Босану тазалығы (гигиенасы)

  Жүктілік

Босану — қалыпты физиологиялық процесс. Алайда әр түрлі ауруға шалдығуды болдырмас үшін, әрбір әйел өзі де, нәресте де ұдайы медицина қызметкерлерінің бақылауында болатын, әйел босанатын үйде босануы тиіс. Бұл дер кезінде ауруға шалдығудың алғашқы белгілерін тауып, дереу тиісті шаралар қолдануға, ал қажет болған жағдайда, шұғыл хирургиялық көмек көрсетуге мумкіндік береді. Мұнда әйел босанғаннан кейін толық тыныштық және демалыспен қамтамасыз етіледі.

Босанар алдындағы толғақ басталған жағдайда, әйелді дереу босану үйіне жеткізу керек. Кейде толғақ басталғанға дейін-ақ бала айналасындағы судың кетуі ықтимал. Босану үйіне түскен кезде әрбір әйелдің екі қабаттығына байланысты барлық мағлұматтар жазылған картасы болуы керек, ол әйелдер консультациясында толтырылады.

Әйел босану үйіне келісімен, оны босануға даярлайды (қасаға маңындағы, қолтықтағы жүнін алады, клизма жасайды, сөйтіп, зарарсыздандырылған таза, киім кигізеді). Босанатын әйел дәрігердің қажетті тексеруінен өткеннен кейін, босанар алдындағы немесе босану бөлмесіне жатқызылады.

Босану — әдетте қиын әрі ауыр өтетін бірден-бір физиологиялық процесс. Әйелдерді босануға психопрофилактикалық жағынан даярлаудың егжей-тегжейлі жасалған әдісі — оларға көмекші болып табылатын практикада ауруды басатын негізгі басты әдіске айналды және ол біздің елімізде ғана емес, одан тысқары елдерде де кеңінен танылып отыр.

Психопрофилактикалық дайындық әйелді босанар алдындағы үрей, қорқыныштан құтқарумен қатар, босану процесін де едәуір жеңілдетеді, ол аурудың алдын алып, басады, босанудың бүкіл барысына дұрыс ықпал етеді.

Босанудың психопрофилактикалық дайындығы

Психопрофилактиканың негізгі құрамдас бөлігі — акушерлік тұрғыдан алғанда қажетті және әйелдің ақыл-ойын жұмылдыратын, босану кезінде тұрақты қолданылатын тәсілдер жүйесіндегі арнайы сабақтарда екі қабат әйелдерді үйрету болып табылады.

Бірінші сабақта екі қабат әйелге оның жыныс ағзаларының анатомиялық құрылысы, екі қабаттыққа байланысты әйелдер организмінде болып жататын өзгерістер жайында қысқаша мағлұматтар беріледі, сонымен қатар мұның барлығы да босанудың дұрыс өтуін қамтамасыз ететіндігін атап көрсетеді.

Бала көтеріп, туудың физиологиялық табиғи процесс екендігі айтылып, босанудың үш кезеңі жайлы түсінік беріледі. Дәрігер екі қабат әйелдерді босанудың алғы кезеңдегі ерекшеліктерімен таныстырады, босанатын әйелдерде болатын түйсік туралы әңгімелейді, толғақ және оның ұзақтығы мен тұрақтылығы жайлы айтады.

Осыдан кейін босанудың алғашқы кезеңінде әйелдің жыныс ағзаларында өтетін процестерді түсіндіреді, жатыр алқымының ашылуына байланысты өтетін өзгерістердің физиологиялық сипаты атап көрсетіледі және ұрық қабы, қағанақ суының атқаратын қызметін түсіндіреді.

Босанудың белгілі бір шамада күш жұмсау арқылы өтетініне назар аударады. Сондықтан да әйел босанар қарсаңда күш-қуатын сақтап, оны шешуші мезгіл — баланың дүниеге келу шағына жұмсауы қажет. Ол үшін босанарда өзін байсалды ұстап, медицина қызметкерлерінің нұсқауын сөзсіз орындауы тиіс.

Екінші сабақта толғақ ұстаған кезде және босанудың бүкіл бірінші кезеңінде әйел өзін қалай ұстау керек екендігі түсіндіріледі. Екі қабат әйелдер, босанудың дұрыс өтуіне жағдай жасайтын және ауырсыну түйсіктерін басатын дене қимылдары жаттығуларының комплексіне үйретіледі:

