Паталогиялық анатомия сөздігі «В, Г, Д»

  Терминдер

медициналық терминдер

Назар аударыңыз! Термин сөздерді оңай әрі тез табу үшін төменде көрсетілген әріптерді пайдалансаңыз болады.

А Б В Г Д Е Ж З И К Л М Н О П Р С Т У Ф Х Ц Ш Э Я

— В  

ВАГИНИТ

(vaginitis; vagina — қынап; itis — қабыну) — қынаптың қабынуы.

ВАКУОЛИЗАЦИЯ

(vacuolisatio) — КӨПІРШІКТЕНУ, клетка цитоплазмасында, ядросында сұйықтыққа толған көпіршіктердің пайда болуы. Олардың құрамында су, гликоген немесе липидтер болады.

ВАЛЬВУЛИТ

(valvulitis; valvula — жүрек қақпағы, itis — қабыну) — жүрек қақпақшаларының қабынуы, көбінесе ревматизмге байланысты болады.

ВАРИКОЗ

(varicosis; varix – венаның шекараланған кеңеюі, osis — дерт)-вена қан тамырларының түйінделе кеңеюі.

ВАРИКОЦЕЛЕ

(varicocele; varix+kele — ісіп томпайған жер) — ұрык бауы веналарының түйінделе кеңеюі.

ВАРИОЛОИД

(variolois; variola — шешек, eides — ұқсас тәрізді)-вакцинацияланған (егілген) адамдарда ұшырайтын шешектің жеңіл түрі. Олар азғана, іріңдемейтін бөртпелердің пайда болуымен сипатталады.

ВЕЗИКУЛА

(vesicula; vesica — қап сөзінің кішірейтіп алынған түрі)-СУЛЫ БӨРТПЕ, көлденеңі 5 мм-ге дейін болған іші серозды экссудатпен толған бөртпе.

ВЕЗИКУЛИТ

(vesiculitis) — несеп қабының қабынуы.

ВЕРРУКОЗНЫЙ

(verruca — сүйел) – СҮЙЕЛДІ. Мыс.: сүйелді эндокардит.

ВИВАРИЙ (vivarium; viv — тірі)

— тәжірибе жасайтын жануарларды ұстау үшін әдейі бейімделген орын (үй).

ВИРОПЕКСИС

(viropecsis)-вирустың клетка мембранасына бекуі (жабысуы). Содан кейінгі мембранадағы өзгерістер нәтижесінде вирус клеткаға енеді.

ВИРХОВСКИЙ МЕТАСТАЗ

— асқазан рагының сол жақтағы бұғана мен көкірек бұғана емізікше бұлшықеттері арасындағы лимфа түйіндеріне метастаз беруі. Диагнозды анықтауға жәрдемдесетін клиникалық белгі.

ВИСЦЕРАЛЬНЫЙ

(visceralis; viscera — ішкі ағзалар) — ішкі ағзаларға тиісті.

ВИТИЛИГО

(vitiligo; vitius — ақау, кемістік) – АЛАПЕС тері пигменттелуі бұзылуының бір түрі, теріде пигментсіздену нәтижесінде ақ түсті, айналасында пигменттер сәл көбірек дақтар пайда болады. Олар бетте, мойында, қолда көбірек байқалады.

ВОДЯНКА

(сулы ісік) — судың тері астында және дене қуыстарында жиналып қалуы нәтижесінде дененің жалпы ісінуі (Анасарка, гидроперикард, гидроцеле, гидроцефалия сөздерін қараңыз).

ВОСПАЛЕНИЕ

(inflammatio; flamme — жалын, жану) — ҚАБЫНУ организмнің зақымдануға қарсы бағытталған қан тамырлары мен мезенхиманың, қатысуымен жүретін жергілікті. реакциясы. Ол бірінен соң бірі туындаушы альтерация, экссудация, пролиферация құбылыстарын өз ішіне алады.

ВСКРЫТИЕ ТРУПА

(autopsia; син. necropsia, secto cadaveris),- МҮРДЕНІ АШУ (ЖАРУ) — өлген адам организмінде қандай өзгерістер пайда болғанын және өлу себептерін анықтау мақсатында мүрдені жарып көру.

ВТОРАЯ БОЛЕЗНЬ

— ЕКІНШІЛІК СЫРҚАТТАР, өздерін тудырған аурулармен байланысын үзіп жеке маңызға ие болған сырқаттар. Мыс.: қарын қуысына жасалған кез келген операциядан соң дамитын ішектің жабыспалы түйіндеуі.

ВУЛЬВИТ

(vulvitis; vulva — әйелдің сыртқы жыныс ағзалары, itis — қабыну) — әйелдің сыртқы жынысы ағзаларының қабынуы, -ол әдетте қынаптың қабынуымен бірге ұшырайды.

— Г —

ГАЙМОРИТ

(haimoritis) — жоғарғы жақ қуысының шырышты қабатының қабынуы.

ГАМАРТОМА

(hamartoma; hamartia — қате, кемістік, oma — ісік) — ісік тәрізді ткань аномалиясы. Ол эмбриогенез кезеңіндегі тканьдар дамуының бұзылуы нәтижесінде пайда болады. Бір текті тканьдардан тұратын гистиодты Г., кейбір ағзаға ұқсас органоидты Г. кездеседі. Олар ісікке айналғанда гамартобластомалар деп аталады.

ГАМЕТОГЕНЕЗ

(gametogenesis; gameta — ер және әйел; gene­sis- даму) -жыныс клеткаларының дамуы.

