Емшекке дақ түсірмеу шаралары

  Маммология

Екі қабат әйелдің жеке басының тазалығына, киім- кешегінің, төсек орнының, қолының тазалығына үлкен мән беріледі. Ал, босанғаннан кейінгі тазалықтың маңызы одан да зор, өйткені осылардың бәрі ана мен баланың денсаулығының кепілі. Үй шаруашылығында өндірісте ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін аналардың қолдары лас болмай тұрмайды.

Сондықтан бала емізерде қолды сабындап әбден жуу қажет. Босанғанның алғашқы күндері емізер алдында қолды иіс сабынмен міндетті түрде сабындап жуып, емшекті мақтаны немесе таза шүберекті қайнаған суға батырып алып сүртіп, артынан таза орамалмен кептіре сүрткен жөн.

Бұдан кейін емшекті 1—2% мүсәтір спиртінің ертіндісіне малынған мақтамен сүрту керек. Баланы емізер алдында және емізгеннен кейін де емшектің ұшын жылы су немесе бор қышқылының ертіндісімен жуу қажет. Бор қышқылының ертіндісін жасау үшін бір стакан жылы суға бір шай қасық бор қышқылы салынады. Бор қышқылы барлық аптекада сатылады.

Дәрігерлер емшекке дақ түсірмеу үшін фурациллин (1:5000), 1% рибофлабин, 1—5% синтомицин сияқты майлы эмульсиялар дайындайды. Баланы емізгеннен кейін емшекті жоғарыда айтқан әдістердің біреуімен баптап құрғату керек. Міне, осыдан кейін шүберекке немесе дәкені екі қабаттап, үстіне эмульсияны, сыртқы киімді бүлдірмес үшін май өткізбейтін қағаз салып, мақтамен жауып бинтпен байлап қою керек.

Кейде емшек тартқыш киіп, келесі емізгенге дейін әлгі байлауын алмау керек. Емізер алдында емшекті таза шүберекпен сүртіп, майын кетіріп, сумен немесе бор қышқылының ертіндісімен жуу керек. Емшек күтуде және оларда жарақат түсірмеуде баланы емізу әдістерінің де маңызы өте зор.

Жарақат түсірудің ең басты себебі, емізгенде бала емшектің ұшын қызыл иегімен қысады. Сондықтан ең бірінші рет балаға емшек бергеннен бастап, емшекті дұрыс соруды үйрету керек, ол үшін бала бүкіл емшектің ұшын айналасымен түгел аузына толтыратын болсын. Ал ана емшектің ұшын екі не үш саусағының басымен қысып тұрып, баланың аузына салуы керек, сонда ғана бала дұрыс сора бастайды.

Баланы дұрыс емізу үшін, әуелі орындыққа жайғасып отырып, емізетін жақтағы аяқты кішкене орындыққа қойып, бүгіңкіреп, баланың емуіне жағдай туғызылады. Емшектің ұшын баланың аузына салмас бұрын бір-екі тамшысын сауып тастаған дұрыс. Емшек баланың мұрнын жауып, тынысын тарылтпайтындай етіп ұстау керек.

Емізіп болғаннан кейін баланың аузынан емшекті күштеп тартып алмай, баланың мұрнын немесе иегін басып, аузын ашқызып, содан кейін емшекті суырып алу керек. Күштеп суырған кезде емшекке зақым келуі мүмкін.

Емшекте сүт қалдырмау үшін таза қолымен немесе сүт тартқышпен сауып алған дұрыс. Емізгенсін жоғарыда айтылғандай, тағы да емшекті жуып, құрғата сүртіп, майлы эмульсиялар жағып қойған жақсы. Емшекте қалған сүтті сауып тастау емшек бездерінің сүт бөліп шығаруын жақсартады және қалып қойған сүттің ашып кетуінен аулақ болады. Сөйтіп, емшекті әр түрлі аурулардан сақтайды.

Емшек сүтін қос қолдап сауу

 Әйелдер босанатын үйлерде емшекті сауудың әдістерін үйрену әрбір ана үшін өте қажет. Ал консультацияларға барғанда емшекті қалай сауатындығы туралы дәрігер немесе акушерка тексеріп, қате болса, түзеткендері жөн.

Емшекті сауу үшін оны алақанға салып екі саусақтың басымен қысып сауады, қатты қыспай, кейде екі қолдап та саууға болады. Баланы емізген сайын сүт сауылып тасталады. Емшекті емізіп болғаннан кейін, оны жуып 10—15 минуттай ашып жатып, кептіру керек.

Міне, осыдан кейін жоғарыда айтылған майлы эмульсиялармен майлап, емшек тартқыш киюге болады.Емшектің ұшы жартылай не бүтіндей ішке батыңқы болғанда емшек ұшына емізік кигізіп қана емізу керек.

Баланы күндіз әрбір 3—3,5 сағат сайын, түнде 6 сағаттан кейін 25—30 минуттан асырмай емізген жақсы. Егер баланы 45—50 минуттан емізетін болса, бала жалығып, дұрыс ембей, тістей бастауы мүмкін, бұл емшек ұшына зиян.

Мезгілді уақытымен емізіп отырса, балада сол уақытқа үйренеді, емшекте сүтін бірқалыпты дұрыс бөліп шығарып отырады. Баланы емізіп болғаннан кейін анасы сүт не тәтті шай ішіп отыру керек, өйткені сүт жақсы жиналу үшін әйелдің организмінде қажетті мөлшерде қант пен су болуға тиіс.

Емшек емізіп жүрген әйелдер консультацияға барып дәрігерге емшектерін көрсетіп, кеңес алып отырулары керек. Бала емізіп жүрген әйелдерге жібектен іш көйлек киюге болмайды, өйткені жібек сусылдап емшекке жайсыз тиюі мүмкін және дезинфекция жасағанда бүлініп қалады. Сондықтан іш көйлек жай ақ матадан болғаны дұрыс, оларды қайнатып жуып, үтікпен кептіруге болады.

Сырт киім мен іш киімдер бастан шешілмей, түймелі болғаны жақсы. Өйткені әрдайым бастан шешіп жату өте қиын болады, бұл сонымен қатар емшекті ұрып алмау жағын сақтандырады, ал юбка аяқтан шешілетін болсын.

Егер ана шаң-топырақты жерде жұмыс істейтін болса, киімнің сыртынан түгел ілгектенетін халат кигені дұрыс.Ол емшекті шаңнан сақтайды. Үйге келгеннен кейін жұмысқа киетін киімдерді шешіп, үйде киетін басқа киімдер кию қажет.

Әйелдер босанатын үйлерде ұялмай-ақ емшек емізу, оларды күту шараларын сұрап үйрене берген жөн. Бұл тұңғыш босанған әйелдерге өте қажет. Өйткені күту және емізу әдістерін жақсы біліп, оларды бұлжытпай орындап отырғанда ғана емшек бездерін ауыртпай аман сақтауға болады.

Ол баланың денсаулығы үшін де аса пайдалы. Емшек бездері ауырып қалған жағдайда баланы емшектен айырып, қосымша тамақтармен қоректендіруге тура келеді. Мұндай қосымша тамақтармен қоректенген балалар әр түрлі ауруларға шалдыққыш келеді, бұл олардың бірқалыпты өсуіне де кедергі келтіреді.

Емшек жарақатын емдеп жазу жолдары.

Ауырған емшекпен баланы емізуге болады ма?

Жүктілік кезде жасалатын жалпы гигиеналық шаралар.

Пікір қалдырыңыз