерінің орнын қайтадан май басады.Сүт бездерінің тканьдері толып жатқан қан тамырларымен және лимфа тамырларымен, нерв жүйелерімен, әсіресе олардың сезімтал нерв ұштарымен ұштасып жатады. Нерв жүйесінің сезімтал ұштары емшек ұшында көбірек болады.

Артериялық қан тамырлары, емшектің тканьдері мен клеткаларының дұрыс өсіп жетіліп, өздерінің функцияларын жақсы атқаруы үшін, оттегі мен қоректік заттарды, түрлі жыныстық гормондарды үзбей жеткізіп беріп отырады. Ал, көк тамырлары арқылы көмір қышқыл газы мен организмге керексіз заттар сыртқа шығарылып отырылады. Сұйық заттар көптеген лимфа тамырлары арқылы шығарылады.

Ткань мен клеткалардың арасында болатын сұйық заттар лимфа тамырлары арқылы қолтыққа қарай ағып, қолтықтың астындағы лимфа бездеріне жиналады. Бұл бездер жайшылықта байқалмайды, тек қолмен сипағанда кішкене ілгектің үлкендігіндей болып білінуі мүмкін. Бұлар ауырған уақытта ғана қап-қатты болып, бұдырайып тұрады.

Емшек ұшының анатомиялық құрылыстарының үлкен маңызы бар. Дені сау кейбір емшектердің ұшы шығып тұрса, екінші біреуінікі болар-болмас қана болып, емшекке жабысып жатады, ал енді үшінші біреулерінің емшектерінің ұшы емшектің ішіне кіріп тұрады.Міне, соңғы айтылған екі жағдайда нәресте емшектің ұшын өзінің қызыл иегіне жеткізе алмағандықтан емшек сүтін дұрыстап еме алмайды.

Емшек ұштарының болар-болмас қана шығып жабысып жатқан немесе емшектің ішіне кіріп кеткен жағдайларында нәресте емшектің ұшын сорамын деп өзінің қызыл иегімен жарақаттауы мүмкін. Мұндай жағдайда емшектің ұшында жарылу, жара, жарақат пайда болады. Олар арқылы микробтар ішкі сүт бездеріне дейін өтіп, емшекте неше түрлі аурулардың пайда болуына себепші болады.

Емшек ұшы дұрыс жетілген уақытта ол шошайып шығып тұрады. Мұндай жағдайда нәресте қиналмастан емшектің ұшын қызыл иегінің арасына салып сора бастайды, емшекті жарақаттамайды.Емшек ұшының дұрыс өсіп жетілуі үшін қыз баланың анасы кішкентайынан бастап, емшектің ұшын үш саусақтың басымен бірнеше рет тартқылап, созып қойғаны жөн, сонда емшек ұшы шығып тұратын болады.

Әйел екі қабат болған уақытының алғашқы кезінде емшектері ісініп, толып өзінің көлемін үлкейте бастайды. Осы күндері сүт бездерінің үлкеюіне байланысты емшекті қатты қысқан кезде, су шығуы мүмкін. Емшек ұшымен оның айналасындағы дөңгелек тері қара-қошқылдана бастайды (пигменттенеді).

Босануға 1,5—2 ай қалғанда да, босанғаннан кейін де 2—3 күндей емшектен уыз бөлініп шығады. Алғаш сүт пайда болар алдында емшектер тырсиып сыздап, қол тисе ауырады. Шамалы уақыттан кейін емшектің ісігі қайтып, ауырғанын қойып, бездерде сүт пайда бола бастайды. Бұл уақытта бездер үлкейеді де, терінің астындағы сүт бездерінде қосымша қан тамырлары пайда болады. Көк тамырлары білеуленіп тұрады, өйткені олар теріге өте жақын жатады.

Кейбір жас әйелдер ұялғандықтан не эстетикалық әдеп сақтағандықтан, емшектерін емшек тартқышпен тартып тастайды, сұйық затты аз іше бастайды. Бұл дұрыс емес. Мұнымен емшек бездерінің өсуін тоқтата алмайды, қайта бұдан түрлі ауру табуы мүмкін.

Емшек бездері босанғаннан кейін де үлкеюі мүмкін, бұл жас ананың бала емізуге бейімделгені болып табылады, бұған аса көңіл аудармау керек. Баланы емшектен шығарғаннан кейін сүт бездері өзінің көлемін кішірейтеді, босаған орындарға май жиналады.

Босанғаннан кейін емшегінен сүт шықпайтын әйелдер өте сирек кездеседі. Дегенмен, сүт бездерінің құрылысы дұрыс болмаса не әр түрлі патологиялық жағдайлардың салдарынан бездер сүт бөліп шығара алмағандықтан, сүт бермеуі де мүмкін. Кейде ананың сүті жеткіліксіз, аз болады, мұндайда белгілі тәртіп сақтап, әрбір үш-төрт сағат сайын баланы емізіп отыру керек.

Кейбір аналар балаларын мерзімді сағатта емізеді, бірақ емізу мерзімі әр түрлі: бірде 20 минут, екіншіде — 40 минут болады. Бұл сүттің жиналу уақытын бұзады, ал бала да сол бір тәртіпке дағдылана бастайды. Сондықтан баланы емізгенде бір мезгілде, белгілі уақыт мөлшерінде емізу керек.

Жалпы тәртіпті сақтау: уақытымен дұрыс тамақтану, демалысты жақсы өткізу, денешынықтыру жаттығу тәртібін қатты ұстау керек.Кейбір жағдайда, іс жүзінде сүт бездері сап-сау, өз функциясын дұрыс атқарып тұрғандығына қарамастан жанұяда түрлі жетіспеушіліктер салдарынан болатын ұрыс-керіс, қызмет бабындағы кемшіліктер, шаршау, тамақты уақытымен ішпеу, бір нәрсеге қайғыру, сияқты алуан түрлі қобалжулар ана сүтінің азаюына, не уақытша тоқтап қалуына үлкен әсер етеді.

Сондықтан да жоғарыда айтылған жағдайлардан аулақ болу керек.Сүттің не көп, не аз болуы емшектің үлкен-кішілігіне қарамайды, ол сүт бездерінің сүтті бөліп шығару функциясына байланысты. Сол себептен де жас аналар көңілдеріне дақ түсіретін жағдайларды елемей, одан аулақ болулары керек.

Жас ана емшегінің күтіміне арналған пайдалы кеңестер.

Ауырған емшекпен баланы емізуге болады ма?

Емшек ұшында жарықтардың пайда болу себептері.

 

Пікір қалдырыңыз