ГАМЕТОПАТИИ

(gametopathia; gameta — әйел; gametes — еркек; pathia-дерт, сырқат)-ГАМЕТОПАТИЯЛАР, әйел немесе еркек жыныс клеткаларындағы генге байланысты өзгерістер нәтижесінде немесе ұрықтанудың алғашқы кезеңінде пайда болатын бір топ тума аурулар.

ГАМЕТЫ

(жыныс клеткалары) — еркектік және әйелдік жыныс клеткалар: сперматозоид және жұмыртқа.

ГАНГЛИОЗИДОЗЫ

(gangliosidosis; ganglion — нервтік түйін)-ГАНГЛИОЗИДОЗДАР, нерв тканінде ганглиозидтардың жиналып қалуымен сипатталатын тұқым қуалаушы аурулар. Олар ферментопатияларға жатады. Мыс.: Тей-Сакс ауруы.

ГАНГЛИОНИТ

(ganglionitis) — нерв түйінінің (ганглийдің)қабынуы.

ГАНГРЕНА

(gangreana; gangraina — өрт)-ӨЛІЕТТЕНУ (ган- грена) — некроздың қоршаған ортамен байланысқан түрі. Мыс.: өкпе, ішек, тері гангренасы. Гангренаның құрғақ және дымқыл түрлерін ажыратады. Дымқыл гангренаға ұшыраған ағзадан өте жаман жағымсыз иіс сезіледі.

ГАРГОИЛИЗМ

(gargoile — беті ұсқынсыз адам) — мезенхималы көмірсулы дистрофияның іштен туған түрі болып, ауырған адамның бойы пәс, басы үлкен, беті ұсқынсыз, бауыры мен көкбауыры үлкейген, ақыл-есі кем болады.

ГАСТРИНОМА

(gastrinoma)-ұйқы безінің гастрин бөліп шығаратын аденомасы. Ол клиникада Золлингер — Эллисон синдромы (асқазанда көптеген жаралардың пайда болуы) түрінде көрінеді.

ГАСТРОМАЛЯЦИЯ

(gactromalacia; асқазан+malakia — жұмсақтық)-қабыну, қан айналуының бұзылуы немесе өліктің аутолиз нәтижесінде асқазан қабырғасының жұмсаруы. Ол кейде тесіліп кетеді.

ГАСТРОПТОЗ

(gastroptosis; асқазан+ptosis — төмен түсу) — асқазанның созылып төмен түсуі. Мыс.: қарын бұлшықеттері әлсіз болғанда немесе пилоростенозға байланысты қарын созылып төмен түседі.

ГАСТРОЭНТЕРОКОЛИТ

(gastroentherocolitis) — ішек-қарын жолының қабынуы.

ГЕМАМНИОН

(haemamnion; haema — қан; amnion — қағанақ)-қағанақ суына қан құйылу.

ГЕМАНГИОМА

(haemangioma)- қан тамырларынан өсетін қатерсіз ісік. Олар капиллярлы және кавернозды болып бөлінеді.

ГЕМАНГИОСАРКОМА

(haemangiosarcoma) -қан тамырларының қатерлі ісігі.

ГЕМАРТРОЗ

(haemartrosis; қан + arthron — буын; +osis — дерт, сырқат)-қанның буын қуысына жиналып қалуы.

ГЕМАТИНЫ

— гематиндер, гемоглобин тотыққанда түзілетін заттар. Мыс.: гемомеланин безгекте; тұз қышқылды гематин-асқазанда эрозиялар, жедел ағымды жаралар пайда болғанда кездеседі.

ГЕМАТЕМЕЗИС

(haematemesis; қан + emesis — құсық) — ҚАН ҚҰСУ.

ГЕМАТОМА

(haematoma; қан +oma — ісік) — ҚАНДЫ ІСІК, қанның айналасындағы тканьдарды ығыстыра және бұза бір жерге жиналып қалуы. Бұл жағдай көбінесе жарақатқа байланысты болады.

ГЕМАТОСАЛЬПИНКС

(haematosalpinx; қан+salpinx — жатыр түтігі) — қанның жатыр түтігіне жиналып қалуы. Мыс.: түтіктік жүктілік кезінде.

ГЕМАТОТОРАКС

(haematothorax; thorax — көкірек)-көкірек қабырғасы немесе өкпе жарақаттанғанда қанның көкірек қуысына жиналуы.

ГЕМАТОЦЕЛЕ

(haematocele; қан + kele — ісік)- қанның туылу кезіндегі жарақаттарға байланысты ен қабықшаларының арасына жиналып қалуы.

ГЕМОБЛАСТОЗЫ

(haemablastosis; қан + blastos — өскін) — ГЕМОБЛАСТОЗДАР, қан жасаушы тканьдардан өсетін қатерлі ісіктердің жалпы аты.

ГЕМОКОАГУЛОПАТИИ

(haemacoagulopathia; қан+coagulatio — қоюлану; pathia — дерт, сырқат) — ГЕМОКОАГУЛОПАТИЯЛАР, қанды ұйытушы және қан ұюына қарсы жүйелердің өзара қарымқатынасының бұзылуынан туындайтын, тромбтар пайда болуымен, сонымен бірге қан ағуымен (құйылуымен) сипатталатын сырқаттар.

ГЕМОЛИЗ

(haemolisis; қан + lisis — еру) — қанның (эритроциттердің) еріп кетуі.

ГЕМОПЕРИКАРД

(haemopericardium; қан + pericardium — жүрек қабы) — қанның жүрек қабына жиналып қалуы.

ГЕМОПЕРИТОНЕУМ

(haemoperitoneum; қан + peritoneo — қарын қуысы) — қанның қарын қуысына жиналып қалуы.

ГЕМОПТИЗИС

(haemopthysis; haema — қан,— түкіру) —ҚАН ТҮКІРУ; тыныс жолдарынан және өкпеден қан ағу.

