Маститті емдеу

  Маммология

Мастит ауруының бірінші белгілері пайда болысымен дереу әйелдер консультациясына немесе хирургке көрінген жөн. Егер ауру жаңа басталған болса, емделісімен тез жазылып кетеді. Мастит ауруының алғашқы белгілерін алдыңғы мақаламызда жазған едік, оқыңыздар. Сондықтан жас әйелдер өз денсаулығына мән беріп, шамалы да болса, медицина ғылымынан хабардар болғаны жөн.

Дәрігердің кеңесінсіз, өз бетімен ем қолдануға болмайды. Егер дәрігерге қаралу мүмкіншілігі болмаса, мыналарды істеуді ұсынамыз: ауырған емшекті балаға мейлінше көбірек емізіп, емшекте сүт қалдырмау керек. Егер сүт қалса, емшекті саумай, емшек сорғышпен сорғызып алған жөн. Ал сау емшекті сауу керек.

Содан кейін ауырған емшекті жоғарырақ көтеріп, шүберекпен таңып тастаған дұрыс. Егер бинт табылса, ауырған емшектің үстін онымен бастыра, иықтан асыра, бірнеше орап, сау емшектің астымен бинтті жүргізіп таңады. Осылай таңу әдісін бір-екі қайталағаннан кейін адам таңуды жақсы үйреніп алады.

Бас орамал немесе жай шүберектермен таңуға болмайды. Осылай таңғаннан соң емшектің ауырғаны күшейіп, ал 30—40 минуттан кейін басылады. Оған шыдамдылық керек. Осы таңылған бинттің үстінен 2—3 күндей грелкамен салқын су басып тұрған жөн. Грелканы күніге 2—3 мезгіл 30—40 минуттай ұстауға болады.

Мұндайда емшектің ісігі қайтып, емшектегі қан жүрісі азайып, асқынып келе жатқан аурудың тоқталуы мүмкін. Емшекті жоғарыда айтылғандай 24 сағат бойы таңып ұстау керек. Бұл уақытта баланы емізбей емшектің байлауын алмау керек. Егер емшегі ауырған әйел осы 24 сағаттың ішінде дәрігерге көріне алмаса, таңылған емшекті босатып, балаға ауырған емшекті емізе беру керек. Мүмкіншілігіне қарай баланы емізбеген кезде, емшекке салқын грелканы баса берген жөн.

Ауырған емшекке өнебойы, емшек тартқыш киген дұрыс. Ауырған әйел қызметке шықпай, үйде болғаны дұрыс. Емшектің ісігін қайтару үшін 2 қасық ағылшын тұзын тамаққа қосып ішуге де болады. Ағылшын тұзы дегеніміз күкіртті магнезия: оның екі ас қасыған жарты стакан жылы суға салып ерітеді, суыған соң 2 ас қасығын ішуге болады, шамалы ішті өткізеді.

Су ішуді азайту керек, себебі су ісікті үлкейте береді. Ауырған емшекке ыстық грелка басуға болмайды, ол емшектің іріңін көбейтіп жібереді.

Мастит ауруы жоғарыда айтылғандай бірнеше түрге және кезеңдерге бөлінеді, осыларға қарай ем қолданылады. Аурудың бастапқы кезеңі және маститтің серозалық түрі әлі іріңдемеген, тек қана қап-қатты ісік пайда болған кезі. Ал оны түрлі антибиотиктермен емдесе де, жазылып кетеді.

Мұнымен қатар А. В. Вишневский ұсынған, емшектің астынан бірнеше жерден стрептомицин, пенициллин қосылған новокаин ертінділерімен блокада жасау өте пайдалы. Блокада жасағаннан кейін міндетті түрде бірнеше түрлі майлы эмульсиялар жағып, таңып, тасталады.

Антибиотиктермен қатар ауру емшекке физиотерапиялық УВЧ, диатермия сияқты, емдер де жасалады. УВЧ мен қатар берілген антибиотиктер де емшек ісігінің тез қайтуына жақсы әсер етеді.

Ал антибиотиктерді ішу керек пе әлде укол арқылы қабылдау керек пе, оны дәрігер шешеді. Антибиотиктердің түрі өте көп болғандықтан пенициллин, стрептомицин, террамицин, тетрациклин, тағы басқаларын ғана атауға болады.

Егер емшектің ісігі іріңдемей, беті қайта бастаса, жиналған су мен ісіктің түгел қайтып, тезірек қалпына келуі үшін тағы да физиотерапиялық емдеу белгіленеді. Мысалы, озокерит, кварц сәулелері, компресс сияқтылар қолданылады.

