Босанудан кейінгі әйелдің тазалығы

  Жүктілік

Босанудан кейінгі кезең босанған әйелден бала жолдасы түскен соң басталады және ол 6—8 аптаға жуық уақытқа созылады. Осы кезеңде, әсіресе босанғаннан кейінгі алғашқы күндері, жыныс органдарын аса таза ұстаудың ерекше маңызы бар.

Өйткені босанғаннан кейін жатырдың жоғарғы жағы жарақаттанып, қанап қалады да, қынапта және жыныс органдарының сырт жағында — сызаттар, жаралар пайда болып оған микробтар түсіп, ауруға шалдықтыруы мүмкін. Босанғаннан кейінгі алғашқы күндері жатырдан қанды зат, содан соң қанды ірің, ал ең соңында сары су ағады.

Босану үйінде бала туғаннан кейінгі ауруды болдырмас үшін барлық шаралар қолданылады. Әйелдердің жыныс ағзаларының сырты күніне бірнеше рет жуылады, жалаңаш денеге киетін іш киімдер мен төсек-орындарды зарарсыздандырады. Босанушы әйелдің өзі қашанда өте ұқыпты болуы керек, жыныс ағзаларына инфекция (зиянды микробтар) түсіріп алмас үшін, оған қолын ешбір жақындатуына болмайды.

Туғаннан кейінгі кезең бірқалыпты өткен жағдайда, жарақаттанған жер әдетте, 7—8-ші күндері жазыла бастайды да, туғаннан кейінгі кезеңнің 20—21-ші күндері толық жазылады. Осы уақыттың ішінде инфекцияның ішке ену қаупі едәуір кемиді. Босанған әйелдің температурасын күніне екі рет өлшейді.

Бала туғаннан кейінгі температура кейде, әдеттегіден жоғары болуы ықтимал. Алайда, мұндай бір дүркін немесе екі дүркін температураның көтерілуі аурудың бар екендігін білдірмейді.

Босану кезіндегі қосалқы көмектің жақсаруына байланысты, соңғы жылдары бала туғаннан кейін болатын инфекциялық аурулардың саны күрт азайды. Мұнымен қатар туғаннан кейінгі болатын ауруларды емдеуге жаңа әдістерді енгізу, ауыра қалған жағдайда босанушы әйелдің тез сауығып кетуіне жағдай жасайды.

Босанғаннан кейінгі алғашқы күндері үлкен дәреттің жүрмеуі жиі болады. Осыған байланысты босанушы әйелге, әдетте, үшінші күні сүргі дәрі-дәрмектер береді де, ал одан арғы жерде қажеттігіне қарай, егер еті ыдырамаған болса, клизма жасау белгіленеді. Бала туған әйелдің ішек-қарынының, сондай-ақ бүкіл организмінің дұрыс қызметін анықтау үшін, тиісті тағамдармен тамақтанып, физкультурамен шұғылданудың және мүмкіндігінше ерте тұрудың маңызы зор.

Сондықтан егер еті ыдырамай дұрыс босанса, әйелге бірінші күннің өзінде-ақ жамбасымен қозғалуға, ал екінші күні орнынан тұрып, жүруге рұқсат етіледі. Босанған әйелді 7—8-ші күннен кейін- ақ бала босанатын үйден шығарады.

Өз денесін, төсек-орнын, киімін және бүкіл тұрған жерін таза ұстаудың босанған әйелдің денсаулығы үшін маңызы бар. Демек, шығып келгеннен кейін ана мен бала тұратын бөлменің осыған сәйкес болуы қажет. Бөлмені ұқыптылықпен жинап, еденді, терезе мен есікті жуу керек. Ана үшін де, сондай-ақ жаңа туған нәресте үшін де таза іш-киімдер даярлап, балаға жеке кереует алу керек.

Әйел бала босанатын үйден шыққаннан кейін, бірден көп қимылдап, үй шаруашылығымен айналыспауы тиіс, ол бірнеше күн бойы бірте-бірте үй жағдайына дағдылануы қажет. Егер ана өзін жақсы сезінсе, үйге келгеннен кейін 2—3 күннен соң сыртқа шығуына рұқсат етіледі.

Денесін таза ұстауға ұқыпты қарап, жиі жуынып, іш-киімін жиі ауыстырып тұруы қажет. Үйде, душқа немесе жоғарыдан аққан судың астында тұрып жуыну қажет. Босанудан кейінгі кезең дұрыс өтсе, бір жарым айдан кейін ғана моншаға түсіп, немесе ваннаға барып, жуынуға болады.

Босанған әйел күніне бірнеше рет сабынмен жуынып-шайынуы тиіс. Ол үшін жоғарыдан аққан судың астына алды-артымен тұрып, жуынған дұрыс. Денесін жуып-шаярда алдымен қолын жақсылап сабынмен жуу қажет.

Етеккірі келгендегі сияқты босанғаннан кейінгі кезеңде де беліне гигиеналық мақта- дәке орап жүру керек, оны кір болуына қарай күніне бірнеше рет ауыстырып отыру қажет. Дәрігердің айтуынсыз жыныс ағзасына қайсыбір бүріккішті пайдаланып жуынуға рұқсат етілмейді.

Бала туғаннан кейінгі кезең дұрыс өтсе, жыныс қатынасына 7—8-ші аптадан кейін ғана рұқсат етіледі. Одан ерте жыныс қатынасын жасау зиянды ғана емес, сонымен қатар қауіпті де. Өйткені бала шығатын жолдарға жыныс қатынасы кезінде инфекция түсуі ықтимал. Оған қосымша, ерте жасалған жыныс қатынасы салдарынан қанның көп кетуі мүмкін.

Босанғаннан кейінгі етеккірі 5—6 аптадан соң көрінеді, ал кейде ол баланы емізген барлық кезең ішінде болмайды. Бала босанатын үйден шыққаннан кейін әйелден шымқай қызыл қан көрінетін болса, кешікпей дәрігерге қаралуы қажет.

Жүктілік мерзімін анықтау және екі қабат әйелдерге арналған кеңестер.

Жас аналарға арналған баланы емізуге байланысты кеңестер.

Босанғаннан кейін емшекке дақ түсірмеу шаралары.

Босану тазалығы және әйелдің психопрофилактикалық дайындығы.

Пікір қалдырыңыз