ГЕМОРРАГИЧЕСКИЙ

(haemorrhagia — қанау) — ҚАНДЫ. Мыс.: қанды экссудат, геморрагиялық қабыну.

ГЕМОРРАГИЯ

(haemorrhagia; қан + rrhagia — жару, сынды- РУ) — ҚАНАУ, қанның қан тамырларының немесе жүрек бүтіндігінің бұзылуы нәтижесінде сыртқа шығуы. Қанаудың үш түрі бар: 1) жүректің немесе қан тамырларының қабырғасы жарылып кеткенде (һ. per rexin); 2) қан тамыры қабырғасы жарылып кеткенде (һ. per diabrosin); 3) диапедез нәтижесінде (һ. per diapedesin).

ГЕМОСИДЕРОЗ

(haemosiderosis; қан+sideros — темір) — тканьдарда гемосидериннің шектен тыс жиналып қалуы. Жалпы және жергілікті Г. түрлерін ажыратады. Жалпы Г. қан тамыр ішінде ыдырағанда, ал жергілікті Г. қан тамырдан тыс ыдырағанда дамиды.

ГЕМОТОРАКС

(haemothorax; қан + thorax — көкірек) — қанның көкірек қуысында жиналып қалуы.

ГЕМОФИЛИЯ

(haemophilia; haema — қан, philia бейімділік) — қан ұюының бұзылуымен сипатталатын тұқым қуалаушы сырқат. Сәл жарақаттан аққан қан ұйымай, ауру қансырап өліп қалуы мүмкін.

ГЕМОФТАЛЬМ

(haemophtalmus; haema — қан; opthalmos — көз)—көздің ішіне қан құйылу,

ГЕМОХРОМАТОЗ

(haemochromatosis; қан+chroma — түр, түс; osis — сырқат) — организмде темір алмасуынын, бұзылуымен сипатталатын тұқым қуалаушы сырқат. Бұл сырқатты темірдің ішектен сорылуы күшейіп темір көптеген ішкі ағзаларға сіңіп қалады тканьдарда гемосидеринмен бір қатарда гемофусцин, меланин пигменттері де жиналады. Осыған байланысты тері қарайып, бауырда цирроз, ұйқы безінде склероз процестері дамиды және осы ағзалардың қызметі бұзылады.

ГЕНЕРАЛИЗАЦИЯ

(generalisatio; generalis — жалпы, басты) — ТАРАЛУ, кейбір дерттің шекараланған ошақтан бүкіл денеге тарап кетуі, Мыс.: біріншілік туберкулезде туберкулез лимфа немесе қан арқылы бүкіл денеге тарап кетеді. Сол кезеңде әр түрлі ағзаларда, сүйек тканінде ми қабықтарында және т. б. жерлерде туберкулез ошақтары пайда болады.

ГЕНОПАТИИ

(genopathia; genos — әулет, түр; pathia — дерт, сырқат)— ГЕНОПАТИЯЛАР, патологиялық мутация әсерінде ген құрамының өзгеруіне байланысты дамитын сырқаттар. Г. тұқым қуалайтын ауруларға: ферментопатияларға, тума иммундық тапшылықтарға және т. б. соқтырады,

ГЕНУИНЫЙ

(genere, genitus — тудыру, дүниеге келтіру) — Генуинді, тума, алғашқы, өз-өзінен туындайтын. Мыс.: Г, амилоидоз, Г. нефрит.

ГЕПАТИЗАЦИЯ

(hepatisatio) — БАУЫРЛАНУ. Крупозды пневмонияның 2—3 кезеңдерінде байқалатын көрініс. Өкпе бауырдай нығыздалып қалады. Оның қызыл және сұр бауырлану кезеңдерін ажыратады.

ГЕРМАФРОДИТИЗМ

(hermaphroditismus) — ҚЫЗТЕКЕ; син. қосжыныстылық. Нағыз Г. аналық бездің және еннің бір адамда болуы немесе ovotestis түрінде бірігуі. ЖАЛҒАН Г. еркектік немесе әйелдік жыныс белгілерінің бірге болуы, бірақ біреуінің басым болуы немесе екеуінің де дұрыс дамымауы.

ГЕТЕРОГЕННЫЙ

(heterogenus; heteros — басқа, турлі; genos — шығу тегі) — ӘРТЕКТІ, келіп шығуы әр түрлі.

ГЕТЕРОПАГУС

(heteropagus; heteros — басқа; pagere — тығу, кіргізу) — бір-біріне жабысқан егіз бала, бірақ оның біреуі жеткілікті дамымаған оны ПАРАЗИТ деп атайды. Мыс.: баланың көкірек, қарын, сегізкөз аймақтарында екінші баланың (паразиттің), қол аяғы немесе басқа дене бөлшектері жабыса туады. Мүмкіндік болғанда оларды операция жасап алып тастайды.

ГЕТЕРОТОПИЯ

(heterotopia; heteros — басқа, topos — орын) — ұрықтың даму кезіндегі тканьдар орнының алмасып кетуі. Мыс.: бүйрекүсті безінің бір бөлігінің бүйрек тканінде табылуы.

ГЕТЕРОТОПИЧЕСКАЯ ОССИФИКАЦИЯ

(ossificatio heterotoріса; сүйектену +heterotopia — орын алмасу) — ГЕТЕРОТОПИЯЛЫҚ СҮЙЕКТЕНУ, яғни әр түрлі себептерге байланысты жұмсақ тканьдар арасында сүйек тканінің пайда болуы. Осы сүйек ткані кейінірек ісік өсіп шығу көзі болуы мүмкін.