Егер емшектің майлы қабаттары іріңдеген болса, антибиотиктердің шамасы келмей қалады. Сондықтан емшектің іріңдеген жерін дәл тауып, шприцпен сорып алады да, орнына антибиотиктер жібереді. Осыдан кейін іріңдеген жері құрғап, бос қалған қуыстардың орнын майлы тканьдер басып, баяғы қалпына келуі мүмкін.

Тағы бір айта кететін мәселе — егер ірің бірнеше жерде болса, олардың әрқайсысына жеке-жеке ине тығу (пункция) керек. Осылайша емделген жағдайда 3—4 күннің ішінде ананың дене қызуы қайтып, емшектің қызарғаны, ауырғаны, сыздағаны басылып, аурудың беті қайта бастағаны байқалады.

Егер жоғарыда аталған емдерден кейін 2—3 күннің ішінде ананың халі жақсармаса, онда тағы да бір жерде іріңнің қалып қойғаны: мұндай жағдайда операция жасау жолымен ғана емдеуге болады.

Емделіп жүрген ананың сүтінде ірің болса, баланы емізуге болмайды, ал ірің жоқ болса, баланы емізе беруге болады. Ірің араласқан сүтті сорған баланың іші ауырып құсады, іші өтетін болады, дене қызуы көтеріледі.

Операция жолымен емдеудің реті мынадай: әуелі ауыртпаудың бірнеше амалдарын жасап, содан кейін емшекті тіліп, іріңді шығарады да, іріңін сорып шығаратын заттар қойылады. Жара іріңнен әбден арылғаннан кейін майлы бальзамдармен байлайды. Іріңнің тез тартылуы үшін кейде қосымша УВЧ, Соллюкс және қан құю тәсілін де тағайындайды.

Егер маститтің флегмоналық, гангреналық түрлері болса, жоғарыда айтылған емдермен емдеп жатпай, бірден операция жасау жолымен емдеуге кіріседі.

Операция жасап емдегеннен кейін оның орнында сипағанда ғана байқалатын білеуленген із қалады. Кейін олар арнаулы емсіз-ақ 1—2 айдың ішінде өздері кетіп қалады, егер қалып қойса, болар-болмас қана білінеді. Кейбір кезде емшекті соғып, қысып алатын болса, кесілген жердің әлгі білеуленіп қалған орны қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Сондықтан бұл білеуленген белгілер ұзаққа созылса, дәрігерге көрсетіп, емделген жөн.

Мүмкін кейбір әйел оның қалдығы дәрігерге көрінісі мен мастит ауруы тез жазылып кетеді деп ойлайтын болар. Бұл ауру бір айға, асқынса, 2—3 айға созылады. Емдеу үшін адамның шыдамдылығын, төзімділігін, дәрігердің білімділігін, ептілігін керек етеді. Сондықтан әйелдер осы кеңесімізді дұрыс түсініп, тиісті мән беріп, аурудан алдын ала сақтаныңыздар.

Бастан кешкен бір оқиға. Босанғанына бір ай болған, 23 жастағы М. дегеннің оң жақ емшегінің ауырғанына 8 күн болыпты. Ауырған бойда дәрігерге көрінген екен, дәрігер бірнеше түрлі ем тағайындапты. 2 күндей емделіп жүріп, емшегінің ауырғаны қоймаған соң, дәрігерге баруды қойып, өзінше емделе бастаған, компресс басқан, май жаққан, қолынан келгенінің бәрін жасаған.

Ал балаға ауырған емшегін емізуді тоқтатқан. Ауру күшейіп, дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлағанда, дәргерге көрінуге келіпті. Дәрігерлер емшекті бірнеше квадрант секторларға бөледі. Дәрігер әйелдің емшегін қарағанда ауру емшектің сыртқы, жоғарғы квадрантында, емшектің терең қабатында іріңді қуыс бар екенін анықтаған. Әйелге операция жасау жолымен ғана емдеуге болатынын түсіндіріп, оның келісімін алған.

Операция жасалып, емшектің жарасы тез жазылып кетті. Бірақ емшектің сүті тартылып қалды, өйткені емшек ауырғанда баланы емізбей қойғаны мәлім.Сондықтан дәрігер ауырған емшекті ақырындап емдеуді жалғастырған. Соның арқасында келесі жолы босанғанда емшектен сүт шығатын болды, бірақ бұрынғымен салыстырғанда, әрине өте аз. Мұндағы айтайын дегеніміз, әрбір ауырған әйел дәрігерден де төзімді болып, емделу мәселесіне дұрыс мән беріп, дәрігердің емін тоқтатпай, ұзақ уақыт емделе беруі қажет.

Ауырған емшекпен баланы емізуге болады ма?

Маститтің пайда болуы (жолдары) себебі.

Жас ана емшегінің күтіміне арналған пайдалы кеңестер.

Пікір қалдырыңыз