  1. Тыныш жатады.
  2. Толғақ ұстаған кезде біркелкі күш түсірмей терең тыныс алады. Босанар кезде бұлай тыныс алудың әйел организмі үшін ерекше маңызы бар, өйткені соның нәтижесінде бұлшық еттердің қарқынды жұмыс істеуі үшін және баланың тіршілігі үшін қажетті оттегі қан мен тканьдерге көп мөлшерде барады.
  3. Екі қол саусақтарының ұшымен іштің төменгі жағын жайлап сипауды тыныс алу мен тыныс шығаруға ұштастыра отырып, кіндік тұстан бастап, қасағаның үстімен жоғары- төмен сипау керек.
  4. Сегізкөз-бел тұстың сыртынан сипауды тыныс алумен ұштастыру керек.
  5. Алдыңғы-жоғары қаңқа-шеміршегінің мықын сүйегі қырының жоғарғы терісін және сегізкөздің қиылысқан жерін сыртынан басып-қысу керек. Алдыңғы-жоғары қаңқа- шеміршекті басып-қысқан кезде алақан жамбас тұсында болады да, басып-қысу бармақтың ұшымен орындалады. Сегізкөздің қиылысқан жерінің сыртын басып-қысу бармақтың ұшымен орындалады. Сегізкөздің қиылысқан жерінің сыртын басып-қысу босанатын әйелдің саусақтарын жұмып, беліне қою арқылы жасалады.
  6. Неше рет толғақ қысқанын санау керек. Толғақтардың аралығында мүмкіндігіне қарай дем алып қалған дұрыс.

Жоғарыда келтірілген тәсілдерді екі қабат әйел жақсы игеріп, медицина қызметкерлері көрсеткендей, белгілі бір тиянақтылықпен орындауы керек. Екінші сабақтың соңында босану кезінде ауырсынып-қиналуды күшейтетін себептерді (қорқыныш, көңіл-күйдің мазасыздығы, қуықтың толып кетуі және т. б.) түсіндіреді, бұл себептер, егер босанатын әйел өзін тыныш, дұрыс ұстаса өзінен-өзі басылатынын атап көрсетеді.

Үшінші сабақта екі қабат әйелдер, бірінші және екінші кезеңдегі босанудың барысымен, сондай-ақ жас босанатын әйелге тән түйсіктермен танысады. Босанудың бастапқы және соңғы кезеңінде жас босанатын әйелге тиімді жағдай ұсынылады. Екі қабат әйелдер күшенген кезде тыныс алуды кідіртуге жаттығады.

Күшенудің тиімділігін арттыру үшін, босанатын әйел терең дем алғаннан кейін демін 10— 15 секундтай ұстап, кідіртуге, тиісті екендігі түсіндіріледі, әрбір толғақ сайын 2—3 рет қайталай отырып, сол уақыттың ішінде ол бұлшық еттердің еркімен ұлғайып, күшеюіне жағдай жасайды.

Баланың басы шығар кезде босанатын әйел дұрыс тыныс алып, күшенуді азайту үшін барлық бұлшық еттерді босаңсытуға үйретіледі. Екі қабат әйелдер, босанғаннан кейінгі кезеңмен, оның ұзақтығымен және онда болатын толғақтың сипатымен таныстырылады. Төртінші сабақ, үшінші сабақ тәрізді жүргізіледі.

Бесінші сабақ босанудың екінші кезеңі бойынша жүргізіледі. Босанудың екінші кезеңінің басында және күшену әрекеті күшейген кезде болатын түйсіктер жөнінде түсінік беріледі. Екінші кезеңді ойдағыдай өткізу үшін, дұрыс күшенудің қажеттігі атап көрсетіледі.

Тәсілдер ретінде арқасымен ыңғайлы жату және бар күшін жұмсап дұрыс күшенуді орындау пайдаланылады; мұнда белін көтереді, аяғын дұрыс, нық қойып, қолдарын екі жаққа бос жібереді. Баланың басы шығар мезгілде дем шығарып, қол-аяқ бұлшық еттерін босатуды есепке ала отырып, еркін дем алу әрекеті жүргізіледі.

Қорытындылаушы алтыншы сабақта босануға даярланатын, екі қабат әйел ана ретінде қуанышқа бөленетін сәттер жайында әсерлі (эмоционалды) нұсқау алады.

Балалы болу — жаңа, қуанышты да тамаша мазмұнымен отбасы өмірін байытатын үлкен оқиға. Осы сабақта бала босанатын үй туралы, босанарда әйелге жасалатын іс-әрекеттер, бірқалыпты тамақтану, мезгілінде дәрет сындырып, қуықты және ішек-қарынды босату жайында міндетті түрде айту қажет.

Сабақ уақытында консультацияда шартты түрде жаңадан жасалған байланысты есте сақтау үшін, екі қабат әйелдің өзі үйренген тәсілдерді үйде қайталауын ұсыну қажет. Мұндай сабақтарды екі қабат болған сайын қайталау қажет.

Гимнастикамен ұштастырыла жүргізілген психопрофилактикалық дайындық екі қабаттықтың, босанудың және босанудан кейінгі кезеңнің ойдағыдай болып, дұрыс өтуіне әсер етеді.

Жүкті әйелдер гигиенасы. Әйел организмі құрылысының ерекшеліктері.

Босанудан кейінгі кезеңдегі әйелдің тазалығы (гигиена).

Жүктілік кезде жасалатын жалпы гигиеналық шаралар.

Босанғаннан кейін емшекке дақ түсірмеу шаралары.

Пікір қалдырыңыз