ГИАЛИНОЗ

(hyalinosis; hyalos — мөлдір, ақшыл; osis — дерт, сырқат) — қантамырлы дәнекертканьды дистрофияның бір түрі болып, аралық тканьда қан тамырларының қабырғасында гиалин шеміршегі тәрізді жылтыр, қатты, ақшыл заттық пайда болуымен сипатталады. Гиалиноздың жергілікті және жалпы түрлері бар. Г. склероз, плазманың сіңіп қалуы, фибриноидты некроз нәтижесінде дамиды.

ГИБЕРНОМА

(hibrenoma; hibrenus — қысқы; oma — ісік) — май тканінен өсетін ісіктің бір түрі, ісік адамдарда сақталып қалған, қысқы ұйқыға кететін жануарларда кездесетін, қоңыр май қалдықтарынан өседі. Оның реңі де коңыр болады.

ГИГАНТИЗМ

(gigantismus;: син: макросомия, gigantos — алып) — адам бойының өте ұзын болуымен (еркектерде 200 см-ден, әйелдерде 190 см-ден жоғары) сипатталатын синдром. Мыс.: гипофиз аденомасымен байланысты Г.

ГИГАНТСКИЕ КЛЕТКИ

(cellulae gigantae) — АЛЫП КЛЕТКАЛАР, бір немесе көпядролы, көлемі қалыпты клеткалардан бір- неше есе үлкен клеткалар. Мыс.: туберкулез қабынуында кездесетін Пирогов-Лангханс алып клеткалары; лимфогранулематозға тән Березовский-Штернберг клеткалары.

ГИГРОМА

(hygroma; hygor — сұйық; oma — ісік) — бұл негізінен созылмалы бурсит нәтижесінде буын айналасындағы қалтаға сұйықтыктың жиналып қалуы. Кейде Г. деп сіңір қабының сарысулы ісінуін түсінеді.

ГИДРАДЕНИТ

(hidroadenitis; hidros — тер; aden — без; itis — қабыну) — апокринді тер бездерінің қабынуы.

ГИДРОАДЕНОМА

(hidroadenama; hidros — тер; aden — без, oma — ісік) — апокринді тер бездерінің қатерсіз ісігі.

ГИДРОКАЛИКОЗ

(hydrocalicos; hydr — су; calices — табақша) — несеп жолдарына тас тығылып қалуы нәтижесінде бүйрек табақшаларының кеңейіп қалуы.

ГИДРОИЕФРОЗ

(hydronephrosis; cy+nephr — бүйрек;— сырқат, дерт) — СУ БҮЙРЕК: несеп шығару жолдары таспен бітеліп қалғанда немесе олардың тума кемістіктері нәтижесінде бүйрек түбінің өте кеңіп кетуі. Бұл жағдай ұзаққа созылғанда бүйрек ткані бүтіндей несеппен толған қалтаға айналады.

ГИДРОПЕРИКАРД

(hydropericardium; су +pericardium — жүрек қалтасы) — жүрек қалтасына қан айналуының жалпы бұзылуы нәтижесінде сұйыктықтың (трассудаттың) жиналып қалуы.

ГИДРОТОРАКС

(hydrothorax; су-thorax — көкірек) — СУ КЕУДЕ, КӨКІРЕК. ШЕМЕНІ, сұйық заттың (трансудаттың) көкірек қуысына жиналып қалуы.

ГИДРОУРЕТЕРОНЕФРОЗ

(hydroureteronephrosis; cy+ureter— несепағар; nephr — бүйрек; osis — сырқат, дерт) — бүйрек түбі мен несепағардың басылып немесе тығылып қалған жерінің жоғарғы бөлігінің кеңейіп кетуі.

ГИДРОЦЕЛЕ

(hydrocele; cy + kele — жарық; ісік) — водянка яичника — ЕНШЕМЕНІ, сұйықтықтың ен қабықтарының арасына жиналып қалуы.

ГИДРОЦЕФАЛИЯ

(hydrocephalia; cy + kephale — бас) — водянка головного мозга. МИ ШЕМЕНІ, жұлын-ми сұйықтығы әрекетінің бұзылуына байланысты ми қарыншаларының өте кеңейіп кетуі. Көбінесе бұл тума сырқат болып токсоплазмоз, тума ақаулар нәтижесінде дамиды. Ми ткані атрофияланып, қарыншаларда бірнеше литр сұйықтық жиналып қалады. Тума гидроцефалияда бас сүйегінің жіктері ажырап кетеді.

ГИНГИВИТ

(gingivitis; gingiva—қызыл иек, itis — қабыну) — қызыл иектің қабынуы.

ГИНЕКОМАСТИЯ

(gynecomastia; gyne әйел; mastos — сүт безі)—еркек сүт безінің үлкеюі.

ГИПЕРЕМИЯ

(hyperhaemia; hyper — шектен тыс, аса; һаіmа — Қан) — ТОЛАҚАНДЫЛЫҚ, қан тамырларының шектен тыс қанмен толуы. Гиперемияның артериялы, венозды түрлері бар.

ГИПЕРКЕРАТОЗ

(hyperceratosis; hyper+көп, аса; kerato — мүйізді зат; osis — дерт) — эпидермистің мүйізді қабатының қалыңдауы, Күс.

ГИПЕРОСТОЗ

(hyperostosis; hyper — шектен тыс + osteo — сүйек; osis — дерт) — СҮЙЕК ТАСУЫ, сүйек тканінің шектен тыс өсіп қалыңдауы.

