Жүкті әйелдер гигиенасы

  Жүктілік

Өз ғұмырының бүкіл барысында адам ұдайы сыртқы ортаның ықпалында болады. Ауа, су, топырақ, азық-түлік тағамдары, тұрғын үй, ең соңында еңбек жағдайының өзі де адам организміне зиянды немесе пайдалы әсерін тигізіп отырады. Олардың ішінен, халықтың денсаулығын нығайту және әрбір адамның өмірін ұзарту мақсатында ортаның адамға пайдалы жағын зерттеп, алдын ала сақтандыру немесе зиянды факторларды жою мәселесімен медицина ғылымының гигиена деп аталатын саласы айналысады.

Оның бір бөлімі — жүкті әйелдер гигиенасы, ол — әйелдердің екі қабат кезіндегі организмінің құрылыс ерекшеліктері мен қызметін есепке ала отырып, оның түрлі кезеңдеріндегі олардың денсаулықтарын сақтау мәселелерін зерттейді. Екі қабат кезде іштегі бала гигиенасының да үлкен мәні бар, ол үшін ана организмінің өзі сыртқы орта болып табылады.

Қайсыбір гигиеналық шаралардың қажеттілігі мен пайдалылығын жақсы түсіну үшін, әйел организмінің құрылысы мен қызметінің ерекшеліктерін білу қажет. Ең алдымен жыныс мүшелері жайында түсінігі болғаны жақсы, өйткені олардың құрылысы мен қызметіне байланысты әйел өмірінде маңызды роль атқаратын: екі қабаттық, босану, босанғаннан кейінгі кезең тәрізді сәттер болады.

Анатомиялық құрылысы жағынан әйелдер мен ерлер организмінде көптеген ұқсастықтар бар, сонымен қатар кейбір белгілер оларды бір-бірінен ажыратып та тұрады. Әйел организмінің құрылысына тән ерекшелік, ерлермен салыстырғанда олардың бойы аласа және салмағы кем болады.

Сүт бездеріне, қарнына, аяқ- қолдарына майдың жиналуына байланысты денесінің барлық бөлігі жұмыр болып бітеді. Әйелдердің сүйегі майда-жіңішкелеу, кеуде клеткасы қысқалау әрі кеңдеу келеді. Беттеріне, төсіне, қолдары мен аяқтарына, әдетте түк өспейді.

Жамбас сүйектері жіңішке болса, жамбастың өзі жалпақтау және оның қуысы шеңберленген түрде болады. Жамбас сүйектерінің омыртқамен ұштасқан жері еркектердікіне қарағанда төмендеу әрі жалпағырақ келеді. Әйелдерің жамбас құрылысының осындай болуы бала тууға қолайлы жағдай жасайды.

Кейбір әйелдердің жамбасының құрылысы еркектердің жамбасына ұқсас келеді. Оның аумағы кейде тым кішірейген болады. Мұндай өзгерістер бала кезіндегі қатты аурудың салдарынан немесе кейінірек, бүкіл организмнің қалыптасуы барысында жыныс мүшелерінің жетілуі кезеңінде болуы мүмкін.

Мәселен, сәби кезінде рахит (мешел) ауруымен сырқаттану жамбас сүйегінің дұрыс жетілмеуіне әсер етеді де, соның салдарынан жамбас қуысы тарылып қалады. Жамбас қуысының тарлығынан босану қиынға соғады. Жамбас қуысы өте тар болған жағдайда қалыпты, дұрыс босану мүмкін емес.

Сондықтан баланы алу үшін жатырға «кесар кесуі» (баланы ішті жарып алу) деп аталатын операция жасалады. Сонымен қатар жамбас сүйегінің дұрыс жетілмеуіне құнарлы тағаммен толық, жеткілікті тамақтанбау, жыныс мүшелерінің жетілу кезеңіндегі және балалық шақтағы ауыр дене еңбегі себеп болады.

Пікір қалдырыңыз