ГИПЕРПИГМЕНТАЦИЯ

(hyperpigmentatio; hyper — шектен тыс + pigment — бояу, пигмент) — терінің және басқа ағзалардың пигмент мөлшерінің өте көбейіп кетуі нәтижесінде қоқыр қошқылдануы. Мьіс.: Аддисон сырқатында терінің, гемосидерозға байланысты өкпенің, қоңыр түске кіруі.

ГИПЕРПЛАЗИЯ

(hyperplasia; hyper — аса, тым + plaseo — түзілу) — клеткалар санының, аса көбеюі нәтижесінде тканьдардың, ағзалардың көлемінің үлкеюі. Мыс.: эндометрийдің безді гиперплазиясы жатырдың шырышты қабатының қалыңдауына соқтырады.

ГИПЕРТРИХОЗ

(hypertrichosis; hyper—аса, тым, trix — шаш, жүн)—ЖҮНДЕСТІК (жүн басқан), денеде жүннің көп өсіп кетуі, Атрихоз — денеде жүннің болмауы.

ГИПЕРТРОФИЯ

(hypertrophia; hyper — аса, тым + trophe — қоректену) —тканьдардың шектен тыс үлкеюі. Мыс.: гипертрофия ауруында жүрек 1 кг-ға дейін үлкейеді. Бір бүйректі сылып тастағанда екіншісі едәуір үлкейіп жоқ бүйрек қызметін қоса атқарады — бұл ВИКАРЛЫ (vicarus — орын басу) гипертрофия.

ГИПЕРХРОМАТОЗ

(hyperchromatosis; hyper—аса, тым+chroma — түр, түс+osis — сырқат)—клетка ядроларының негізгі бояулармен (гематоксидин және т. б.) жақсы боялу қабілеті. Мыс.: ісік клеткаларының ядролары гематоксилинмен өте жақсы (қанык) боялады.

ГИПОКСИЯ

(hypoxia; hypo —төмен; oxygenum, oxys —оттегі)—қанда оттегі мөлшерінің азаюы. Мыс.; жүректің созылмалы сырқаттарындағы Г.

ГИПОПЛАЗИЯ

—(недоразвития органа или части тела — hypo­plasia; hypo — төменірек; plaseo — түзілу)—ШАЛА ДАМУ, кейбір ағзалардың немесе дененің бір бөлігінің шала дамуымен сипатталатын тума кемістік.

ГИПОСПАДИЯ

(hypospadia; hypo+spadon — саңылау) — несеп жолының ең төменгі (сыртқы) бөлігінің жоқтығымен сипатталатын тума кеңістік. Сол үшін несеп жолының сыртқы тесігі әр жерге (кейде ұмаға) ашылады.

ГИПОСТАЗ

(hypostasis.; гипо+stasis — іркілу, тоқтап тұру) — қанның дененің төменгі жақтарына жиналып қалуы. Мыс.: өліктік гипостаз қанның жүрек қызметі тоқтағаннан соң өз салмағына байланысты өліктің төменгі бөліктеріне жиналып қалуы.

ГИПОТРОФИЯ

(hypotropia; гипо+trophe — қоректену) — қоректенудің ұзақ уақыт жөнді болмауына байланысты баланың азып кетуі. Мыс.: баланың туылу мерзіміне сәйкес келетін салмақтан аз салмакпен туылуын тума Г. деп атайды.

ГИПОФУНКЦИЯ

(hypofunctio; hypo —төмен; tunctio —әрекет)—ағзалар қызметінің (күшінің) төмендеуі.

ГИРСУТИЗМ

(hirsutismus; hirsutus — жүндес) — әйелдерде сақал-мұрт шығуымен сипатталатын сырқат. Мыс.: Иценко-Кушинг синдромында осы белгілер пайда болады.

ГИСТИОН

(histion; histio — ткань) — дәнекер тканьнің құрылымдық қызметтік бірлігі.

ГИСТИОЦИТОЗ

(histiocytosis; histiocytus — мононуклеарлы фагоциттаушы жүйенің клеткасы; osis —дерт)—бірядролы фагоциттаушы жүйе клеткаларының (гистоциттердің) көбейіп бір жерге топталуымен сипатталатын патология, олар көбінесе ісіктер тобына жатады.

ГИСТОГЕМАТИЧЕСКИЙ БАРЬЕР

(histos — ткань; һаеmа — қан) — қан мен ткань арасындағы бөгет қызметін атқаратын қорғаушы-реттеуші механизмдердің жалпы аты. Мыс.: аэрогематический барьер — ауа мен қан арасындағы (өкпедегі) бөгет; гематоэнцефалический барьер — ми мен қан арасындағы бөгет.

ГИСТОГЕНЕЗ

(histogenesis; гисто — genesis — шығу тегі, даму) — тканьдардың онтогенездегі (ұрық кезеңіндегі) дамуы. Әрбір ағзаның өзіне тән гистогенезі бар. ІСІК ГИСТОГЕНЕЗІ дегенде ісіктің даму кезеңдерін түсінеміз.

ГЛАНДУЛОЦИТ

(glandulocytus; glandula — без; kytos — клетка) — бездің секрет (сөл) бөліп шығаратын клеткасы.

ГЛИКОГЕНОЗ

(glykogenosis; glycogenum — глюкоза полимері) — гликогеннін, түзілуінің бұзылуы нәтижесінде пайда болатын тума сырқаттар. Оларға: Гирке, Помпе, Форбс және т. б. сырқаттар кіреді.

ГЛИКОКАЛИКС

(glycocalyx; glykos — тәтті, шырын, calyx — тостағанша) — плазмалеммамен тығыз байланысқан майда талшықты гликопротеидті зат, ол клетканың бетін жауып жатады.

ГЛИОГРАНУЛЕМА

(gliogranuloma; glia — желім; granulae — дән; oma—ісік) — ми тканінде продуктивті қабыну нәтижесінде пайда болған глиа клеткаларынан түзілген түйіншелер.

ГЛОМЕРУЛИТ

(glomerulitis; glomerulus)— шумақ; itis — ка- быну) — бүйрек шумақтарының қабынуы.

ГЛОМЕРУЛОГИАЛИНОЗ

(glomerulogyalinosis)—бүйрек шумақтарының гиалинозы.

ГЛОМЕРУЛОНЕФРИТ

(glomerulonephritis; nephr — бүйрек; itis — қабыну)—бүйрек шумақтарының екіжақты, көбінесе иммунды қабынуы.

ГЛОМЕРУЛОПАТИЯ

(glomerulopathia; бүйрек шумақтары + pathia— дерт)—бүйрек шумақтарының зақымдануымен сипатталушы сырқаттардың жалпы аты.

ГЛОССИТ

(glossitis; glossa — тіл)—тілдің қабынуы.

ГНИЕНИЕ

(putrefactio; putrefiere — шіріту) — ШІРУ, органикалық заттардың, негізінен белоктардың, шірітуші микроорганизмдер әсерінде бұзылуы, соның нәтижесінде улы және сасық заттардың — путресциндердің пайда болуы.

ГОМЕОСТАЗ

(homeostasis; homos — бірдей, сол сияқты; sta­sis тоқтау, қатып қалу)—ТҰРАҚТЫЛЫК, организмнің өз ішкі ортасының тұрақтылығын сақтау қабілеті. Ауруға байланысты ол бұзылады, жазылғанда қайта қалпына келеді.

ГРАНУЛЕМА

(granuloma; granulum — дән; oma — ісік) — шекараланған қабыну ошағы, ол қабыну компоненттерінің ішінде пролиферация процесі үстем болғанда пайда болып, негізінен мононуклеарлы фагоциттаушы жүйе клеткаларынан түзілген. Мыс.: Ревматизмдік гранулема. Туберкулезге тән қабынуда көптеген ағзаларда тары дәніндей ошақтар табылады. Осы аттың келіп шығуы алғашында туберкулез қабынуына байланысты болса керек.

ГРАНУЛОЦИТ

(granulocytus; granulum —түйіршік; kytos—клетка) — цитоплазмасында арнайы түйіршіктері бар ақ қан элементтері. Сол түйіршіктердің боялуына (реңіне) қарап эозинофилді, базофилді, нейтрофилді деп бөлінеді.

ГРАНУЛЯЦИОННАЯ ТКАНЬ

(granulum — түйіршік)—грануляциялы ткань әр түрлі жарақаттардың, жараның бітуі кезінде пайда болатын жас дәнекер ткань. Ол жерде капилляр қан тамырларының көп болуы нәтижесінде жараның беті түйіршіктеніп турады. Жас дәнекер ткань жетіліп, кейінірек оның орнында тыртық пайда болады.

ГРЫЖА

(hernia — өсінді)—ЖАРЫҚ, ішкі ағзалардың тері астына немесе ішкі қуыстарға ет арасындағы тума немесе туылғаннан соң пайда болған саңылаулар арқылы бұлтиып шығып тұруы.

ГУММА

(gumma; gummi — желім) — ортасы қою желім тәрізді, некрозға ұшыраған, мерезге тән гранулема. Гуммалар—сүйекте, бауырда, ми тканьдарында және т. б. жерлерде пайда болып олардың көлденеңі бірнеше см-ге жетеді. Ми тканінің гуммалары клиникада ісік белгілерімен көрінеді.

— Д —

ДЕКАЛЬЦИНАЦИЯ

(decalcinatio) — КАЛЬЦИЙСІЗДЕНУ. 1) сүйектердің әр түрлі дерт нәтижесінде өз құрамындағы кальцийді жоғалтуы. Мыс.: қалқанша без маңындағы бездердің патологиясына байланысты дамитын остеодистрофия; 2) сүйектерді морфологиялық жолмен зерттеу үшін күшті қышқылдар әсерінде әдейі кальцийсіздендіру әдісі.

ДЕКОМПЕНСАЦИЯ

(decompensatio; de — құрту; compensatio — орнын толтыру) — бүкіл организмнің немесе жеке ағзаның қалыпты қызметінің бұзылуы (қайта қалпына келмеуі). Мыс., жүрек декомпенсациясы ревматизмдік ауруларда, жүрек инфарктында, жүректің тума кемістіктерінде дамиды.

ДЕКОМПОЗИЦИЯ

(decompositio; de —жоқ; compositio — құрастыру) — ЫДЫРАУ. Мыс.: липопротеидті кешендердің ыдырауы нәтижесінде клеткада май және белок тамшыларының пайда болуы бұл құбылыс паренхималы дамуының негізгі себептерінің бірі.

ДЕМАРКАЦИЯ

(demarcatio; de — жоқ; marcare — белгілеу)— ІІІЕКАРАЛАНУ, тірі тканьмен өлі ткань арасында пайда болатын шекара. Осы екі арада демаркациялық қабыну дамып некроз процесінің әрі қарай жайылуына жол бермейді. Кейде некрозға ұшыраған ткань осы жерден бөлініп түседі (мутиляция қараңыз).

ДЕНТИКЛЬ

(denticulus; dentis — тіс сөзінен кішірейтіліп алынған) — дентиннен немесе дентин тәрізді тканьнан түзілген тіс ұлпасында жайғасқан қатты заттар. Олар тіс қуысының қабырғасына жабысып тұрады немесе тіс қуысында бос жатады.

ДЕРМАТИТ

(dermatitis; derma — тері) — терінің қабынуы. Мыс.: аллергиялық Д., кәсіптік Д.

ДЕРМАТОМИКОЗЫ

(dermatomycoses) — ДЕРМАТОМИКОЗДАР, саңырауқұлақтар қоздыратын негізінен терінің зақымдануымен сипатталатын сырқаттар.

ДЕРМОИД

(dermoidum; derma — тері, eides — сияқты, ұқсас) — «тері сияқты», дермоид. Мыс.: аналық жыныс безінің дермоидты кистасы. Ісіктің қабырғасы теріге ұқсас құрылымдардан түзілген болып оның ішінде шаш, май (яғни тері қосалқыларының өнімдері) және басқа да заттар табылады.

ДЕСКВАМАЦИЯ

(desquamatio; desquamere — көшіп түсу) — ТҮЛЕУ, эпителийдің сыртқы (беткей) қабатының көшіп түсуі, түлеуі. Ол физиологиялық құбылыс есебінде немесе түрлі дертке, (көбінесе қабынуға, авитаминозға байланысты болуы мүмкін.

ДЕСМОИД

(desmoideum; desmos — байланыс, қосылыс, eides — сияқты, ұқсас) — дәнекер тканьнан өсетін фибромаға ұқсас қатты ісік. Оның негізгі жайғасу орны құрсақтың алдыңғы қабырғасы. Десмоидтың фибромадан өзгешелігі ол айналасындағы тканьдарға өсіп кіре алады, операция жасап сылып тастағанда қайта өсуі мүмкін (рецидив). Көбінесе әйелдерде кездеседі.

ДЕСТРУКТИВНЫЙ

(destructivus; destructere — бұзу) — БҰЗУШЫ, өзініц дамуы кезінде айналасындағы тканьдарды бұзушы процестер. Мыс.: ісіктің айналасындағы тканьды бұза өсуі, желбуаз кезінде жатыр қабырғасының бұзылуы (деструкциясы).

ДЕТРИТ

(detritus; deterere — өшіру, тоздыру)—бұзылған (бүлінген) тканьдардың қалдықтары. Мыс.: туберкулез ошағындағы бұзылған ткань қалдықтары (детрит); некроз аймағындағы өлген тканьдар.

ДЕЦИДУА

(decidua; deciduus — түсіп қалушы) — түсіп қалушы қабат, эндометрийде жүктілік кезінде пайда болатын қабат, ол бала туылған кезде ұрық қабықтарымен бірге бөлініп шығады.

ДЕЦИДУИТ

(deciduitis; decidua — қопарылып түсуші, itis — қабыну) — бала жолдасының децидуалы қабығының қабынуы.

ДИАГНОЗ

(diagnosis — анықтау) — ауру анықтамасы. Ауру ауруханаға алғашқы диагнозбен жіберіледі. Ауруханада жан жақты тексеруден өткеннен кейін барып КЛИНИКАЛЬІҚ ДИАГНОЗ қойылады.

ДИАГНОЗ ПАТОЛОГОАНАТОМИЧЕСКИЙ

— патологиялық анатомиялық диагноз деп мүрдені ашып көргеннен кейін аурудың түрін, ауру адамның өлу себептерін анықтап беруші, сырқаттардың халықаралық жіктелуіне негізделген, медициналық қорытындыны айтады. Патологиялық анатомиялық диагноз негізгі сырқаттарды, оның асқыну түрлерін және қосалқы сырқаттарды өз ішіне алады.

ДИАПЕДЕЗ

(diapedesis; dia — арқылы, pedao— секіру) — қан элементтерінің капиллярлар мен майда веналар қабырғасы арқылы қоршаған ортаға шығуы. Мыс.: қабыну ошағына лейкоциттердің шығуы (диапедезі); қан құйылу ошақтарындағы эритроциттер диапедезі.

ДИАРЕЯ

(diarrhoea; diarrheo — ағу)—ІШ КЕТУ. Ол асқорыту жүйесінің әсіресе іш ауруларының белгілерінің бірі. Мыс.: дизентерия үшін қанды-жалқақты ішкету тән болса, холерада бөлініп шыққан заттар қайнатылған күріш суын еске түсіреді.

ДИАТЕЗ

(diathesis; diatheso — бейімділік)—организм реактивтілігінің кейбір патологиялық құбылыстарға бейімділігімен сипатталатын ерекше бір түрі. Мыс.: ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ДИАТЕЗ— дененің қанталауға (қан құйылуға) бейімділігімен сипатталады. ЭКССУДАТИВТІ ДИАТЕЗДЕ организмде экссудация құбылысы басым болып балалардың бетінде, денесінде сулы бөртпелер пайда болады.

ДИЗОНТОГЕНЕЗ

(dysontogenesis; dys — бұзылу; ontos — тіршілік, genesis — шығу тегі) — жеке организмнің дамуының бұзылуы. Бұл негізінен ұрық дамуының алғашқы айларында болатын құбылыс. Осы кезеңде дамуы бұзылған немесе тоқтап қалған тканьдар кейін ісік өсіп шығу көзі болуы мүмкін. Мыс.: дизонтогенезді ісіктер.

ДИЗОСТОЗ

(dystosis; dys — бұзылуы; os — сүйек; osis — қабынуға байланысты болмаған патологиялық құбылыстар) — сүйек дамуының бұзылуымен сипатталатын сүйек жүйесінің тума, тұқым қуалаушы сырқаты. Мыс.: ОСТЕОПЕТРОЗ (тума остеосклероз) үшін сүйек түзілуінің сүйектің қайта сорылуына қарағанда басым болуы тән. Осыған байланысты сүйектер қалыңдап, олардың қуысы тарылады, сүйек майы бірте-бірте сүйек-шеміршек тканьнымен алмасады, қалыңдаған сүйектер мәрмәрдай ақ, морт сынғыш болады.

ДИЛЯТАЦИЯ

(dilatatio; di-latere» — кеңею) — ҚЕҢЕЮ. Мыс.: жүректің жүрек тонусының немесе ет қабатының әлсіреуі нәтижесінде кеңеюі. Кеңейген жерде (мыс. қолқада) пайда болған тромбтарды дилятациялық тромбтар деп атайды.

ДИПЛОПАГУС

(diplopagus; diplos — қосарлы, егіз; pagere — түйреу, тығу)—тең компоненттерден тұратын, бір-біріне жабысқан, егіздер. Бұл тума кемістіктер қатарына жатып, ұрық дамуының бластогенез кезенінде бұзылуынан пайда болады.

ДИПЛОХЕЙРИЯ

(diplocheiria; diplos — қосарлы; сһеіг — қол) — ҚОС БАРМАҚ, тума кемістік.

ДИСБАКТЕРИОЗ

(dysbakteriosis; dys — бұзылу, bacteria — бактерия, osis — сырқат) — организмнің қалыпты микрофлорасының өзгеруі. Мыс.: ішек дисбактериозында ішек таяқшаларының саны азайып олардың басқа патогенді микроорганизмдерге қарсы күресу мүмкіндігі шекараланады, осыған байланысты әр түрлі ішек сырқаттары пайда болады. Бұл жағдай әдетте антибиотиктерді тиімді қолданбағанда туындайды.

ДИСЛОКАЦИЯ МОЗГА

(dyslocatio cerebri; dys — бұзылу, locatio — орын) — ми дислокациясы, мидың өз орнынан жылжуы. Миға қан құйылғанда, ми ісіктерінде, ми ткані ісінгенде мидың үлкен желке тесігіне қарай жылжуына байланысты ми сабағының сол тесікке барып кептеліп қалуы. Осы жердегі сопақша мида қан айналу, тыныс алу орталықтары жайғасқандықтан ауру тез арада өліп қалады.

ДИСПЛАЗИЯ

(dysplasia; dys — бұзылу; plaseo түзілу) — ДҰРЫС ДАМЫМАУ. Мыс.: қан тамырларының дұрыс дамымауы. Онкологияда Д. термині регенерация құбылысының бұзылуы салдарыман туындайтын ісік алды өзгерістерді белгілеу үшін қолданылады.

ДИСПРОТЕИНОЗЫ

(dysproteinosis; dys — бұзылу, proteinum — бслок+osis) —Диспротеиноздар, белокты дистрофиялардың жалпы аты.

ДИССЕМИНАЦИЯ

(disseminatio; disseminare — шашу, тарату)—ТАРАЛУ. Белгілі бір патологиялық құбылыстың алғашқы орнынан бүкіл организмге таралып кетуі. Мыс.: таралған туберкулез дегенде туберкулездің бір ошақтан қан, лимфа жолдары арқылы бүкіл денеге таралып кетуін түсінеміз. Сепсистің негізінде де инфекцияның бір ошақтан бүкіл организмге жайылуы жатады.

ДИСТОПИЯ

(dystopia; dys — бұзылу; topos — орын) — жеке клеткалардың, тканьдардың, ағзалардың өздеріне жат орынға ауысуы. Мыс.: бүйректердің дистопиясында бүйректер өз орындарына біраз төменде жайғасады. Қалқанша без дистопиясы дегенде онын, тілде немесе көкірек қуысында табылуын түсінеміз.

ДИСТРОФИЯ

(dystrophia; dys — бұзылу; trophe — қоректену) — зат алмасуының бұзылуын анықтаушы морфологиялық термин. Мыс.: белокты, майлы Д. паренхималық Д. және т. б.

ДИФТЕРИЧЕСКОЕ ВОСПАЛЕНИЕ

(diphthere — тері сияқты қабық)—ДИФТЕРАЛЫҚ, қабыну. Бұл фибринозды қабынудың бір түрі болып фибриннен түзілген қабыктың астында жатқан тканьдармен өте берік ұстасуымен сипатталады. Мыс.: тоқ ішектің дифтералық қабынуы (дифтералық колит),

ДИФФУЗНЫЙ

(diffusus; diffundere — тарату, шашырату) — диффузиялы (таралған), белгілі бір шекарасы жоқ. Мыс.: Д. кардиосклероз.

ДИФФУЗНАЯ ЭНДОКРИННАЯ СИСТЕМА

(АРУД — система). (АРУД — amine precorsor uptake and decarboxylation — аминдерді және оның ізашарларын обып алу және карбоксилсіздендіру). Көптеген ағзаларда кездесетін эндокринді клеткалар тобы. Олар үшін тән жалпы қасиеттерге: нейрондық жотадан келіп шығуы, биогенді аминдерді бөліп шығаруы және оларды карбоксилсіздендіруі (декарбоксилирование) жатады. Осы топқа энтерохромаффинді клеткалар, панкреастық эндокриноциттер, қалқанша без фолликулаларының айналасындағы С клеткалар, бүйрекүсті безінің қыртысы қабатындағы клеткалар және тканьдық базофилді гранулоциттер («семіз» клеткалар) кіреді.

ДРУЗА

(drusus — ағайын, туысқан, өрме) — шеттері жуандаған жіптер өрмесін елестететін, саңырауқұлақ денесіне тән құрылым. Мыс.: актиномикоз друзасы (денесі) осы саңырауқұлақтың негізгі даму орталығы болады да оның айналасында қабыну процесі өрістейді.

Пікір қалдырыңыз